COVID-19. Жетісуда медициналық жабдықтау ісі 79%-дан 89%-ға дейін артты

Dalanews 19 янв. 2021 12:38 871

Алматы облысы бойынша осы уақытқа дейін коронавирустың 8284 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 6215 адам емделіп шығарылды. Коронавирус инфекциясының белгілері 3268 адамнан анықталған.  Қазіргі таңда облыстағы 617 пациенттің 177-сі инфекциялық бөлімшелерде,  440-ы үйде оқшаулау жағдайында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Соңғы деректер, 18 қаңтар күні облыста 93 жағдай анықталып, тәулігіне өсім – 1,1% құрап отыр деп көрсетуде.

– Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің бақылауында 2472 адам бар. Инфекциялық стационарлар жүктемесінің ұлғаюына байланысты төсек саны 1138-ден 1300-ге дейін артты. Облыстағы медициналық мекемелерде 1300 инфекциялық төсек бар. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін реанимациялық төсек саны 124-тен 135-ке ұлғайтылды, – дейді Алматы облысының бас дәрігері Өмірзақ Ниязбеков.

Коронавируспен күреске барлығы жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа – 8,8 млрд  теңге бөлінген.

Медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды желдету аппараты жұмыс істейді.

Сонымен қатар, облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, оттегі концентраттарының саны 1350 данаға жетті, оксигенотерапиямен қамту 45%-ға жеткізілді.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 26 реанимациялық бөлімше қажетті жабдықтармен жабдықталды. Ондағы төсек-орын саны 96-ны құрап отыр.

Өңір медицинасындағы жаңалықтың бірегейі жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізілуі. Бүгінгі күні, медицина мемекелерінде құны 76 млн теңге тұратын 31 Хай Флу аппараты бар.

Жалпы, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 79%-дан 89%-ға дейін артқан. 180 жедел жәрдем көлігі, сондай-ақ 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Бригадалар саны 205-ке дейін жетті.

– 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Жағдайы ауыр науқастар мен балаларға арналған көпсалалы ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Қажет болған жағдайда 5280 төсек-орын орналастырылады. Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдары мен дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алынды, – деп сөзін сабақтады Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Әбілсейітұлы.

Айта кетейік, облыста 1,3 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры құрылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 41 атауы «INKAR» ЖШС қоймаларына бөлінген. Сондай-ақ, «СК Фармация» арқылы дәріханаларға 63 млн.теңгеге өтінім қалыптастырылды.

Өңірде 10 зертхана жұмыс істейді, онда тәулігіне 6,3 мыңға дейін зертханалық зерттеулер жүргізіледі. 19.01.2021 ж. жағдай бойынша ПТР әдісімен 374 856 адам зертханалық тексеруден өтті. 1 тамыздан бастап облыс бойынша пневмония диагнозымен 1607 адам тіркелді. 366 пациент емделіп шыққан.

Рекомендовать
Последние новости