Бюджет тапшылығы мәселесі: Үкімет сырттан тағы қомақты қарыз ақша тартып жатыр

Кәмшат Тілеухан 13 нояб. 2024 13:19 1347

13 қарашада Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі (АДБ) арасындағы заем жайлы келісімді ратификациялау туралы", сондай-ақ Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы тағы да осындай келісімге қатысты екі заң жобасын қарастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Екі заң жобасы да 2024 жылғы 23 қазандағы Үкімет қаулысымен Мәжіліс қарауына ұсынылған. АДБ-мен арадағы заем жөніндегі келісімге Астанада 2024 жылғы 3 тамызда, ал АИИБ-мен 2024 жылғы 21 тамызда қол қойылған.

Жобаны Мәжілісте таныстырған депутат Савельеваның мәліметінше, АДБ Қазақстанға 52,3 млрд иен, ал АИИБ 52,7 млрд иен (жиынтығында 105 мрд иен немесе $677,5 млн) бөлуді көздеп отыр. Азиялық қаржы ұйымдарының қос қарызды да 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, Қазақстанға 15 жыл мерзімге берілмек.

Савельева атап өткендей, екі қарыздан түсетін қаражат "жоспарлы кезеңдегі республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін тартылып отыр".

Қаржы минисрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 30 трлн 504,8 млрд теңге немесе 120 трлн теңге болатын ЖІӨ көлемінің 22,6% құрайды. Қазақстан Үкіметінің қарызы 28,8 трлн теңге: оның ішінде ішкі борышы – 21 567,6 млрд теңге (75%), сыртқы борыш 7 217,0 млрд теңге (25%) болады.1 қазандағы жағдай бойынша Үкіметтің АДБ мен АИИБ алдындағы жалпы қарызы 970 млрд теңге немесе барлық сыртқы қарыздардың 13,4% көлемін қамтиды.


Рекомендовать
Последние новости