Бишімбаевқа қатысты сотта полицейдің жетонынан видео көрсетілді

Сағыныш Сардарова 08 апр. 2024 17:56 4478

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Процесс барысында оқиға болған күні шақыртуға келген полицейдің жетонынан видео көрсетіліп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот отырысы барысында Салтанат Нүкенованың сіңілісі, сонымен қатар, оқиға болған жерге шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкері мен полиция жауап берді.

Кадрларда полицейлер Бишімбаевтан жауап алып жатқан сәт те көрінеді.

Видеода "таңға дейін ұрыстық" деген дауыстар естіледі.

Жәбірленуші тарап өкілі Айтбек Амангелді видеоға қатысты пікір білдіріп, кадрларда Бишімбаев өзін қалыпты ұстағанын айтады.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.

Ал бүгін Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні не үшін көріпкелге хабарласқанын түсіндірді. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған түні жедел жәрдем шақырудың орнына хабарласқан көріпкел Шымкентте тұрады. 

"Бизнеске қатысты сұрақтарға байланысты хабарласып тұратынмын. Оның медициналық білімі бар-жоғын білмеймін. Оған сенетінмін", - дейді Бишімбаев. 
Сонымен қатар, экс-министр қайғылы оқиға болған түні неліктен басқа қалада жүрген көріпкелге хабарласқанын айтты. 

"Сіз (адвокат - еск.) Салтанат медициналық көмекке зәру болып жатқанда дейсіз. Менің түсінігімде ол (Салтанат - еск.) ұйықтап жатқан болатын. Мен оған (көріпкелге - еск.) сенгенмін деп айттым. Бетінде сол жағында көгеріп тұрған жер үлкейе бастады. Ол қайдан шыққанын сұрайын дедім. Көріпкел "бәрі дұрыс, кешке дейін ұйықтасын, шаршаған ғой" деді", - дейді Бишімбаев.   


Рекомендовать
Последние новости