Бишімбаев пен Байжановқа сот үкімі қашан шығуы мүмкін? - адвокат жауап берді

Қаракөз Амантай 06 мая 2024 12:18 3414

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаев пен экс-министрдің туысы Бақытжан Байжановқа мамыр мерекелерінен кейін үкім шығуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін, 6 мамырда Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөзін айтқаннан кейін судья Айжан Көлбаева үзіліс жариялады. Келесі отырыс 10 мамыр сағат 10.00-де өтеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, келесі рәсімдер – алқабилердің сұрақтарын іріктеу және үкім шығару.

Кулуарларда жәбірленуші тараптың адвокаты сұрақтарды іріктеу қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін айтты.

"Бұл алқабилердің кеңесу бөлмесінде қанша уақыт отыратынына байланысты. Менің ойымша, 10 мамырда жарты күн сұрақтарды дайындауға кетеді. Өйткені сұрақтарды дайындау кезінде қорғаушы тарап пен біздің арамызда дау болатыны анық. Қалай болғанда да, судья оны реттеп отырады, ал қалғанын алқабилер шешеді. Ол сол күні шешім қабылдауы мүмкін немесе сот барысында айтылған материалдарды одан әрі зерттеу үшін уақыт қажет болуы мүмкін. Менің ойымша, оған кемінде бір күн кетеді", – деді Игорь Вранчев.

Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында екі айыпталушы - Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөздерін айтты. Сотта экс-министр Салтанаттың жақындары, өзінің ата-анасы мен балаларынан кешірім сұрады. Сонымен қатар Бишімбаев алқабилерден әділ шешім шығаруды, пропагандаға ілеспеуін сұрады. Ал Байжанов жасаған істері қылмысты жасыру деп есептелетінін білмегенін айтып, марқұмның жақындарынан тағы да кешірім сұрады.


Рекомендовать
Последние новости