Бишімбаев пен Байжанов апелляциялық шағым берді: өтініш қашанға дейін қаралады?

Сағыныш Сардарова 14 июн. 2024 12:01 246508

Біраз уақыт бұрын Бишімбаев пен Байжанов апелляциялық шағым түсіргені белгілі болды. Бүгін Мәжілісте Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина бұл шағым қанша уақытқа дейін қаралуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс кулуарында Жоғарғы сот өкілі сотқа алқабилер қатысса да сотталушылар шағымдана алатынын мәлімдеді.

"Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімге тараптар шағымдана алады. Ол үшін апелляциялық саты бар. Келіспесе, шағымдануға құқылы", - деді сот алқасының төрағасы.

Рахметуллинаның сөзінше, апелляция бір ай ішінде қаралады. Бірақ бұған кейбір жайттар әсер етуі мүмкін.

"Апелляциялық органдар қарауға үлгермей жатқан жағдайларда ұзаруы мүмкін. Мысалы, адвокаттар белгілі бір күндері қатыса алады және т.б. Заң бойынша сотталғандардың апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуы сот тергеуі қайтадан жүргізілген кезде міндетті саналады. Яғни, кейбір қосымша дәлелдемелерді зерттегенде ғана, басқа жағдайларда сотталушының қатысуы қажет екенін немесе қажет емес екенін апелляциялық орган өзі шешеді", - деді ол.

Айта кетейік, Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға сотталған еді.


Рекомендовать
Последние новости