Бишімбаев жалтарып, жазаны жеңілдету әрекетіне көшті ме? Заңгер жауап берді

Сағыныш Сардарова 12 мар. 2024 16:08 8113

Әйелін ұрып өлтірді деген айып тағылған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша кеше алдын ала тыңдау өтті. Экс-министр сот отырысы барысында тосын мәлімдеме жасады. Тіпті ол тағылған айыпты мойындамайтынын да айтты.

Dalanews.kz заңгер Тілеужан Кішкенебаевпен сұхбаттасып, Бишімбаевтың бұл мәлімдемесі нені білдіретінін сұрады.

Экс-шенеунік Бишімбаев кеше Астана сотынан алқа билер, БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық сот өткізуді сұрады.

"Мен айыптаудың мәнін жан-жақты түсіндім. Алайда тағылған айыпты мойындамаймын", – деді күдікті сот залында.

Заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың сөзінше, бұл - жазаны жеңілдету үшін жасалып жатқан әрекет.

"Ол "қасақана істеген жоқпын" деген уәж келтіріп отыр. Яғни ол өзінің жазасын жеңілдетудің әрекетіне көшті. "Өлтіретін ниетім болған жоқ, екеуміз жанжалдасқанымыздың салдарынан" деген секілді келтіргісі келіп жатыр.

Тергеуде сараптамалар жасалады. Ол жерде немен ұрғаны, қай жеріне ұрғаны, адам неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысымен расталады, бәрі зерттеледі. Сараптама қорытындысына сүйене отырып, айып тағады. Қазір адам өлтіру дерегі бойынша тағылған айыпты ол "адам өлтіретін ниетім болған жоқ, абайсызда" дегенге келтіргісі келіп отыр. Өзінің басының амандығы үшін жазаны жеңілдету әрекеті. Кез келген сотталушының істейтін әрекеті ғой.

15 жылдан бері осындай қылмыстарды қарап келе жатырмыз. Көп сотталушы "абайсызда жасадық" деген секілді айтады. Ал шындығында ол қандай затпен ұрса, қай жерінен ұрса, жанды жерінен ұрса, адам өлетінін білді", - дейді ол.

Ал танымал журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында кешегі алдын ала тыңдауды сот емес шоу деп атады.

"Сот емес шоу. Бишімбаевтың сотын тек бақылап отырмын, менен бөлек миллиондаған адам назары осы сотта. Сот залында 100-ден аса адам, пресс залда өзіміздің 80 журналист тағы бар. Дегенмен, ең 1-ші отырыста жұртты шу еткізген 2 нәрсе болды.


1) Бишімбаев: "Мен бұл айыптаулармен келіспеймін, кінәмді мойындамаймын" деді.
2) Бишімбаевтың адвокаттары "Қылмыстық баптан асқан қатыгездікпен дегенді алып тастап, байқаусызда дегенге ауыстыру керек" (деді - еск.).

Шоу енді ғана басталды, сот отырысы әлі ұзаққа созылары анық. Кешегі сотқа марқұм Нүкенованың туыстарын мүлдем қатыстырмады, залға сыймайсыңдар деген желеумен процесті тек монитордан бақылады. Бүгін атышулы сот отырысы 17:00 жалғасады", - деп жазды ол.

Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Рекомендовать
Последние новости