Билік "Нұр Отанның" қолында. Өмір шындығы сол – Айдос Сарым

Dalanews 01 дек. 2020 03:58 1213

Айдос Сарыммен арадағы әңгіме жоғарыдағы тақырыптың төңірегінде ғана өрбіген жоқ. Саясаттанушы алдағы сайлауда билік партиясына дауыс берудің үш себебін атады. Назарбаев мен Қосановтың тарихтағы орнына тоқталып, Тоқаевтың тұлғалық қырына баға берді. Биліктің бірден-бір оппоненті Жанболат Мамайға ағалық ақылын айтты. Оқылық.




 – Неге "Нұр Отан"? Айталық "Ақ жол" немесе күні кеше атауын өзгерткен "Адал" партиясының қатарына қосылуға болмады ма? Бүгінгі жағдайды тұтастай алғанда спектакль деп қарастырсақ, сіз сол спектальдің тілінде сөйлеуге мәжбүр боп отырған жоқсыз ба?

 – Айдос Сарым – «биліктің агенті» деген әңгімелер әбден шаршатты, сондықтан да осы тақырыпты біржола жабайын деген ниет еді.

Жай ғана агент емеспін, билік партиясының мүшесімін, билік ұсынып отырған күн тәртібі мен реформалық бағыттың белсенді қолдаушысымын. Бұл тақырып енді үзілді-кесілді жабылған шығар деп ойлаймын.


Интернетте көз майын тауысып, мені жау қылып, қызыл кеңірдек болған ағайындар енді ентігін басып, басқа шаруаға назар аудара алатын болды. Бұл да бір жетістік.

Ал егер «Адал» мен «Ақ жолға» келетін болсақ, маған олардың тарапынан ешқандай ұсыныс болған жоқ.

– Бұныңызды әзіл-әжуа деп ұғайық. Дегенмен билік партиясына мүше болып, соның сойылын соғуыңызға не себеп болды? Интернетте, әлеуметтік желілерде сан-алуан әңгіме айтылып жатыр. Сол әңгімелерге жауап бере аласыз ба?

– Өз басым интернет пен әлеуметтік желідегі сөздерге желікпеймін, өмірі мен өзегін интернетке тапсырып, әлеуметтік желілерге желікке замандастарымды түсінемін, бірақ онысын мүлдем құптамаймын.

Себебі бүгінгі демагогиялық даурығу, бүгінгі жарылу мен бөлініс, ойбайлап-аттандаған популистік риторика, бүгінгі саяси және әлеуметтік радикализм дәл осы әлеуметтік желілерге қатысты құбылыс деп санаймын. Оның да уақыты өтеді, қызығы кетіп, шыжығы шығады.

Есі дұрыс адам, әсіресе саясатпен айналысып жүргендер Фейсбукта кім не деді, Инстаграмда мен туралы не жазып жатыр деп өмір сүрмеуі тиіс. Әрбір адамның он бес минуттық даңқ пен жиырма минуттік мадаққа иеленетін кезі бүгін. Бірақ өмір, шынайы өмір күннен, аптадан, айдан, жылдан құралады. Интернет пен әлеуметтік желіге жерік болу, айтағымен жүру – өмірлік стратегиядан, принциптен, мүддеден айыра алады.

Жұрттың бәріне бірдей жақсы болу мүмкін емес, оған ұмтылу өзіндік ой, мақсат пен мінездің жоқтығы деп санаймын.


Билік партиясына жақындауымның, оған мүше болуымның бірнеше өзім үшін түсінікті, айқара айқын себебі бар.

Біріншіден, ел мен мемлекеттің жағдайы. Қазақстан үлкен сынақ пен реформалардың алдында тұрған мемлекет. Қазіргі кезең, алдағы сайлау – аса маңызды тарихи кезең болмақ, сынақ пен серпіліс кезеңі болады.

Бұндай шақта «Мен, мен, мен едім» деп жүре бермей, саяси үдерістерге белсене араласу, сол үдерістердің бір бөлігі болғым келеді.

Мәселе, тағы да қайталап айтайын, атақ пен даңқта емес, жақсы болып, жылы сөз естуде емес, керісінше, қажет болса жаман атты атанып, бірақ ел мен мемлекет үшін ауадай қажетті реформаларды іске асыру керек.

Екіншіден, геосаяси жағдай. Қазақстан өз тәуелсіздігінің ең күрделі бір кезеңіне келді. Күн тәртібінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қала ма әлде қала алмай ма деген нақты, өте ауыр мәселе тұр.

Біздің тәуелсіздігіміз, егемендігіміз іштен де, сырттан да қысымға, сынаққа түсіп жатыр. Біз қазіргі кезде жаңа реализм, жаңа геосаяси әлем заманына аяқ бастық.

Бұндай жағдайда қарап жату, әлеуметтік желідегі имиджіңді ойлап жататын кез емес.

Үшіншіден, білетін де боларсыз, бүгінгі мемлекет пен ішкі саясат тізгінін ұстап отырған азаматтардың біразы менің достарым, жолдастарым, әріптестерім.

Тоқсаныншы жылдарда бірге мемлекеттік қызметте жұмыс істедік, қиын-қыстау кезеңдерді бірге бастан өткіздік, мемлекеттік жұмыстың ыстығына күйіп, суығына бірге тоңған азаматтар. Олардың біразы отбасылық достарымыз, ойлас, пікірлес азаматтар. Олардың көбісі еліміздің шынайы патриоттары, олардың елге деген сезімі мен қазаққа деген көзқарасы әлеуметтік желілердегі ешбір азаматтан артық болмаса, кем емес.

Тіпті, керек десеңіз, баяғыда біздер билікті тастап, оппозицияға кеткен кезде де артымнан тас атып, қарғап-сілеген жоқ. Бәрімен демеймін, көптеген азаматтармен ара-қатынасымыз үзіліп көрген жоқ.

Идеялық тұрғыдан келіспесек те, жұмыс бабымен айтысып-тартыссақ та, әлемді, елді ақ пен қара  ғана деп қабылдап, жауласудан аулақ болдық. Бәріміз де бір елдің азаматы, бір қазақтың баласымыз, бүгін айтыссақ та, ел мүддесі үшін болашақта табысатынымызды біліп-сезіп жүрдік.

Бүгін сол кезең келген сияқты.

Соңғы екі-үш жылда талай кездесу, ашық та жабық әңгімелер орын алды. Бүгінгі менің шешімім осы әңгімелердің, мүдделес, армандас, мұраттас адамдардың сырласып-шүйіркелесуінің тікелей нәтижесі деп санаймын.

– Дейтұрғанмен әңгіме көп, сөз көп. Қызды-қыздымен сізді «сатқын» дегендер де жоқ емес...

– Өздеріне ұнаса, айта берсін. Одан менің ештеңем кетіп жатқан жоқ. Саясатпен айналысқан адамның пілдің терісіндей терісі болуы тиіс деп санаймын.

Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций айтқан екен; «Өзіңді кінәлі қылғысы келгендерден сақтан, себебі сені кінәлі ету арқылы сыртыңнан басқарғысы келеді» дегендей ой айтыпты.

Мен осы кезге дейін (он бес жыл бопты) ешбір партияға мүше болған жоқпын, маған ауыр сөз айтып жүргендермен бір ұйымда мүше болған жоқпын, Яғни ондай ниетім де, ондай қажеттілігім де болған жоқ.

Мәселе, керек десеңіз, онда да емес. Мәселе, біздің қоғамдағы радикалдық көзқарастар мен пікірлердің артуында.

Әлеуметтік желіде отырғандардың бастары әбден айналып, өзінен басқа адам, өз пікірінен басқа, өзге пікір жоқ, болмауы тиіс дегенге саятын психологияға ие болды. Өзімен келіспегендерді қарғап-сілеу, жау санау, табалау авторитаризм пен тоталитаризм болмағанда не?


Әлеуметтік желілер демократия құралы емес, керісінше, авторитарлы һәм тоталитарлы технология. Елдің проблемалары шаш етектен, шешілмеген, қордаланған мәселесі жетіп жатыр. Соларды түзеу, жөндеу үшін айтысу да, тартысу да керек, партияларға бірігіп, ұйым болып саяси күрес жүргізу де керек.

Бірақ, саясат үшін өзгені «ата жау», «халық жауы» деп көрсету, көкбеттеніп кектену, ызаланып өштесу ешбір елді жақсылыққа апармаған. Бара-бара бұл мінез, бұл психология, құдай бетін аулақ етсін, азаматтық соғысқа да апаруы ықтимал.

Төте пікрге төзімділік, өзіңді өзгенің орнына қоя білу, яғни эмпатия, тіпті қазақы кішіпейілділік, ізгі мәдениеттен аттамауымыз керек. Әлем, ел, мемлекет тек қана ақ пен қара түстерден құралмайды, құрылуы мүмкін емес. Саясаттың да, жауласудың да аяқталатын кезу болады; елге қауіп төнсе, сырттан я іштен жау шықса, табиғаттың кесапаты келсе, мысалы.

Жалпы алғанда, саясаттың ең үлкені  - бюджет пен заңдар.

Барша әлемде саясаттың барлығы да осылардың айналасында жүріп жатады. Осыларға шынайы ықпал еткің келе ме, жолын тауып, дұрыс әсер ету қажет. Митингі, пикет, мақала жазып, пікір айту – саясат емес, саясаттың құралдары, тәсілдері. Мақсат пен мүдде тәсіл мен құралдан биік тұруы керек.

Жоғарыда айтқандай, елді күрделі, өмірлік реформалар күтіп отыр. Олардың дұрыс жасалып, дұрыс жүргізілуі үшін билікке араласу қажет.

 Ал бүгінгі билік кімнің қолында? «Нұр-Отан» партиясының қолында. Алдағы сайлауда кімнің мүмкіндігі мен есебі артық? Тағы да солай. Бұл табиғи, тарихи факт. Бұл факт біреуге ұнауы немесе ұнамауы мүмкін. Бірақ өмір шындығы мен фактіден аттап кету мүмкін емес.


Бүгінгі өзін «шынайы», «нағыз», «ерекше нағыз», «айрықша шынайы» деп жүрген күштердің жақын арада осы жағдайды өзгерте алатын еш мүмкіндігі жоқ.

Біреуге кектесіп, екіншіге өштескенше бастарын қосып, бір күшке бірігіп, бір партия құрмай олар шынайы билік үшін таласа алмайды.

Әрбір осындай топтың, серкелердің барша қоғамға сөзін өткізіп, «ақ дегеніміз ақ, қара дегеніміз қара» деп сендіре, нандыра алатын күші, беделі, моральдық салмағы мен авторитеті жоқ. Олар үшін дұрысы болып жатқан жағдайдан сабақ алып, көсемшілдікті, менменшілдікті азайтып, біртұтас партия құру...

– Оған мүмкіндік бола ма?

– Міндетті түрде болады. Заң да, заман да өзгеріп жатыр.

– Осы айтып отырғаныңызға толық сенесіз бе?

– Думан, мен бала емеспін, жарты өмірім өтті, әрі кетсе саясат пен қоғамдық сахнада жүретін белсенді жиырма жылым қалған шығар. Егер мен шешім қабылдасам, оны ойланып-толғанып қабылдаймын.

Егер айтып отырғаныма сенбесем, мен де Фейсбукстанда белсеніп отырар ма едім, «аттан», «ойбай», «найзағай» деп!


Негізгі мақсат елді, мемлекетті реформалау, саяси және экономикалық модернизацияны іске асыру. Оның бәрі оңайлықпен келмейді, әрбір тың жаңалық, әрбір жақсылық үшін белсене күресу керек.

Бүгінгі саяси жүйені өзгертіп, оны қоғамға тәуелді қылу, жаңа экономиканың өзегін ашу, жолын тазарту керек.

Бұл үшін кейбір амбицияны, кейбір қарым-қатынастарды, кейбір идеяларды, кейбір ашу-ызаны тоңазатқышқа салып қоюға да болады.

Бүгінгі саяси окоптарымыздан, баррикадалардан шығып, қоғам болып топтасу, ұлт болып ұйысу маңыздырақ. Бәріміз де елден, мемлекеттен биік емеспіз.

Билік митингіден де, әлеуметтік желіден де қорықпайтын жағдайға жетті


– Жақсы, олай болса мынадай сұрақ қойсам; «Нұр Отанның» электораты кім?

– Дәл қазір бір-екі оппозициялық газетті немесе сайтты ашып оқысақ, билік бүгін, бүгін болмаса ертең құлайтын сияқты болып тұрады. Сол газеттер мен сайттарды оқып жүргендер «Нұр-Отанға» ешкім дауыс бермейді, ертең-ақ тарап кететін партия дегенге саятын әңгімелерді көріп қаламыз.

– Олай емес пе?

– Олай емес. Бұл қиял, асыра амбициядан туындаған арман, балама өмір. Әңгіменің шыны мынау: бүгінгі саяси жүйе, саяси билік интернеттегі белсенді топ айтты екен деп, тағын тастап, «Кеңсайға» немесе Пантеонға жорғаламайды.

Тіпті осыдан бір жыл бұрынғымен салыстырғанда билік күшейе түсті, есін жиды, мақсат-мүддесін, стратегиясы мен тактикасын түсінді. Бұл өмірдің қып-қызыл прозасы, шындығы.

Ертең осы билікті бір шыбықпен сыдыртып қуамыз, ертең билікті аламыз деп интернетте немесе диванда жатып алып пост жазып, деміккендер есін жиып, жан-жағына қарасын.

Ең алдымен Фейсбук парақшасына емес, айнаға қарасын, қатарын санасын, жақтасын тапсын. Тіпті бүкіл Фейсбукстанның тұрғыны билікті жақтамайды десек те, олардың саны жалпы қоғам мен халықтың екі-үш пайызынан аспайды.

Ал есесіне, бүгінгі билік митингіден де, пикеттен де, әлеуметтік желіден қорықпайтын жағдайға жетті. Оларға да етін үйретті, олармен жұмыс істеудің тәсілдерін меңгеріп, солардың ішінде белсене жұмыс істей алатын, қоғамдық пікір үшін кез-келген платформада сөз және ой таластыра алатын жағдайға жетті.


Егер осыған дейін әлеуметтік желілер тек оппозицияның жеке-дара алаңы болып есептелсе, бүгін бұлар биліктің де меншігі, биліктің де еншісіне өтті. Шамамен елу де елу.

Алда өтетін сайлаудың басты ерекшелігі – билік партиясы жалпы жұртты аяғынан тік тұрғызып, баршаға бірдей үгіт-насихат жасамайды.

«Нұр-Отан» қазір шынайы партияға айналып келеді. Партия болған соң оның ядролық электораты, негізгі қолдаушы топтары болады.

«Нұр-Отан» жұрт айтқандай тек шенеуніктердің партиясы емес, оның артында бюджет саласы да, бизнес саласы да бар. Пандемия кезінде партия көптеген топтармен жұмыс жасады, оларды өз жағына шығаруға тырысты. Бұның бәрі де алдағы уақытта өз нәтижесін береді.

Назарбаев? Оның атын ешкім өшіре алмайды


 "Нұр Отанның" болашағы бар ма? Назарбаевсыз «Нұр Отанды» қалай елестетесіз?

– «Нұр-Отанның» болашағы ең алдымен оған мүше болған азаматтарға қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде биліктен кетті. Оның саяси және қоғамдық өмірде орны бар, оның саяси және тарихи мұрасы зерделеніп, рухани ой елегінен өтіп жатыр. Сондықтан бүгінгі күні партия да, Қазақстан мемлекеті де жаңа кезеңде өмір сүріп келеді.

Біреуге ұнасын-ұнамасын, соңғы отыз жылымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Оның атын қазақ, Қазақстан тарихынан ешкім де өшіре алмайды.

Отыз жыл, әрине, оңай шаруа емес. Осы отыз жылдың ішінде талай дүние болды, жақсылық та, қиындық та, қиянат та болды. Біздің міндет жақсылықты ғана жекешелендіріп, жамандық пен қиянатты бір адамға не бір топқа тағып тастау емес.

Адамның өмірі тек қуаныштан ғана құрала бермейді, сол сияқты да, елдің және мемлекеттің ғұмыры, болмысы тек жақсылықтан, қуаныштан құралмайды. Өкінішке орай, кейбір дүниені ұғыну, түсініп-түйсіну үшін бізге уақыт, тарихи дистанция қажет.

Өз басым Назарбаевқа немесе Назарбаев құрған мемлекеттік жүйеге тас атамын деп, елге, мемлекетке тас атудан аулақпын. Отыз жылда тек жамандық, немесе тек жақсылық болған жоқ. Бәрі де болды.


Назарбаевты қазақтан, Қазақстаннан бөліп аламыз деп, тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихын жоққа шығара алмаймын.

Бұл менің де жеке-дара тарихым. Осы отыз жылдық тарихта менің де жетістігім, менің де жеңілістерім болды. Бірінен бірін ажырату мүмкін емес! Саясат үшін тарихи нигилизмге, манихейлік көзқарастарға жол беруге болмайды.

– Сіз саяси технологсыз. Сіздің амбицияңыз үшін "Нұр Отанның" мүшелігімен шектелу аз. Ар жағында Мәжілістің төбесі мен мұндалап тұрған секілді солай ма?

– Бұл туралы әңгіме айту ертерек сияқты. Тиісті уақыты келгенде әңгімені жалғастыруға болады.

Популистер мен демагогтар реформа жасай алмайды


– Бұл "Нұр Отан" бұрынғы "Нұр Отанға" қарағанда несімен ерек, несімен өзгеше? Халық осы жолы неге "Нұр Отанға" дауыс беру керек? Осының үш себебін атап өтіңізші.

– Өз басым «Нұр Отанға» үш себеппен дауыс бере аламын.

Біріншіден, бізге күшті, қауқарлы мемлекет керек. Бүгінгі партияны сынаушылардың өз шындығы бар, бірақ саясат тек Назарбаевты қарғаудан, «шал кет» деуден ғана құралмауы тиіс. Ол ерлік те, даңқ та, батырлық та емес. Саясат өзіңе ұнамаған саясатқа қарсы мардымды балама, саяси-экономикалық бағдарламаны қажет етеді.

Ал билікке қарсы сөз айтып, күресіп жүргендердің ұраннан басқа ештеңесін көріп отырған жоқпын. Бұлардікі тек бір адамға деген наразылық пен өшпенділік, демагогия мен популизм.


Ал төңкерді, ал билікке келді, бір-екі-үш деген нақты жоспары жоқ. Алдымен төңкерейік, сосын барлығы да орнығады деу тап-таза ақымақтық.

Оларға сену айналып келгенде мемлекетті әлсірету, оның мүмкіндігін шектеу. Әлсіз мемлекет ештеңе де істей алмайды, өзге ойыншыларға жем болады. Әлсіреген мемлекет жерінен айрылады – оған Грузия, Әзірбайжан, Молдова мен Украина дәлел.

Екіншіден, қазір тек биліктің ғана реформашыл, ұзақ мерзімді жоспары мен оларды іске асыра алатын қауқары мен ниеті бар дер едім.

Ең бастысы бүгінгі биліктің кадрлық, адами потенциалы, қажет болса кез-келген маманды қатарына тартып, жұмысқа қоса алатын потенциалы бар. Популистер мен демагогтар реформа жасай алмайды.

Реформа үшін тұтас күш, мықты билік ауадай қажет. Пашинян, Зеленский сияқты популист саясаткерлер түк те бітіре алмады. Керісінше, қарабет болып жатыр.

Үшіншіден, партия әрбір ауылға, әрбір ауданға, қалаға жеткен жалғыз партия. Бұндай потенциал Қазақстандағы бірде-бір партияда жоқ. Жаңадан құрыламыз, мықтымыз, кереметпіз дейтіндердің бар партияларға татитын, жақындайтын мүмкіндігі де жоқ.

Бізге, болашақта кем дегенде үш-төрт жалпыұлттық, әрбір мәслихат үшін күресе алатын, соған депутат, бақылаушы ұсына алатын, әрбір ауылда өкілі бар жалпыұлттық партиялар керек.

Бүгінгі мақсат «Нұр Отан» партиясын осындай, шынайы, нағыз, өз мүшелеріне тәуелді жалпыұлттық партияға айналдыру. Бар нәрсені құрта салу, сындыра салу үшін асқан көп ақылдың қажеті жоқ. Қиыны барды кәдеге асыру, жоқтан бар жасау, артықты асырып, қателікті мойындап, түзей білу.

Елдік, мемлекеттік реформалардың басты ерекшелігі мен өзегі аты бар, заты жоқ институттарға жан бітіру, ағзасына қан жүргізу. Осыған дейін Қазақстанда тек бір ғана институт жұмыс істеп келсе, ендігі уақытта қалған барша институттарға, оның ішінде партияларға, сайлау институттарына дем беру, оларды шынайы, беделді ойыншыға айналдыру. Бүгін соның мүмкіндігі, уақыты келді.

– Біз өмір сүріп ортаның бүгінгідей қалыпқа келуіне миллиондаған жыл керек болды. Біздегі кей сарапшылар айтып жүрген эволюциялық өзгерісті қанша уақыт күтеміз, қанша буын алмасу керек?

– Қалай десек те, шынайы реформалар біздің буынның несібесі болмақ. Бұл дегеніміз асқан тарихи жауапкершілік, рухани миссия. Жаңадан бері айтып отырған дүниенің барлығы да осы эволюциялық даму дегеннен шығып отыр емес пе?

Мәселе тек сену-сенбеу, нану-нанбау дегенге тіреледі. Әрине, ұзақ жылдар бойы жасалмағандықтан, бүгінгі билікке, билік партиясына сенбейтіндердің саны өсті.


Бірақ, бұрынғыдан бүгінгінің айырмашылығы да бар; бүгін билік реформаға өзі мүдделі.

 

Тоқаев популист пе?


– Бір сұхбатыңызда "шүкіршілдердің өзі әрең шыдап жүр" деген едіңіз. Шүкірбайлардың шыдамы таусылса эволюцияның соңы революцияға ұласып кетпей ме?..

– Өз басым жақын арада революция болады дегенге сенбеймін. Ал бола қойған жағдайда ол революция жақсылыққа апармайтынын, арты ұзақмерзімді бүлік пен қанға ұласатынын анық білемін.

Елімнің, мемлекетімнің бұндай қауіптен, бұндай сұмдық пен сынақтан өткенін қаламаймын. Осыны билікке де, қоғамға да түсіндіруден шаршамаймын. Шәкәрімдей құлазып, далада жалғыз қалмайтынымды да білемін.

Дұрысы – өгізді де  өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын орта жол табу, алтын ортамен жүру. Ол жол реформа мен модернизация жолы. Шынайы саяси, экономикалық, әлеуметтік модернизация жолы. Эволюциялық жол дегеніміз осы.

Бүгінгі күні қоғам тек билік тарабы немесе тек оппозиция тарабы деп екіге жарылып жатқан жоқ. Қоғамда екі жаққа да бүйрегі бұрыла бермейтін көпшілік бар. Сол көпшілік бүгін таңдау үстінде.

Біле-білсем, бұл көпшілік қазір жойқын экспериментке дайын емес, не болса о болсын деуден кеткен сияқты. Керісінше, пандемия бар, әлемде болып жатқан басқа да жағдай мен жағдаяттар бар, орта жолды таңдауға бейім сияқты көрінеді. Мен зерттеген, оқыған әлеуметтік, әлеуметтанушылық зерттеулер осыны меңзейді.

– Мамай сайлауға бойкот жариялады. Бұл бастама сайлауда бақылаушы болуға әзір отырған белсенділігін басып тастамай ма? Жалпы Жанболатты бұлай деуге не итермеледі?

– Оны Жанболат Мамайдың өзінен сұрағаныңыз дұрыс болар. Өз басым кез-келген сайлауға белсене қатысу қажет деп санаймын.

Әлемде болған сайлады бойкоттаудың дүйім көпшілігі іске аспаған. Бұны екі жүзге тарта елдегі саяси бойкотты қарастырған заманауи зерттеулер дәлелдеп жатыр.

– Тоқаев популист пе?

– Тоқаев популист емес, керісінше, жауапкершілігін айқын сезінетін мемлекетшіл, өз дәрежесі мен түсінігіндегі ұлтшыл саясаткер. Табиғаты, тұла-бойы саясаткер, мемлекеттік қайраткер адам дер едім.

Оны әлсіз, құлықсыз деп кекетіп-мұқатып жүргендердің бұған талай көзі жететін болады. Ал әлсіз екен деп қарсы шапқандар оңбай жеңіледі. Осы қызметке лайықты, қажетті парасаты, қаталдығы мен принципшіл мінезі де жетеді.

– Мамай биліктің жобасы ма?

– Бұндай әңгіменің бәрі – саяси сандырақ. Ондай әңгімені тарату қоғамдық ойдың, пікірдің құлазып, конспирологияға бой ұрғанын көрсетеді.

 Өкінішке орай, өзіңе ұнамағанның барлығын жау санау, біреудің агенті, шпионы деу модаға айналып бітті. Бұл ақылдың емес, алжығанның белгісі, ойдың емес, шарасыздықтың, амалсыздықтың көрінісі.


Бұл, Жанболатқа да қатысты әңгіме. Мамай ең алдымен өзіне-өзі жоба. Әрі кетсе әке-шешесінің, одан қалса келіншегінің «жобасы». Оны жау қылып, біреудің агенті не жобасы деуден аулақпын.

Саяси тұрғыдан оған көп сын айта аламын. Ертең жұмысын жандандырып, саяси партия құрып, үлкен жауапкершіліктің не екенін түсінгенін қалаймын. Сол партия болған кезінде риторикасының де, іс-қимылының да эволюцияға түсетінін де сеземін. Сол кезде талай айтысуға да, тартысуға тура келетін шығар. Көз тимесін!

Біздің қоғам Назарбаевқа да, Қосановқа да алғыс айтатын болады


– Шамамен 10-15 жылдан кейін халық кімге алғыс айтатын болады: Қосановқа ма, әлде Назарбаевқа ма?

– Саясат, тарих тек алғыс пен қарғыстан тұрмайды, құралмайды. Шынайы саясаткердің келбеті, образы, болашағы мен тарихы күрделі симбиоздың нәтижесі. Сол сияқты, Нұрсұлтан Назарбаев та қазақ тарихынан өз орнын алады. Оны ешкім де өзіне тиесілі орнынан айыра, ажырата алмайды.

Уақыт өте көптеген көзқарастар мен пікірлер ұмтылады, оның образы өзгереді.

Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін, жерінің тұтастығын, елінің бірлігін қамтамасыз еткен тұлға ретінде тарихқа кіретіні анық. Есесіне, қайшылық пен қателіктерге жол бергені де айтылады.


Мәселе қоғамдық пікірдің қай балансқа тоқталатыны, таразының қай белгіге келіп тоқтайтынында. Тарихи тұлғалар туралы біраз ізденген адам, тарихшы ретінде айтайын; адамзат тарихында пәк, судай таза саясаткер болған емес, болмайтын да шығар. Тарихтан орын алған әрбір басшы туралы көпіртіп, бір тонна компромат тауып шығуға болады.

Мәселе, менің ойымша, басқада. Біздің қоғамда, әсіресе саяси белсенді топ арасында орынсыз популизм мен ұсқынсыз радикализм орын алып келеді. Саяси ригоризм, өзімшілдік, төзімсіздік басым.

Саяси тұлға боламын дейтіндердің менменшілдігі барша әңгімені «Сен кім едің?» мен «Сен не дедің?» дегенге тіреп, содан алыстатпай жатыр. Мүдденің орнына менмендік келіп, мүдде ұмытылып, өкпе-реніш қана қалып жатыр. Тұп-тура бала-бақшаның, мектептің алғашқы сыныптарының әңгімесі болып барады. Саясат жұртқа жылы, домалақ, тәтті сөз айту емес, мүддені табыстыра білу, қажет болса өзің ұнатпайтын, өзіңе ұнамайтын адамдармен мүддені тоғыстырып, діттеген мақсатқа жете білу.

Жақында «Неге?» деген саяси ток-шоуға қатысқан едім. Хабар барысында қазақтың біртуар ұлы, ақын, айтыскер Ринат Зайытов өте жақсы әңгіме айтты; айналып келгенде осында да, қоғамда да ешкім пайғамбар емес, әркімге мін тағуға болады, бізге, барша қоғамға керегі азаматтық бірлік пен рухани амнистия керек деген әңгіме айтты.

Менің ойымша, өте өзекті ұсыныс. Ел болашағы туралы келісімге келіп жатсақ, баршаға бірдей рухани амнистия керек деп ойлаймын. Әркім қателесе алады, тіпті қателесуі керек, кінәсін мойындап, қатарға қосыла алуы тиіс. Бұл, әрине, барша тарапқа бірдей болуы тиіс.

Қорытсақ, біздің қоғам Назарбаевқа да, Қосановқа да шынайы рахметін айтатын кезі болады. Эмоциялар басылады, контекст өзгереді.

 – Қоғам Тазабековке неге сонша өшік? "Тазабеков синдромы" ертең сіздерге де жұғып кетпей ме? «Нұр Отанға» өткеніңізді сатқындыққа балап жатқан ағайынға не дер едіңіз?

– Тазабеков синдромы дегенді естімеппін, шынын айтса. Бәлкім, әлеуметтік желілерде отыр бермегендіктен болар.

Сатқындыққа келер болсақ, мен жоғарыда біраз айтатын нәрсені айттым. Өз басым ұлтымды, мемлекетімді, өз ойым мен парасатымды, білігім мен стратегиялық мақсатымды сатқан емеспін. Осыдан он жыл бұрынғы, жиырма жыл бұрынғы ұлттық ұстанымдарымды айтып, жазып келемін.

Айта беремін, жеткізе беремін. Өзін «демократиялық» деп атайтын тоталитарлы тусовканың, оппозициялық ортаның әңгімесінің барлығы да шындық, барлығы да имани дүние деп айта алмаймын. Керісінше, осы ортаның таяздығы мен менмендігінен шаршадым.

Баяғыда ақын Марина Цветаеваға біреулер; осы Пушкин деген ғұлама ақынымыз барша декабристермен дос болды, көтеріліске неге бірге бармады, олар оны неге жиындарына қатыстырмады дегендей сұрақ қойыпты.

Сонда Цветаева «ненадежность вражды» деп жауап қайтарған екен. Яғни Пушкин көптеген декабристер сияқты мемлекетке, патшаға өлермендей өштеспеген, кектенбеген депті.

Менікі де солай болар, өз басым өзімді жекелеген адамның жауы деп санағым келмейді. Өлсем қолым жағаңда кетсін, біреудің басын шараға салып алдыма әкел деп көрмеппін. Айтысса, принцип үшін, мүдде үшін айтысу керек, күрессе адаммен емес, жүйемен күресу керек. Оның жолдары да, тәсілдері де көп.

Менімен келіспесең, менімен бірге өле-өлгенше жүрмесең, міндетті түрде жаусың, сатқынсың деген позицияны қабылдай алмаймын, қабылдағым келмейді. Біздер банды немесе террористік ұйым немесе діни секта құрып жатқан жоқпыз, салиқалы, парасатты саясат жүргіземіз деп жүрміз.

– "Сарым Тоқаевтың кеңесші болады" деген сыбыс желдей есіп жүр. Анық-қанығын өзіңізден білгіміз келеді?

– Сыбыс дегеннен кейін оны талқылаудың не керегі бар? Ол жай ғана сыбыс.

 – Алдағы сайлаудан соң Парламент қаншалықты жаңарады деп ойлайсыз? Қалғып шұлғыған Косаревтен, былдырлаған Қарағұсова біржолата құтыламыз ба?

– Құтыламыз. Біреуге ұнасын, ұнамасын, парламент те, мәслиахаттар да жасарады, жаңарады. Қазақстан өзгеріп жатыр, дұрыс жаққа өзгереді. Көптеген өзгерістер басталып та кетті, қалғаны үшін арпалысып, айтысу да керек болады. Елдегі өзгеріс бір күнде пайда болмайды, бірақ вектор дұрыс, бетбұрыс бар.

Алдағы Мәжіліс сайлауы, сол сайлау нәтижесінде құрылатын Мәжілістің тарихи орны, тарихи миссиясы бұрынғыдан өзге, мүлдем биік болмақ.

Тағы бір жаңалық, осы сайлау нәтижесінде Қазақстандағы коммунистік саяси бренд өліп, құрдымға кетті. Ендігі міндет коммунизмнің қазаққа жасаған қылмыстарына саяси және құқықтық баға беру.

Әңгімелескен, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости