Билік, Мұхтарды бұлай жеңе алмайсың...

Dalanews 13 июн. 2018 10:22 884

Шетелде бой тасалап жүрген Мұхтар Әблязов тыным табар емес. Биліктің былығын айтыпты кезекті рет. Жүйемен әлеуметтік желі арқылы күресуге көшкен Мұхтар тағы үндеу жасапты деп жазады DalaNews.kz. 

Біз не дейміз? 


«Осылардан (үндеулерден) не ұқтық?

Біріншіден, ол жүйені төңкермей тынбайтынын аңғартып отыр. Бұған біржолата бекінген. Тас түйін сайланған. Оның сценарийі бойынша саяси күрестің соңы қазіргі жүйенің күйреуімен аяқталуы тиіс. 

Ол өзін осы жүйенің көзі тірі жалғыз оппоненті санайды, өйткені. Өзіне осындай миссия жүктелген деп есептейді. 

Бірақ бұл үшін ол билік басына келу керек қой?.. Дəл осы арада оның дүниетанымы  исі  қазақтың мемлекетке, тілге, ділге қатысты ұстанымымен үйлесе ма деген сауал туындайды. Үйлесе ме, шынымен?
Жоқ. Өкінішке орай, жоқ. Үйлеспейді. Оның жазбаларында қазақ туралы бір ауыз сөз жоқ. Бар болған күннің өзінде керағар. Қазақтың мүддесіне қайшы. Қайшы болмаса да, сəйкеспейтін сəттері көп. 

Мұхтар тіл білмейді. Мемлекеттік тілге қатысты көзқарасы түзу екеніне күмəніміз бар. Күні кеше латын тіліне қарсы шықты. Қазақ тіліне қатысты əлеуметтік желіде жазылған жазбаларының бірінде тіл үйренгісі келмейтіндердің таптаурын пікірін қайталады.
Мұхтарға тіл керек емес, анығы. Сол сияқты қазақ мəселесі де Әблязовты соңғы кезекте мазалауы мүмкін. Ол қазақтан сондай алыс адам. Ендеше оның билікке келуінен қазаққа қандай пайда бар?..».

Бұдан бұрынғы Әблязов туралы мақаламызда («Қазақ Әблязовты қолдай ма?» ред.) осындай пікір білдіргеніміз бар еді.

Сарым не дейді? 


Әблязовтың ит терісін басына қаптап, ашық сынап жүрген саясаттанушының бірі – Айдос Сарым

Мұхтардың кезекті үндеуін естіген Сарым қалыс қалуды қаламаған сыңайлы. Ол былай депті:

«Әй, Мұхтар?! 23-інде халыққа тағы да алаңға шығыңдар деп үгіттеп жатқанға ұқсайсың. Бармаймын бұған, басқаларға да осындай кеңес беремін. Неге?

Мұның үш себебі бар.


Біріншіден


Әблязов мен үшін сөзіне жүгінетін, пікірін тыңдайтын абырой-беделі бар тұлғаның санатына жатпайды. Тұлға да емес, тұлға болмаған да. Өзін оппозиция серкесі ретінде көрсеткісі келеді. Ол ешқашан оппозиция көсемі болмаған. Оппозиция оның жекеменшігі емес, әрбірден соң.

Талас тудырмас ақиқат: Мұхтар да қазіргі жүйенің бір бөлшегі. Қазіргі жүйенің жемісі. Оның өзі де қылмыскер.

 Қазіргі билікті сынамас бұрын, алдымен өзінің былықтарын ашып айтсын. Мемлекетті, елді қалай тонағанын көзқарақты қауым жақсы біледі. Мойындау да ерлік. Бірақ, Мұхтардың бойында мұндай қабілет жоқ.

Екіншіден


Әблязовтың үгіт-насихатының бағыты пен бағдары, мақсаты мен мазмұны мүлде ұнамайды маған. Түсініксіз. Түк мәні жоқ популистік ұран.
Қазір ХХІ ғасыр. Ал ол болса не дейді? Тегін білім, тегін медицина, байлардын байлығын тартып алу, тегін үлестіру туралы жалған ұрандарды жалаулатып жүр. Кім сенеді бұған? Мұның орындаларына кім сенеді?

Бір кездері большевиктер де дәл осылай уәде берген. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнатамыз» деген олар. Ақыр соңы не болды? Қаншама күнәсіз бейбақ атылды, соғыс, атыс-шабыс, аштыққа ұласты...

Капиталист Әблязов халықты большевиктердің ұранымен алдамақ па сонда? Әблязов Қазақстанда необольшевизм құрмақ ойы бар ма, қалай?

Үшіншіден


Ең маңыздысы бұл. Мұхтар қазіргі күні халықты 23 маусымда алаңға шығуға жанын салып үгіттеп жатыр. Өзі ит арқасы қиянда, жұмсақ диванда жайғасып отыр құдай біледі. Арандап қалмайық! Алданып қалмайық!

Бұл күн полицейлер мен мемлекеттік қызметкерлер кәсіби мерекесін тойлайтын уақытпен тұспа-тұс келіп тұр. Демек, түсінікті. Мұхтардың мақсаты түсінікті. Ең алдымен арандату. Аңқау халықты полицейлерге айдап салу.
Оның дәл осы күнді таңдауы тегін емес сондықтан да. Халықты полициямен шағыстырып, артын  атысқа, қантөгіске ұластыру ғана. Өзге мұраты жоқ. Құрған жоспары да соған сәйкес келеді.

Абақтыға қамалған, полициямен соқтығысқан кінәсіз халықтың саны неғұрлым көп болған сайын соғұрлым Мұхтардың жаны кіре түседі.

Оның бұған ешбір моральдық құқығы жоқ әрбірден соң. Жердің түбіндегі Парижде отыр аузына келгенді көкіп. Билік пен халықты итше таластырып қойып өзі сырттай бақыламақшы. Билікті қойшы, қарапайым қазақ жапа шегеді бұдан. Айналып келген азабын қазақ тартады, Мұхтар емес.

Ертең сол алаңға шыққандардың арасында біреуі жазатайым болса, оның құнын Мұхтар мойнына ала ма? Өлсе де алмайды. Иә, оның сөзіне, оның ұранына, оның акциясына сенетіндер бар. Көп болуы да мүмкін. Бірақ оларды ойлайтын Әблязов жоқ. Аңғал халықтың көңіл-күйін ұтымды пайдаланып қалғысы келеді. Бар болғаны сол.

Айналып келгенде, өздеріңіз білесіздер. Ешкімнің жолына бөгеу, аузына қақпақ қоя алмаймын. Бірақ, менің ұстаным осы. Мұхтарды қолдамаймын. Ол ұйымдастырған акцияға бармаймын. Басқаларға да осындай кеңес беремін.

Әблязовтың айтқанына алданып қаңғыған оқтың құрбаны болғым келмейді.
АЛ БИЛІК ШЕ?

Биліктің іс-қимылы мүлдем түсініксіз. Әрекет атымен жоқ, анығы. Қорғану бар. Қарсы пікір білдіру жоқ.

Әблязовқа ақпараттық тойтарыс берудің орнына интернетті бұғаттап тастап отыр. Мұхтарды бұлай жеңе алмайсың, билік. Керісінше, ашық саясат ұстан.
Мұхтар сенің былығыңды әшкерелесе, сен Мұхтардың былығын айт. Ол сені сынады ма, сені оны сына. Пікірталас ұйымдастыр.

Митингілерге тыйым салудың орнына, митинг туралы заңыңды өзгерт. Жұмсарт. Халқыңа қарай иіл. Саяси алаңыңды айқара аш.

Әйтпесе ұтыласың. Оңбай ұтыласың. Халыққа іштегі булыққан ашу-ызасын ақтаратын алаң керек. Қазақстанның әрбір қаласында кез-келген адам көтеріліп билікке, жалпы қоғамдағы жағдайға қатысы ой-пікірін білдіре алатын Гайд-парк ауадай қажет қазіргі уақытта.
Жалғыз «Нұр Отанмен» алысқа ұзамайсың. Бәсекеге орын бер. Бір емес, он партия болсын парламентте. Бұдан ұтпасаң, ұтылмайсың.

Иә, Сарым солай дейді.

Саясаттанушы бұған дейін де Әблязовпен күрестегі биліктің қателігін бетіне басқан.

Әблязов та, билік те оңып тұрған жоқ 


«Мен үшін айдан анық екі дүние бар» деген болатын Сарым Фейбсуктегі парақшасында.

«Алғашқысы, Әблязов ұры. Саясатты жамылып, саяси күресті сылтауратып ақтағысы келеді өзін. Ол үшін елдің танкінің табанына тапталғаны, қаңғыған оқтың құрбаны болғаны немесе айыппұл төлеп әбігерге түскені тиімді.
Ол ешкімге заңгер жалдап бермейді. Ешкімді құтқармайды ол. Есесіне Парижде отырып елдің есебінен жарнамасын жасайды.

Екіншісі, Әблязовтың сөзіне сеніп, соңына ергендерді құрықтау қателік. Олар бейбіт митингіге шықты. Біздің полицейлер бұрынғы әдетіне басып, әлгілердің қолына кісен салды. Бұл – ақымақшылық.

Кремльдің парадтары мен митингілеріне кеңпейілдік танытқан билік ұлттық, ішкі мәселеге арналған шеруге неліктен шектеу қоюы тиіс?

Билік пен Әблязовтың арасындағы текетірес қоғамдық-саяси өмірдегі өздігінен болатын табиғи өзгерістерге кедергі келтіруде.

Анығы, билік те, Әблязов та оңып тұрған жоқ. Бірінен бірі өтеді бұлар. Ауруы асқынған екеуінің де. Ал қоғам таңдаудың алдында тұр».  

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости