Билік жерді неге сатпақ болды?

Dalanews 03 мар. 2017 06:21 844

Төңірегіне түгел қарыз адам тығырықтан шығудың жолын іздейді. Қарызды қайтару үшін қарыз алады. Басын тауға да, тасқа да ұрады. Бақсақ, Қазақстанның қазіргі күйі дәл осыған ұқсас. 

Былтырғы жылдың 9 айында біздің елдің сыртқы қарызы 7,6 пайызға өсіпті. Санға шақсақ берешегіміз 165 млрд. доллардан асып жығылған. Ең сорақысы, қарыздың қомақты бөлігі біздің атынан ат үркетін ұлттық компанияларға тиесілі. 

Бірақ, бұлар тұйық, жабық ұйымдар. Біз бұлардың кімге, қанша қарыз екенін біле бермейміз. Сарапшылардың айтуынша, ең қауіптісі осы.
«Ұлттық компаниялар қарызды қайтара алмаған жағдайда оған бюджеттің ақшасы жұмсалады»

дейді экономистер.  

Сіз білесіз бе? 


Ұлттық компаниялардың қарызы – сыртқы қарыздың ең қауіпті түрі. 

Ұлттық банктің хабарлауынша, сыртқы берешегіміздің: 

  • 12,7 млрд. доллары мемлекеттік секторға 

  • 7,5 млрд. доллары банк секторына

  • 54 доллары тікелей инвестициямен байланысты емес салаларға тиесілі. 


Сарапшы Алмас Шүкиннің айтуынша, сыртқы қарыздың қомақты бөлігі мұнай секторына бағытталған инвестициялар мен ұлттық компаниялардың қарызынан құралған. 

Иә, екеуі екі түрлі. Алғашқысы, Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық мұнай компаниялары осындағы еншілес ұйымдарына ақша аударады, бұлар сыртқы қарыз деп есептеледі екен.

«Бірақ, бұл қауіпті емес» дейді Шүкин.

Сарапшының айтуынша, "ұлттық компаниялардың берешегінен қорқу керек…".

– Қазақстанның мемлекеттік берешегі аса көп емес. Біразын жаптық. Жалпы ішкі өнім валюта бағамына қарай өзгеріп отыратынын ескерсек, бұл, шамамен, 140 млрд. доллар. Бірақ, қарыздың да қарызы бар. Қазақстандық компаниялардың коммерциялық берешегін айтам. Бұлар ішкікорпоративтік қарыздар.

Айталық, Қазақстанда Американың Exxon компаниясы мұнай өндіреді. Ол осындағы еншілес компаниясына инвестиция жөнелтеді. Бұл қарыз ретінде рәсімделеді.  Бірақ, бұған алаңдауға негіз жоқ. Себебі, әлемде бар тәжірибе. Қазақстанның сыртқы берешегін осындай көрсеткіштер өсіріп отыр. Сыртқы қарыздың көбейіп жатқанын Қашағанды игерумен байланыстыру қажет. Оның үстіне, қазір Chevron өз жобасын кеңейтудің екінші кезеңін бастап кетті. 
Қарыздың ендігі бір түрі — біздегі ұлттық компаниялардың берешегі. Міне, осыдан қорқу керек. Ең қауіпті қарыз осы.

Бұлар (ұлттық компаниялар) біздің берешегімізді өсіріп жатыр. Оның үстіне, біз олардың қарызды қайдан алғанын, кімнен алғанын біле алмаймыз. 

Сырт көзге әдепкі коммерциялық қарыз боп көріну мүмкін.
Бірақ, ертеңгі күні осы компаниялар қарызын қайтара алмай жатса, бюджеттің ақшасына қол салуға тура келеді,

– дейді Алмас Шүкин.

Ал керек болса! 


Шүкиннің сөзін ұққан боларсыз. Ұлттық компаниялардың қарызын бюджеттің есебінен жабу әбден мүмкін екен. Мүмкін де емес, анық. Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, мұндайды болдырмау үшін ұлттық компаниялардың кіріс-шығыс есебін ашық, жариялы қылу қажет.

Дәл қазір бізді мұнай ғана құтқара алады. Негізгі шығын мемлекет бақылауындағы сектордың үлесіне келетін сыртқы қарызды жабу үшін «қара алтынның» құны өсу керек. Ал бұл әсте Қазақстанға байланысты емес фактор.

– Квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардың іс-әрекетін қадағалау керек. Айтып та, жазып та жүрміз. Олардың бюджеті сараптамадан өтіп, Парламентте бекітулі керек. Солай.

Сыртқы қарыз неге өсіп жатыр? Себебі, ұлттық деген аты бар компанияларды ешкім бақыламайды. Олардың өз заңдары бар. Шаруаны шешудің бірнеше жолы бар. Алғашқысы, мұнай. Құдай қолдап, мұнайдың бағасы өсіп жатса, қарызды «қара алтынның» есебінен жабамыз. Екіншісі, экспорттық тұрғыдан тиімді дайын өнім өндіру. Үшіншісі…айтпақшы, мұны билік жүзеге асырмақ болған – Жер сату, – дейді Спанов.

Қайран мұнай…


Айтпақшы, мұнай секторындағы сыртқы қарыз ретінде жазылған инвестициялар соншалықты қауіпсіз әрі шартты қарыз емес екен. Спанов солай деп отыр.  

– Бұл берешекпен де санасу керек. Мұнай секторынан түскен табыс Қазақстаннан сыртқа шығарылып жатса, бұл экономикаға әсер етпейді деп ойлайсыз ба? Мемлекет сыртқы қарызды бақылағысы бар. Бірақ, бақылауға көнбей тұр. Себебі, биліктің өзі былтыр сырттан 2 млрд. қарыз алды. Бұған квазимемлекеттік (мемлекеттік кәсіпорындар) сектордағы берешекті қосыңыз. Басы істейтін шенеуніктер жағдайымыздың нашар екенін ұғынып отыр. Бәлкім, ақшаны іштен іздеген дұрыс шығар…– дейді Спанов.

Осыдан 17 жыл бұрын 


Сарапшылардың айтуынша,  сонау 2000-шы жылдары мұнайдың құны бар кезде Қазақстанның қарыздыжауып тастауға мүмкіндігі болған. Бірақ, ол тұстары «қара алтынның» ақшасы мемлекет қаражатын қажет ететін басқа салаларға бағытталды.

– Мемлекеттің тікелей қарызы дегеніміз — Халықаралық валюта қоры бағдарламасының аясында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға жұмсалған қаражат. Бұл ескі қарыз.
2000-шы жылдардың ортасында жағдайымых жақсы еді. Берешегімізді өсірмей, жауып тастауға болар еді. Осы арқылы сыртқа қарызы жоқ мемлекеттердің санатына қосылар едік. 

Мұнайдың бағасы шарықтаған жылдары бұдан түскен қаражатты өндірістік емес секторға бағыттадық. «Қара алтынның» ақшасы түрлі шараларға, құрылысқа жұмсалды, – дейді сарапшы. 

Үкіметтің квазимемлекеттік секторды қаржыландыруға реформа жасай ма? Бұл жағын болжау қиын. Айтпақшы, кредит төлейтін кез жақын қалды. Сәуір айынша Қазақстанда берешегінің кезекті траншын төлеуі тиіс. 

Аударған, Думан БЫҚАЙ 


Дереккөз: kaz.365info.kz


Рекомендовать
Последние новости