“Биыл жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін”. Аймағамбетов жекеменшік мектептер мәселесін көтерді

Қаракөз Амантай 06 янв. 2025 12:18 1517

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанның жекеменшік мектептеріндегі  бірқатар мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болса, бүгінгі күні олардың саны 800-ден асқан. Мұның бәрі мектептердегі үш ауысымдық мәселені шешуде зор рөл атқарғанын атап өтті.

“Жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектеп үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Жеке мектептерге әртүрлі көзқарас болуы мүмкін, олардың сапаға қатысты проблемалары да бар, бірақ мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы”, — дейді ол.

Аймағамбетов жеке мектептерге қатысты мәселелерді тізбектеп шықты. Оның сөзінше, мұндай білім ордалары банкрот болудың алдында тұр.

“Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектептер, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.

Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектеп 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады”, - деп қосты Аймағамбетов.

Осы тұста депутат жағдайдың жыл сайын ушығып бара жатқанын алға тартты.

“Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін, - деп қорытындылады сөзін.


Рекомендовать
Последние новости