Биыл Астанада 165 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді

Dalanews 20 окт. 2023 01:31 1018

Бүгінде Астана қаласы жасыл желекке малынған көркімен көз тартатын шаһарға айналып келеді. Биылдың өзінде қаланы көгалдандыруға қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл жайында Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек ақпарат құралдары өкілдеріне рет-ретімен баяндап берді. Осы ретте айрықша атап өтетін жайт, биыл Астана қаласы әкімдігі мен шаһардағы Урбанистика орталығы бас қаланы көгалдандыру бойынша жарғы әзірлеп, бұл бағытта маңызды жұмысты бастап кетті.

Жеңіс Қасымбек мырзаның сөзіне назар аударғанымызда жыл басынан бері елордада 165 қоғамдық кеңістік, яғни, саябақтар, гүлзарлар және желекжолдар салынып, халықтың пайдалануына берілгенін білдік.

– Астана қаласы бойынша аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру маусымы өз мәресіне жетті. Биыл ауқымды жұмыс жүргізілді. Бас-аяғы 165 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) және аула кеңістігі абаттандырылды. Сонымен қатар, бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарастырылған 9 орынға гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер салынатын болады. Мәселен, Айтматов-Сығанақ көшелерінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар салынды. Ал Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Нәтижесінде бұл учаскеде инвестормен бірге қоғамдық кеңістік бой көтерді.

Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайындағы ескі гараждардың орнына қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын жасалды. Аумағы абаттандырылып, ағаш отырғызылды. Ал Көктөбе, 5 мекенжайында бос жердің орнына спорт-ойын аймағы салынды.


Сол сияқты қалада Қ.Мұңайтпасов пен Бейбітшілік көшелерінің бойында жаяу жүргіншілерге арналған бірнеше променад ашылып, «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері жасалды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерлерін біріктірдік. Орталық жағалаудағы тарихи көшелер жаңарып, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар, Ш.Уәлиханов көшесіндегі Кравцов көшесінен С.Сейфуллин көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер кеңістігі абаттандырылды, – деді Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек.

Маңызды жарғыда барлық инстанциялар қамтылған. Оның ішінде өнеркәсіптік және коммерциялық объектілер, тұрғын үй кешендері, сауда және бизнес-орталықтар өкілдері тарапынан сапалы көгалдандыру және осы саладағы мәселелерге ерекше назар аудару мәселесі толық қамтылған десе де болады. Құжатта көгалдандыру жұмысына ережелер, талаптар, нормалар мен ұсыныстар жазылады.

– Мұндай құжат көгалдандыру жоспарын жүйелеуге мүмкіндік беріп, көшелер мен кварталдарды, ішкі аула кеңістіктерін көгалдандыру бойынша стратегиялық көзқарасты қалыптастырады. Біз озық тәжірибелердің бәрін зерттедік, енді оны қолданысқа енгізгіміз келеді. Біз дизайнерлерге, құрылыс салушыларға, коммерциялық, өнеркәсіптік нысандарға маңызды құжатты басшылыққа алуын тапсырып отырған жайымыз бар. Айталық, қазір қалада өнеркәсіптік нысандардан ең үлкен эмиссия бар, бірақ онда көгалдандырудың сапасы жоқ. Сондықтан өнеркәсіп нысандарының да көгалдандыруға белсенді араласуы маңызды, – деді Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Оның айтуынша, көптеген құрылыс салушылар абаттандыруға көңіл бөлмей, өз нысандарын тапсыруға ғана асығады. Ал жарғы бұл жұмысты көгалдандыру тұрғысынан реттеуге мүмкіндік береді. Бұл өнеркәсіптік, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық нысандарға – вокзалдарға, әуежайларға қатысты бар.

– Биыл бір миллионнан астам жасыл кеңістік отырғызылды. Оның ішінде 100 мың жасыл желекті біздің құрылыс салушылар отырғызды. Біз қаланың көгалдандыру жұмысын жүйелеуге мүмкіндік беретін жарғы қабылдауды және келесі жылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Қалада миллионнан астам жасыл желек отырғызуға тырысамыз, – деді Елнар Базыкен. Айтпақшы, Астана қаласын көгалдандыру бойынша ұсыныстар мен идеяларды тұрғындар Урбанистика орталығының centerofurbanism@gmail.com поштасына жібере алады. Бұдан кейін ұсыныстар өңделіп, ескеріледі.


Астананы көгалдандыру Жарғысы көгалдандырудың жалпы стратегиясын қамтитын ережелер мен ұсыныстар жинағы болатыны сөзсіз.  Құжат аясында жасыл желектер, суару жүйелерімен және күтім жұмыстарымен қамтамасыз ету, ағаштар саны бойынша регламент бәрі тайға таңба басқандай көрсетілетін болады. Дәл осында маңызды құжат еліміздегі барлық қалаларға керек десек артық айтқандық болмас еді. Өйткені көп қалаларда көктемде ағаш көшеттерін мемлекет қаржысын бөліп отырғызады. Ал кейіннен жасыл желекке тиісті күтім жасалынбай қурап қалатынын білеміз.  Сондықтан алдағы уақытта Астананың когалдандыру жарғысы еліміз үшін маңызды іс-тәжірибе болайын деп тұр.

Биылғы статистикалық деректерге назар аударсақ, Астанада құрылыс салушылар жасыл желектерді отырғызу ісін 2,5 есеге ұлғайтқанын байқаймыз. Осылайша елордада 100 000-нан астам жасыл желек отырғызылды.

Мамандар Астана қаласының жасыл желектеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп, елорданың бір тұрғынына көгалдандыру алаңы 14 шаршы/метрді құрайтынын анықтапты. Әкімдік алдағы уақытта бұл көрсеткішті бірнеше жыл ішінде 19 шаршы метрге дейін жеткізіп, Астананы жасыл қалаға айналдыруды көздеп отыр.

Рекомендовать
Последние новости