Бурабайда жылу жүйесіне бөлінген қаражатты жымқырған шенеунік сотталды

Қаракөз Амантай 20 июн. 2025 09:44

Бурабай ауданында жылу жүйесіне бөлінген қаржыны жымқырған шенеунік пен мердігер 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты екі айыпталушыға үкім шығарды.

Қылмыс қалай әшкереленді?

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бурабай ауданының прокуратурасы жылыту маусымына дайындыққа бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына талдау жүргізген. Нәтижесінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҚШ) бөлімі мен оған бағынысты ұйымдардың қызметінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) құқық бұзушылық белгілері анықталған.

Лауазымды тұлға мен мердігер сотталды

Анықталған деректер бойынша Бурабай ауданының ТҚШ бөлімінің лауазымды тұлғасы мен мердігер сотқа тартылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жиналған дәлелдер олардың кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен екі айыпталушы да кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаларын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.


Рекомендовать
Последние новости