Бұл - Президентке, жалпыхалықтық референдумға қарсылық: Үкіметтің көксегені не?

Dalanews 17 янв. 2024 10:24 1300

Үкімет пен Мәжілістің арасындағы айқас қызып келеді. Бүгінгі Мәжіліс отырысынан кейін кулуарда Министрлер кабинетінің депутаттар ісіне "араласуына" қатысты ишарасына Айдос Сарым үн қатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бізде де кеше комитет отырысы болды. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға түзету енгізуге қатысты жобаға бірнеше әріптестеріммен бірге, мен де пікірімді білдірдім. Жалпы, депутаттардың заңға түзету енгізіп қана қоймай, алып тастауға да құқығы бар. Бұл орайда, біз өз мүмкіндігімізді толық пайдаланамыз", - деді халық қалаулысы.

Ол Мәжілістің де мемлекеттік орган екенін ескертіп, мәртебесі мен құзыреті бар екенін алға тартты.


"Бізде қоғамдық палата жұмыс істейді. Ол халықтың үніне, наразалығына, сөзіне әркез назар аударады, резонанс тудырған заң жобаларына кез келген оқылымда араласа алады", - деп түсіндірді Айдос Сарым.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтің пайымынша, бір жылдан аз уақыт Парламент өзінің кеңейтілген өкілеттіктерін белсенді пайдалана бастағанын көрсетті. Мәселен, Үкімет бастамаларын қайта қарауға қайтарып, оның орнына өз заң жобаларына бастамашылық жасауда.

"Енді бұрынғыдай емес, депутаттардың өздері заңның авторы бола бастады, оның ішінде ең өзекті әлеуметтік мәселелер – қарыз ауыртпалығы, активтерді қайтару, сыбайлас жемқорлыққа жауапкершілікті арттыру, олигархтардың ықпалын азайту, ойынға тәуелділік пен мемлекеттік компаниялардың монополиясына қарсылық сынды бастамалар бар.

Негізінде әлемнің көптеген елдерінде 80-90 пайыз заңға бастамашы – Парламент, ал Үкімет оны жүзеге асырады. Қалыпты өркениетті қоғамда бұл осылай болуы керек", - дейді халық қалаулысы.

Ол соңғы кездері олигархияның бір бөлігі өз мүдделерін Үкімет арқылы шешуде ықпалын жоғалтып, Мәжіліс қызметіне қатты ашулы екенін алға тартты. Кәсіпкерліктің мүддесін қорғаймыз деген желеумен мақалалар жарияланып, Парламент бастамаларын бақылауға алу керек, ойын ережесін білмейтін, тәжірибесі аз, жас депутаттар көп деген пікір мақсатты түрде қалыптастыруда.

Тұтастай алғанда, демократияны «жойып», заң шығару бастамасын премьер-министрдің қарауына қайтарғылары келеді.

"Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің бүгінгі отырысында Мәжіліс депутаттарының наразылығына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасының нормалары себеп болды. Өйткені, ол құжат депутаттардың өкілеттіктерін шектеуге бағытталған.

Бір қызығы, бұл түзетулердің артында қай шенеунік тұрғанын біле алмадық. Президент Тоқаев ұсынған және жалпыхалықтық референдумда қолдау тапқан саяси реформаларға кім күмән келтіруде?", - деп сауал тастайды Мұрат Әбенов.

Көріп отырғанымыздай, олигополияға бұрынғыдай лоббистік заң жобаларын қайтадан Үкімет арқылы итермелеуге мүмкіндік беріп, саяси реформаларды «артқа айналдыруға», Парламенттің рөлін төмендетуге деген ұмтылыстарын ешкім мойындағысы келмейді.


"Құқықтық актілер туралы заңға ұсынылып отырған түзету «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қайшы келеді.

Заң жобасы ұсыныстарының тұжырымдамалық мазмұнына келетін болсақ, Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – жауапты Үкімет» Қазақстанның саяси жүйесінің формуласын атап көрсетті. Ұсынылып отырған нормалар Үкіметке емес, Парламентке есеп бергізеді, цензураны енгізеді және заң шығару бастамасының тәуелсіз құқығынан айырады", - деп тұжырым жасаған депутат.

Рекомендовать
Последние новости