"Бұл болжам күмәнді". Алдағы үш жылдың бюджет жобасын Сенат қабылдамай, кері қайтарды

Кәмшат Тілеухан 21 нояб. 2024 15:24 333

21 қарашада 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы сенаторлар сынына ұшырап, қайта пысықтау үшін Мәжіліске қайтарылды. "Ауыз күйген үріп ішеді" демекші, Сенаттағылар бұл жолы өткендегі қателігін қайталағысы келмеген болуы керек, заң жобасын мақұлдаудан бас тартты. Олар мұндағы есептер "тым оптимистік сипатқа ие" десті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жалпы, бүгіндері Үкіметтің басты бас ауруына айналған бюджет тапшылығы, негізінен, осы есептен бастау алады. Онда да есепті түзегендер, үнемі нарықтағы оптимистік болжамдарға сүйенеді. Жеме-жемге келгенде, нақтысында пессимистік болжамдар жолды кес-кестеп, турасынан қияды. Мұндайда, цифрлары керіге кетіп өзгеріп шыға келетін бюджетті Үкімет ақырында қалай тартарын білмей, әбден сасады: Ұлттық қорға қол салады, ол аз болса, халықаралық қаржылық ұйымдардан займ сұрап, сыртқа қол жаяды. Иә, биыл тура сондай масқара жағдайлар болып жатыр.

Осыларды ескерген болуы керек, сенаторлар алдымен ЖІӨ көрсеткішіне шүйлікті. Құжатта 2025 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,6% болады деп көрсетілген.

"Бұл болжам күмәнді және көптеген халықаралық сарапшылар оны тым оптимистік деп санайды. Әсіресе, өнеркәсіптік өсім әлсіз, мұнай өндірісінің көлемі төмендеп жатыр. Сондықтан бұл асыра бағалау болады", – деді Сұлтанбек Мәкежанов бұл ретте.

Сондай-ақ депутат бюджет жобасына енгізілген 2025 жылға арналған инфляция дәлізінің 5,5-7,5% аралығындағы сәйкестігіне де күмән келтірді.

"Бюджет шығынының артуы инфляцияның төмендеуін қамтымайды, сондықтан бұл көрсеткіш декларативті болып қалуы әбден мүмкін", - деді ол сезіктене

Салық түсімдері де сенаторлардың көңіліне жақпады. 

"Министрлік тағы да өте оптимистік болжам дайындапты:  15,1 трлн теңге, бұл биылғы жылмен салыстырғанда 3 трлн теңгеге артық. Алайда, биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша КТС бойынша жоспардың орындалуы небәрі 82%, ҚҚС бойынша 70% ғана болды. Сол себепті келесі жылы кірісті 2 трлн теңгеден астамға арттыру жоспарланған еді", – деген Сұлтанбек Мәкежанов салыққа қатысты мәселелердің сыртқы факторларына да егжей-тегжейлі тоқталды. Ал әлемдік нарықтағы жағдайлар бүгінгі таңда мәз емес.

Сенаторлар жылдан жылға өсіп келе жатқан мемлекеттік қарыз және оған қызмет көрсету шығындарына да тоқталды. Ол да қомақты цифрды қамтиды.

"2025 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 2,5 трлн теңгені құрайды, бұл сыни деңгейге жақын", - деді ол.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар, сарапшылар күткендей, ұсынылған өзгерістер мен ескертулердің барлығын ескере отырып, заң жобасын қайта қарау үшін Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Ал сарапшылар, тіпті Жоғары аудиторлық палата да бұған дейін фискальдық дағдарыс белгілері барын,сондай-ақ егер тек бір жылдың бюджетін дұрыстап есептеп, түзей алмасақ жыл сайын үш жылдық бюджетті қабылдаудың не керегі барын Парламент пен Үкіметтің үнемі есіне салып, қателіктерін бетіне басып келеді.


Рекомендовать
Последние новости