Бүгін - Құтқарушылар күні

Кәмшат Тілеухан 19 окт. 2024 10:04 5587

1995 жылы 19 қазанда ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы орталық атқарушы орган ретінде құрылды. Осы күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып табылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтулы датада ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Шыңғыс Әрінов сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Бүгін Сіздердің қызметке деген адалдықтарыңыз бен батылдықтарыңызды бейнелейтін күн. Күнделікті ерліктеріңіз қоғам үшін баға жетпес іс және әрқайсыларыңызды осы үшін мен мақтан тұтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі күрделі қызметтеріңізді жоғары бағалап, Сіздерді әлеуметтік, тұрғын үймен және материалдық-техникалық қамсыздандыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Құтқарушы күні Сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке мен маңызды істеріңізде жетістіктер тілеймін! Еліміздің қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметтеріңіз табысты болсын!", - деді министр Шыңғыс Әрінов

Айта кетсек, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ, оның ішінде 12 мың өрт тіркеледі. ТЖ аймағынан құтқарушылар 8 мың азаматты құтқарады, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды, 4 мың зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіледі. Еліміздің өртке қарсы және құтқару қызметтерінің мамандары өз өмірін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 73 қызметкер қайтыс болды.


Рекомендовать
Последние новости