"БРИКС-тен қалыс қаламыз". Қазақстанның тәуелсіз таңдауына Мәскеудің жауабы қандай болмақ?

Көркем Алдабергенова 26 окт. 2024 12:16 5648

Ресей Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тыйым салғаны белгілі. Кейбір ақпарат құралдары мұндай шешімге Қазақстанның БРИКС-ке қосылудан бас тартуы себеп болғанын жарыса жазуда, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Саммит қарсаңында Қазақстан "БРИКС-тің даму барысын бақылап отырғанын" мәлімдеген.

Мәскеудің президент Тоқаевты қолқалап жатқанына қарамастан, Астана ұйымға кіруге асығар емес. Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда БҰҰ-ға балама жоқ деп мәлімдеген болатын. Сол-ақ Ресей Қазақстаннан келетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің (соның ішінде гүлдер) импортын шектеп тастады. РосПотребнадзордың мәлімдемесіне сәйкес, бұған импорттың құрамынан зиянкес жәндіктердің табылуы себеп болған.

"Қазақстан гүлдердің басым бөлігін Нидерландыдан, Польшадан және Бельгиядан тасымалдайды. Алайда, бұл елдердің құзырлы органдары өнімнің қауіпсіздігін бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді", - делінген хабарламада.

Шешім Ресейдің фитосанитариялық қауіпсіздігін және экспортталатын тауарлардың көлемін шектеу мақсатында, сондай-ақ 2023 және 2024 жылдары гүл өнімдерінден "гүл трипсі" анықталған 43 жағдайға байланысты қабылданданған. "Бұдан келген экономикалық шығын 11,5 миллиард рубльден асып жығылды", - дейді ведомство өкілдері.

"С+5" Орталық Азия зерттеулер орталығының директоры Қуат Домбай пікірінше, Қазақстаннан келетін өсімдік өнімдері мен бидай импортына шектеу Астанаға жасалып жатқан қысымның белгісі және бұл үйреншікті көрініске айналып барады.

"Бұған дейін Кремль терминалдағы техникалық ақауды желеу етіп, Новороссийск теңіз порты арқылы қазақ мұнайының транзитіне бірнеше рет тыйым салған. Бұл екіжақты байланысты шынайылық жоқ екенін көрсетеді. Қазақ мұнайының 80 пайызы Ресей арқылы экспортталады", - деді Қуат Домбай.

Сарапшының пікірінше, Астана үшін Ресейге салынған санкцияларды дәл Батыс талап еткен деңгейде сақтап тұру қиынға соғады.

"Қазақстан өте күрделі экономикалық жағдайда отыр. Ресейге салынған шектеулер бізді де шарпып өтті. Бұрынғы дәстүрлі логистикалық жеткізу жолы үзілген, қазақ қоғамы солтүстік көршінің құбылмалы мінезін жақсы біледі. КСРО ыдырағаннан кейін екі ел - Қазақстан мен Украина - ядролық қарудан бас тартып, Будапешт меморандумына қол қойғанын ескеру керек", - дейді Домбай. 

"Путин БРИКС-ті Ресейдің халықаралық аренадағы ықпалын кеңейтудің құралы ретінде қолданатыны сөзсіз. БРИКС аясында Ресей санкциялар мен батыс елдерінен оқшауланудан құтылып, экономикалық және саяси серіктестіктерді нығайтады. Бұл тұрғыдан алғанда, Путин БРИКС-ті өз мүддесіне пайдалануға тырысады, бірақ ұйым толықтай Ресейдің немесе Путиннің қолындағы құрал емес. БРИКС мүшелері арасында әртүрлі мүдделер бар, ал Қытай мен Үндістан секілді елдердің де бұл ұйымдағы рөлі үлкен", - дейді осы тұста саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ал БРИКС кездесуі Татарстан астанасы Қазанда өтіп жатыр. Кремль айтуынша, бұл ұйым АҚШ пен Батысқа қарсы одақ емес

Ресейлік сарапшылардың пікірінше Батыс елдерінің Путинді оқшаулау жоспары сәтсіз аяқталған. Кремль идеологтарының мәліметінше, БРИКС-ке мүше болуға 30-дан аса ел өтініш берген.

Өз кезегінде Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанды ұйымға қосылуға үгіттеу үстінде.

"БРИКС-ке қосылу біздің оңтүстік көршілерімізге, әсіресе ҰҚШҰ және ЕЭО-ға мүше елдерге пайдасы көп болады. Одаққа мүше болу міндеті тұрған жоқ, бірақ нақты жобаларды іске асыруда ынтымақтасу керек", - дейді Лавров. 

Еске салайық, бұған дейін Президенттің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түскенін айтқан еді. 

Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастыруда.

Қазандағы жиынға қонақ ретінде шақырылған Тоқаев бүгін outreach форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді.

"Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады.

Президент бұған дейін бірнеше рет БҰҰ-ны әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым ретінде атаған болатын. Сондай-ақ осы Ұйымда барлық өзекті халықаралық проблемаларды, соның ішінде әділетті әлемдік тәртіп құруға қатысты мәселелерді талқылау керек деген ұстанымын білдіргені жұртшылыққа мәлім.

Президенттің пікірінше, БҰҰ да кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. Сондықтан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет. БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

Мемлекет басшысы "орта державалардың" мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең ауқымды консультациялары негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды бастау қажет деп есептейді", - деген еді Берік Уәли өз сөзінде.

Айта кетейік, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) – бұл дамушы нарықтарға ие елдерден құрылған экономикалық және саяси ынтымақтастық ұйымы. Алғашында 2000 жылдардың басында БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай) ретінде қалыптасып, 2010 жылы Оңтүстік Африка қосылғаннан кейін БРИКС атауын алды.


Рекомендовать
Последние новости