Бозымбаев пен Жәкішев. Тоқаевқа керек кадрлар

Dalanews 31 янв. 2023 15:47 1182

Қаңтар оқиғасының алдында Назарбаев отбасына жақындығы, қалтасының қалыңдығы бойынша таразының бір басына салсаң саяси салмағы талай шендіні басып кететін фигуралар болған еді.

 

Бозымбаев кезегін күтуде

Қазір олардың біразы саяси салмағынан айрылып, саясаттың сахнасынан қарасын батырды.

Енді бері сәулелі сәтін күтіп, алдағы уақытта саясаттың қара қазанын бұрқ-сарқ қайнату үшін екі қолын ысқылап, елдегі саяси науқандардың толық аяқталуын күтіп отыр.

Солардың бірі һәм бірегейі – Қанат Бозымбаев.

Иә, Назарбаевтың кезінде Бозымбаев саяси мәселелерге көп араласқан жоқ.

Бірақ квазисекторда ірі құрылымдарды басқарып, экономикалық мәселелердің түйінін тарқатуда Бозымбаевтың өзіндік орны болды. Оны ешкім жоққа шығармас.


Бозымбаев тек соңғы жылдары ғана Павлодар, Жамбыл және Алматы облысының әкімі болып, саясаттың қара сорпасын сапыра бастағанда Қаңтар оқиғасы орын алып, тасаға кетуге мәжбүр болды.

 

Айтпақшы...

Бозымбаев «Кегокты» басқарып тұрғанда еліміздің Солтүстігіндегі электр қуатын Солтүстікке жеткізіп, үлкен іс тындырғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

«Кегокты» о баста Мұхтар Әблязов құрып, жұмысын жолға қойған-ды.

Бірақ Әблязов Назарбаевпен сөзге келгеннен кейін «Кегоктың» көсегесін көгерту ісі Бозымбаевқа бұйырды.

Назарбаев режимі кезінде Әбілязовтың соңында қалған дүниені сақтап қалып, жетекші компанияға айналдыру екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа-тұғын.

Айталық, білікті менеджер Мұхтар Жәкішев кезінде «ҚазАтомөндіріс» компаниясын ғаламдық деңгейдегі компанияға айналдырып артынша Назарбаевқа жақпай, абақтыға қамалғанын бәріміз білеміз.

Жәкішев кетсе де, «ҚазАтомөндіріс» оның арқасында халық арасында беделін жоғалтпады. Керек десеңіз, әлі күнге дейін Жәкішев десеңіз «Қазатомөндіріс», «Қазатомөндіріс» десеңіз Жәкішевтың есімі ойға орала кетеді. Сондықтан Жаңа Қазақстанға Жәкішев пен Бозымбаев өте керек кадрлар.  


Ал «Кегок» үшін Әбілязов Жәкішевтей қамқор әке бола алған жоқ. Есесіне мұндай маңызды миссия, яғни, еліміздің электр желілерін дамыту ісі Бозымбаевқа бұйырды.

 

Білікті энергетик

Ол бұл салада табан аудармастан 6-7 жыл жұмыс істеді. Бозымбаевтың «Қазақстанның электр желілерін басқару компаниясын» басқарған жылдары ауыз толтырып айтатында жұмыстар атқарды.

Айталық, Қазақстанның Ұлттық электр желілерін жаңарту ісі, 2004-2009 жылдары 500 кВ электр қуатын тасымалдайтын «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісі тартылғанын айрықша атап айтуға болады. Осы жобаның арқасында еліміздің Оңтүстік облыстары электр тапшылығынан құтылды. Бұдан басқа Мойнақ ГЭС-і салынды.

Кең байтақ Қазақстанның бір шеті мен екінші шетіне электр қуаты еркін жетуі үшін Бозымбаев барын салып жұмыс істеді. Осылайша ол «Кегокты» еліміздегі ең ірі компаниялардың қатарына қосты.

«Кегоктан» кейін Бозымбаев «Самұрық-Қазына» қорында да ат шалдырып, басшылық қызметтерді атқарғанын білеміз.

Жалпы жоғары биліктің эшалонында Бозымбаев өзін энергетика саласы бойынша білікті маман ретінде көрсеткен кадр. Сол себепті ол ҚР Энергетика министрлгін басқарып, біраз жұмыс істегенін де білеміз.

Осы аралықта Бозымбаевтың басшылығымен Қызылордадан бері «Сарыарқа» газ құбыры тартылды. Осы жобаның арқасында қазір Астананың ЖЭС-тері біртіндеп газға көше бастады.

Астана тұрғындарының көмір түтінінен арылуына Бозымбаев та өз үлесінен қосқанын айтуға тиіспіз.


Ол Жамбыл мен Павлодар облысына әкім боп тағайындалғанда өңірдегі энергетика саласында қалыптасқан мәселелердің түйінін тарқату үшін жіберілгенін байқаймыз.

Мәселен, Павлодар облысындағы ірі энергетикалық нысандарды бауырына басқан олигархтармен мемлекет мүддесін қорғау үшін билікке Бозымбаевтың іс-тәжірибесі керек болғаны анық. Осылайша ол білікті энергетик маман деңгейінен көтеріліп, маңызды саяси фигураға айналып келе жатқанда Қаңтар оқиғасы орын алып, көлеңкеге кетуге мәжбүр болды.

 

Қаңтардағы сынақ

Қаңтар оқиғасының алдында Назарбаевтың үрім-бұтағы жаулап алған Алматы облысын басқаруды Тоқаев Бозымбаевқа сеніп тапсырғаны анық.

Қанды қаңтарға қайта оралсақ.

Дәл сол кезеңде ескі жүйенің жанталаса күресуі екі жерде қатты жүргенін байқаймыз. Ең басты күрес Астанадағы Ақордада жүрсе, екінші жанталастың ошағына Алматы мен Алматы облысы айналды.

Ақордадағы күресте Тоқаев табандылық танытып, мемлекеттің іргесін шайқалтпай ұстап қалды. Ал Алматы қаласында Сағынтаев позицияны беріп қойса, Алматы облысында Бозымбаев Назарбаев жандайшаптарына қарсы тұра білді.


Ол халықтың ортасына шығып, ашуға беріліп әйгілі «былапыт» сөзін айтқаны да есімізде. Осылайша ол сын сағатта халықтың ортасында болды. Бозымбаевтың бұл әрекеті алдағы уақытта Ақорда тарапынан сөзсіз бағалануы керек.

Сондықтан Жаңа Қазақстанның саясат сахнасынан Бозымбаев сырт қалды деп сұқ саусақты бүгуге әлі ерте. Алдағы уақытта ол Үкіметті басқаруға лайықты кандидаттардың біріне айналуы мүмкін. Болмаса еліміздегі ең ірі Ұлттық компаниялардың бірін басқару ісі Бозымбаевқа сенім тапсырылуы мүмкін.

Бұл ретте Бозымбаевтың жалайырлығы өз алдына бөлек әңгіме... Ол бірінші кезекте технократ маман. Ал Тоқаев билігі технарларға сусап отырғанын бәріміз білеміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Рекомендовать
Последние новости