Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C-130 типті әскери ұшақ Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі түрік әлеуметтік платформасы NSosyal-да жариялаған хабарламасында мәлім етті.
"Әзербайжаннан біздің елімізге бағыт алған С-130 әскери ұшағымыз Грузия мен Әзербайжан шекарасында құлады. Іздестіру-құтқару жұмыстары Әзербайжан және Грузия биліктерімен үйлестіріле отырып басталды", – делінген хабарламада.
Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Грузия мен Әзербайжан шекарасында құлаған әскери жүк ұшағының сынықтары табылғанын хабарлады. Апаттың себебі ұшақ апаттарын зерттеу жөніндегі комиссия жүргізетін егжей-тегжейлі тергеу нәтижесінде анықталмақ.
"Грузияның іздестіру-құтқару топтары ұшақтың құлаған жеріне жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де жетті. Ұшақтың сынықтары біздің әуеапаттарды тергеу тобының тексеруін жүргізу үшін күзетке алынды. Біздің тергеу тобы сол аймаққа жол тартты. Ұшақтың құлау себебі апат орнында біздің тергеу тобы жүргізетін егжей-тегжейлі тексерістің нәтижесінде анықталады", делінген министрлік мәлімдемесінде.
Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшыраған С-130 әскери ұшағында 20 адамның, соның ішінде экипаж мүшелерінің болғанын хабарлады.
"Құлаған ұшақ бортында экипажды қосқанда 20 адам болған. Ұшақтың құлаған жерінде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда", – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидземен телефон арқылы сөйлесті.
Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, әңгіме барысында Түркия ӘӘК әскери-транспорттық ұшағының Грузияда құлаған жеріндегі іздестіру-құтқару жұмыстарының соңғы барысы талқыланды.
Грузия премьер-министрі Кобахидзе апат салдарынан қаза тапқан түрік әскери қызметкерлеріне байланысты президент Ердоғанға көңіл айтты. Ал Ердоған премьер-министрге білдірген көңілі мен қолдауы үшін алғыс айтқан.
11 қарашада кешкі уақытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия қарулы күштері ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көптеген адамның қайтыс болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, Президент Режеп Тайип Ердоған мен бауырлас түрік халқына көңіл айтты.
