Боқаевтың бір ауыз сөзі шетел басылымын таңғалдырды

Dalanews 04 мар. 2021 02:51 1025

Қазақстандағы митингтер жайлы бүгіндері өз елімізден гөрі шетелде көбірек жазылып, оның жан-жақты талқыланып жатқан жайы бар. Мәселен, 2021 жылдың 1 наурыында Eurasianet.org басылымының тілшісі Джоанна Лиллистің Макс Боқаев жайлы мақаласы жарық көрді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол өз мақаласында Боқаевты Қазақстандағы оппозциялық күштің серкесі ретінде ашуға тырысқан секілді. Дегенмен асығыс қорытынды  жасамас үшін мақаланың сөзбе-сөз аудармасын ұсына кетелік...

...

Бес жылға жуық уақытын темір тордың арғы жағында өткізген Макс Боқаев бостандыққа шыға салысымен, өзінің туған қаласы, Қазақстанның мұнайлы астанасы- Атыраудың басты алаңына тікесінен тартты. Боқаев пен үкімет арасындағы қарама-қайшылықтың бастауы 2016 жылы - дәл осы жерде жер реформаларына қарсы наразылық акциялары кезінде бұрқ еткен еді.

Қазір енді ол сол кезде бастаған ісін қайта жалғастыруға ниетті, бірақ билік оған, әрине жол берсе...

«Соңғы 25 жылдағы Қазақстандағы ең ірі акцияға айналған бүкілхалықтық наразылықты қоздырды» деген айыппен сотталып, 5 жыл жазасын онсыз да өтеп болайын деген уақытта сот белсендіні шартты түрде мерзімінен бұрын босатады.

Сөйтіп 3 жыл бойына Боқаевқа қоғамдық ұйымдарға мүше болуға, әсіресе саяси партиялар құрамына өтуге, митинг немесе азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі топтық, қоғамдық іс-шараларға қатысуға тыйым салынды. Одан бөлек, оның сұхбат беруіне де қақысы жоқ.

Бірақ бостандыққа шыға салысымен, Eurasianet-ке берген сұхбатында ол аузына қақпақ болуға ешкімге жол бермейтінін кесіп айтты.

«Мен төрт жарым жылымды аузымды жауып, түрмеден шығу үшін отырған жоқпын. Егер мен жақ ашпауды жөн санасам, онда түрмеге тоғытылмас та едім», - дейді ол ашына.

Оған қатысты  шектеу шаралары Боқаев пен оның әріптесі Талғат Аянға, сол секілді «жер наразылықтарына» қатысқаны үшін жазасын өтеп жатқан атыраулық адвокатқа қатысты істе, әу бастан, саяси астар бар деген күдік пен күмәнді одан сайын қоюлата түседі.

2019 жылы Аян бостандыққа шықты.

«Қоғамдық қызметке араласуға тыйым салатын үш жылдық шектеу Макс пен Талғат ісінде  саяси астар бар екенін тікелей растайды», - деді құқық қорғаушы Ғалым Ақелеуов Eurasianet.org-қа берген пікірінде.


«Бұл - заңсыз, ол Макстың сөз бостандығы, пікірін ашық айту  құқығын шектейді», - дейді ол.

Боқаев өзін «заңсыз сотталдым» деп санайды, сондықтан да ол «ақылға қонымсыз» бұл шектеулерді елемейтінін айтады.

«Егер мен қажет деп тапсам, өз ойымды кез келген жерде айтамын. Қажет деп тапсам, бейбіт шерулерге де шығамын. Қазақстан Конституциясы мен саяси және азаматтық құқықтар туралы халықаралық пакт шеңберінде әрекет ету құқығымды қалай қолданамын десем, оны өзім білемін», - дейді Боқаевтың өзі де.

Бірінші кезекте Боқаев 28 ақпанда Атыраудағы алаңға қайта шығуды жоспарлаған. Оның айтуынша, осы күні және одан кейінгі барлық демалыс күндері елде саяси реформаларды жүзеге асыруды талап етпекші.

Ол 2019 жылдан бері билік басында отырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету туралы уәдесіне қарамастан тағы бір «қалталы» парламенттің құрылуына әкеліп соққан, қаңтарда өткен сайлауды қайта өткізуді талап етіп үлгерді.

Бұл мойынұсынбаушылық қазіргі үкіметтің шешендік қасиетімен, қарапайым адамдардың мәселесін жетер жеріне жеткізе алатын қабілетімен ерекшеленетін, 47 жастағы харизматикалық және тәжірибелі азаматтық белсенді Боқаевтан неге қорқақтайтынын байқатса керек.

Өз артына кісі ілестіре алатын қабілеті бар оппозициялық көшбасшылар жетіспейтін елде Боқаевтың өзіне тән саяси түйсігі мен халықтың сөзін сөйлеп, олардың ортасында бірге бола білуінің өзі керемет әсер қалдырады.

«Билік қарсыласушыларды басқара алатын ақылды және көпшіл адамдардан қорқады» - дейді Боқаевты 20 жылдан бері білетін Ақелеуов. Оның айтуынша, олар халық қаһарманына айналып, режимге қарсы күресті бастап кетуі ықтимал адамдардың пайда болуынан қатты қорқады.

Боқаевтың түрмеде отырған кезінде өзінің идеологиялық ұстанымдары мен саяси философиясын нақтырақ құрап, оны қарапайым адамдарға түсінікті формаға келтіруге жеткілікті уақыты болды.

Ол демократияның артықшылықтарын сипаттау үшін оны бокспен салыстырады, мәселен.

«Аяғын дұрыс қоймаған боксшы күшті соққы да бере алмайды» деген ол мұны мына жағдайлармен салыстырды:

 «Егер біз еліміз дамысын десек, мұнайдан түскен долларлар ысырап болып, желге ұшпасын десек, құрылысшыларымыз салған үйлер бір жылдан соң құламасын және жаңадан салынған жолдар алғашқы қардан соң шайылып, шұрқ тесік болмасын десек, бізге, ең алдымен, демократиялық институттар, еркін баспасөз қажет, бас қосу еркіндігі керек», - дейді.


...

Боқаев азаматтық қоғам белсендісі ретінде 2000-шы жылдардың басында Атырауда есірткіге қарсы бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысу кезінде алғаш қадам жасады.  Міне, сол кезде ол арнайы қызмет қызметкерлерімен алғашқы шартпа-шұрт қақтығысы орын алды, оның айтуынша, олар Боқаевты өз адамы ретінде тартуға тырысқан.

20 жыл ішінде Боқаев бірнеше рет түрлі бастамаларды қолдап, ел алдына шығып сөз сөйледі, бұл өз кезегінде биліктің шамына тиіп, ашуын туғызды.

Ол саяси еркіндік пен сыйбайлас жемқорлыққа қарсылықтан бастап, өз туған жері Каспийде жұмыс істейтін мұнай компанияларының қоршаған ортаның ластауына дейінгі наразылықтарға қатысты.


Әрине, билік қауіпсіздік күштері ереуілшілерге оқ жаудырған - Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы тәртіпсіздіктерден кейін қамауға алынған мұнайшылардың сот процесіне бақылаушы болып қатысқан Боқаевты қалай байқамай қалсын?!

2016 жылы Аянмен бірге Атыраудағы жер реформаларына қарсы наразылық шарасын ұйымдастырған кезде, тіпті одырайып биліктің ерекше көзіне түсті.  Олар қазақстандық өлшем бойынша бұрын-соңды болмаған адам басын жинап, наразылық акциясын өткізе алды. Сонымен қатар, бұл акция басқаларды бүкіл өңір бойынша осындай демонстрациялар өткізуге шабыт берді.

Реформаларға мұндай қарсылық билікті күтпеген жерден жағадан алғанмен бірдей әсерде болды. Үкімет тек ауылшаруашылығына инвестиция тартуды көздейтіндігін қайта-қайта айтумен болды, бірақ сыни қоғам бұған сенбеді, шенеуніктер сыбайлас жемқорлық схемасын түзіп алып, баяғы әуеніне басып, параға жер үлестіреді деп күмәнданды.

Ақырында билік кері шегініс жасауға мәжбүр болды, сөйтіп бұл реформаның жүзеге асырылуына бес жыл бойына  мораторий жарияланды.

Бірақ, соған қарамастан Боқаев пен Аян наразылық акциясын ұйымдастырушылар ретінде қамауға алынды, биліктің пайымынша, бұл наразылықтың бейбіт көрінісі емес, төңкеріс жасау мақсатындағы сұмдық қастандық-мыс.

...

Осы наразылық акциялары еске түсті ме, әлде Боқаевтың түрмеден шығуы әсер етті ме, әйтеуір өткен аптада Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салатын жаңа заң жобасын дайындауды уәде етті.

2016 жылы шетелдіктер жерді меншіктеу құқығына ие болу үшін заңнан саңылау тауыпты деген ойдың өзі жерді ата-бабасынан аманатқа қалған ең қасиетті және қол сұғылмайтын меншік деп санайтын көптеген қазақстандықтар үшін табандарына шоқ түскендей әсер етіп, үдере көтерілді.

Қытайды жау қып көрсету кеңінен етек алған елде, әрине күдік, ең бірінші соларға түсті. Ертең заң қабылданса, онда шенеуніктер Қытай инвесторларына жерді оңды-солды тарата бастайды деп қауіптенді жұрт. Ал бұл жайт өз кезегінде наразылыққа ұлттық сипат берді.

Сонымен Боқаев, шынымен де ұлтшыл адам ба? Ол шовинистке жатпайды, ал ол өзін халқы үшін қабырғасы қайысып, жанын беруге дайын, «либералды көзқарастары басым» патриотпын деп санайды. Солай айтқанды жөн көреді.

Бостандыққа шыққан ол, сұрай қалсаңыз, жүзеге асыруы тиіс, жоспарлап отырған реформаларын бір демде тізбектеп айтып бере алады.

«Бізге заңның үстемдігі, демократиялық институттар, партиялар қажет, сан алуан партия қатыса алатын заманауи сайлау жүйесі керек, партиялық заңнаманы өзгерту қажет, орталықтан басқарудан арылуымыз тиіс», - дейді ол.


Өз ұстанымынан таймай, оны соңына дейін талап ету ниеті, әрине шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәртібін бұзғаны үшін тағы жазаға кесілу қаупін тудырады.

«Әрине, түрмеге отырғым келмейді. Бірақ, егер біздің елде адам өзінің көзқарасын білдіргені үшін түрмеге тоғытылатын болса, басқа амал нешік, басқа таңдау жоқ», - деді ол Eurasianet-ке.

Джоанна Лиллис,


Eurasianet.org


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости