Болатхан Тайжан: "Сыртқы саясатқа пайдалануға болатын қандастар жұмыссыз жүр"

Dalanews 07 окт. 2019 13:36 938

Саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның әрбір сөзінде ұлтқа деген ұлы ықылас, мемлекетшілдік мүдде мен мұндалап тұратын. Тайжанның осыдан 10 жыл шамасы бұрын берген сұхбаты әлі де өзекті, мұндағы мәселелер әлі де көкейтесті. «Түркістан» басылымында жарық көрген сұхбатты Dalanews.kz ықшамдап оқырман назарына ұсынады. 

Ашығын айтқанда...


Қазақстан мемлекетін қазақ халқының мүддесіне және қазақ мәдениеті мен тарихына сай мемлекет етіп құрсақ дейміз. Бұл – менің арманым, ойым. Бұл  ешқандай дүниежүзілік тәжірибеге қайшы келмейді. Өйткені қай халық болсын өзіне сай мемлекет құрып отыр.

Кейбіреулер Қазақстанда басқа ұлт өкілдерінің тұратындығын көлденең тартып, жалпы Қазақстанды басқа халықтардың ортақ мекені сияқты елестетеді.

Ал менің айтарым, «бұл көп ұлттар өкілдерінің ортақ мекені емес, қазақтың мекені». Бірақ қазақтың мекенінде бізден де басқа ұлттардың өкілдеріне тұра беруіне мүмкіншілік бар. Мен «ұлттардың өкілі» дегенді әдейі айтып отырмын.

Ал қазіргі оппозициядағылар да, биліктегілер де «ұлттар, этностар» деген терминді қолданады.

Шын мәнісінде, Қазақстанда тек бір ғана халық, этнос өмір сүреді, ол – қазақтар. Қалғандары этникалық топтардың өкілдері, басқа ұлттардың диаспоралары.


Әрі біздің айтып жүргеніміз тек қана «қазақ» мақсаты емес, Қазақстандағы саяси жүйені демократияландыру, президенттің өкілеттігін шектеу, президенттің қолындағы құзыр заң шығарушы билік пен атқарушы билікке бөлініп берілуі керек. Оның үстіне, соттарымыз сайлануы керек. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, экономика саласында шикізат шығаратын салалардан басқа, сол шикізатты өндіру, қолдан келген өнімдерді Қазақстанда жасау, өндірістерді дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың салығын жеңілдету, тіпті біраз уақытқа тоқтата тұру арқылы өзіміздің ұлттық капиталымызға демеу жасау.

Сонымен қатар билік болсын, басқа да демократия орнатамыз деуші саяси күштер болсын, барлығы мемлекеттік тілге келгенде жалтақ. Осы орайда біздің қозғалысымыз, «мемлекеттік тіл – қазақ тілін бүкіл Қазақстан азаматтары меңгеруі керек» деген талап қойып, билік осыған құлақ асса деп отыр.

Оның үстіне, қазақ еместер қазақ тілін меңгерумен қатар өз тілдерін де білуі қажет. Өйткені тек қана қазақ тілін білу керек десек ол баяғы орыстандыру саясатының басқа түрі болар еді. Біздің нақты мақсаттарымыз –   осы.

Мүмкін емес


Қазақстанды Ресейдің қол астына қайта енгізу мүмкін емес. Бұндай ой-пікір Мәскеуден шығып жатса да, Қазақстанның өзі сол Орыс империясына жақындасып, қолтығына қайта кіру әрекеттерін жасап жатқаны құпия емес. Ресейлік басылымдарды қарасаңыз, экономика саласын, сауда саласын, басқа саланы алғанда Қазақстан мен Ресей бірігіп алды, енді қалғаны саяси интеграция деп жазады. Оның негізі де жоқ емес. Өйткені біз сауда-саттық экономикалық байланыстарымызды тек Ресейге ғана бұрып жатырмыз. Ақпарат кеңістігінде де солай.

Ресейдің тарапынан Қазақстанның тәуелсіздігіне тіл тигізген кез келген әңгімелерге тойтарыс берілуі қажет.


Саясаттанушылар болсын, саяси биліктегілер болсын, Сыртқы істер министрлігі болсын, екінші рет мұндай әңгіме қайта көтерілмейтіндей шара қолдануы қажет.

 Ресей бұл мінезінен арылмайды


Қазақстанның көрші елдермен және алыстағы мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас жасауы дұрыс. Бірақ та ол қарым-қатынас екі жақты қарым-қатынастың дамуының нәтижесінде жүзеге асуы керек. Ал БЭК, ЕуроАзЭҚ сияқты ұйымдардың барлығы түбінде Ресейдің аузына қарататын жобалар. Бұл жобаларда Ресей басты рөл ойнайды. Оның халқының саны да, экономикалық мүмкіншіліктері де басым екені анық. Бұндай жағдайда қайдағы тең құқықты, тең мүмкіншілікті Одақ туралы айтуға болады.

Демек, Ресеймен екі жаққа да пайдалы экономикалық сауда қарым-қатынасын құруға болады. Ал БЭК секілді Ресеймен бірге одақ құруға, ұйым немесе кеңістік құруға ұмтылудың түп негізі – Ресейге бұрынғы империялық орнын қайтарып берумен бірдей.

Оның үстіне, Ресей бұрын қол астында болған мемлекеттерге тең дәрежеде емес, шовинистік пиғылда көз тастайды.

Еуразия идеясы 1922 жылдан бастау алады. Олардың түп негізі Ресейдің маңайындағы елдерді топтастырып, Ресейдің қол астында ұстау. Ресейдің негізгі арманы – бұрынғы Орыс империясын қайта құру, қалпына келтіру.

Бізде ме? Бізде мінез жоқ


Қырғыздың шоң жазушысы Шыңғыс Айтматов бір газетке берген сұхбатында: «Егер Ресей империясы Орта Азия халықтарын жаулап алмағанда біз Ауғанстанның күйін бастан кешер едік. Бұл ұлт болып, ел болып қалыптаса алмас едік» деген ой айтқан екен.

Бұндай идеяны құлдық психологиядан құтылмаған жандар айтады. Мен Джавахарлал Неру, Гамал Абдунасырлардың заманында өстім. Тіпті кейбіреулерімен тікелей араластым, сұхбаттастым.

Олар өмір бақи «Егер ағылшындар бізді басып алмаса, адам болмас едік» деген идеяны айтпаған. Тіпті соларға қарсы топта болған Махатма Гандидің өзі бұндай идеядағы ойды айтпаған.

Өкінішке қарай, бізде «Орыстардың жаулағанынан мешел қалғанымызды» ашық айтатын адам әлі жоқ. Тек қана орыстар емес, басқа елдерді жаулап алған метрополиялар өздерінің басып алған елдерінің дамуын, гүлденуін ешуақытта арман етпеген.


Олардың басты мақсаты – табиғи байлықтарын және сол елдегі халықтардың еңбегін, күшін пайдалану, былайша айтқанда сору. Егер, өзі жаулаған елінің көркеюі үшін қызмет етсе, онда оларға басқа елдерді жаулап алудың қажеті қанша.

Осыны түсіну керек. Орыстың бізге қатысты саясатын алатын болсақ, бүгін қазақтар кем дегенде 60 миллионға жетуші еді, қазір еліміздегі қазақтың санының 9 миллионға зорға жетуі, бар қазақтың үштен бірінің шетте жүруі ненің салдары? Әрине, империяның салдары.

Орыс империясы түу бастан қазақ халқын құрту саясатын ұстанды. Айталық, жасанды аштықтар, егер дүниежүзінде 2000-нан астам ядролық жарылыстар болса, соның 500-ден астамын Орыс империясы жарды. Соның барлығы Қазақстанда жарылды.

Неге? Өйткені қазақтарды құрту керек болды. Сөйтіп, олар бізді экологиялық апатта қалдырып кетті. Ендеше, Орыс империясының бізге жағымды жақтары болды деп қалай айта аламыз? Империяны ақтау — сандырақ.

Бұндай пікірлерді өзіміздің Олжасымыз да жиі қайталап жүр. Егер де, Қазақстанның билігіне ұлтшылдар келіп, Олжас ол кезге дейін тірі болса, ол сол ұлтшылдардың сойылын соғар еді.

Иә, ол кісі жалтақтығын дәлелдеп отыр.

«Жас тұлпардың» кезінде біз Олжаспен жақсы араласқанбыз. Ол кезде Отанына, халқына жаны ашитындар халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Оның қазақтың мүддесіне сай сарындағы «Аз и Я» кітабын алыңыз, сонымен бірге оның «Тауларды аласартпай, даламызды биіктетейік» деген де сөздері бар. Қазір Қазақстанда қазақтың беделінің төмен екенін көріп, ол билікке жағымпазданып, қазақтарға қарсы сөз айтып жүр.

Билік егер қазақтарды қолдайтын бағыт ұстанса, Олжас олардың алдына түсіп жүгірер еді.

 

Оралмандардың Қазақстанға, қазақ халқына аларынан берері әлдеқайда көп


Қазір, ең бірінші, Қазақстанға оралмандар керек. Халықтың санын көбейту үшін;

екіншіден, қазақтардың салмағын арттыру үшін;

үшіншіден, мәдениетіміздің дамуына;

төртіншіден, жоғары білімді, көзі ашық, шетел тәжірибелерін білетін азаматтардың келуі арқылы интеллектуальдық деңгейіміздің артуы үшін олардың қосар үлесі зор болмақ.

Демек, оралмандардың Қазақстанға, қазақ халқына аларынан берері әлдеқайда көп.

Оралмандар Қазақ мемлекетінің болашағын күшейтуге талпынып келеді. Олар кедейленіп, экономикасы тұралап жатқан елдерден келіп жатқан оралмандар емес. Сондықтан олар Қазақстаннан пана іздеп келіп жатқан жоқ. Керісінше, оның мемлекеттігін нығайтуға үлес қосу мақсатында келуде.

Біз оралмандарды жұмыс күші ретінде дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

Мен сауатты, жақсы оралман мамандардың біразын білем. Солардың көбі 90-жылдардың басында мал бағып кетті. Сондай-ақ сыртқы саясатқа пайдалануға болатын небір білікті мамандар жұмыссыз жүр.

Ал біз ақша шығындап ол мемлекеттерге тіл үйренуге шәкірттер жібереміз. Бірақ олар сол елдің тілін дәл оралмандардай біле алмайды. Демек, оралманға деген дұрыс көзқарастың қалыптаспауы салдарынан, біз оларға жұмыс ретінде емес, ауа көшкендер ретінде баға берудеміз.

Оралманға деген дұрыс көзқарастың болмауы, антиқазақтық көзқарастан туындап отырғаны анық.

Таяқтың бір ұшы сонда барып тіреліп жатыр. Ең алдымен, ұлттық саясатты шешіп алмай, оралманға деген көзқарас оңалады деу қиын.

Қазақ неге наразы?


2006 жылдан бастап Қазақстанда тұрып жатқан тұрғындардың 60%-ын құрайтын қазақ халқы көп жағдайда іштей наразы. Олардың күйініп, ашынып отырған себебі, ең бірінші – экономикалық-әлеуметтік жағдай, олардың жай-күйі түзеліп кетті деп айта алмаймын.

Екіншіден, намысына, мемлекеттілігіне нққсан келтіретін көп жағдайлар бар. Ол тек тілдік жағдай ғана емес. Экологиясы нашар аймақтардың көбі қазақтар тұратын жерлер. Үкіметте, Парламентте отырғандардың қазақша сөйлемегені қазақтың намысына тиеді. Оның үстіне, осындағы қазақ еместердің қазақша үйрену қажеттігін сезінбегені, Қазақстанның мемлекет ретінде тілге қатысты заңдарының орындалмай отырғаны, жерінен айырылып қалғандығы олардың ашу-ызасын тудыруы бек мүмкін.

Құрметті оқырман сайтымыздың ресми басылымы "Қала мен Дала" газетіне жазылуды ұмытпағайсыз!  

На изображении может находиться: 2 человека

 

Рекомендовать
Последние новости