Біз әбден үндемей, билікті жаман үйретіп алғанбыз

Dalanews 29 июн. 2016 04:56 1166

Бүгін Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау өтті.

Жиында сөз сөйлеген жазушы Дулат Исабеков бүгінгі жағдайлар хақында өз ойларын ортаға салып, мәселеден шығудың жолдарын іздеді.

— Осындай жиналыс Қазақстанда неге көбейіп кетті? Ұйқысы қалың қазақ неге оянды? «Оян, қазақ» деп ғасырлар бойы айтып келе жатқанда ояна алмаған халқымыз, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің  100 жыл толған кезде «оянып» жатыр.
Біз әдбен үндемей, билікті жаман үйретіп алғанбыз. Бәрі өзімізден. Мемлекетіміз не істеп жатса да, «елдің мазасын алмайық, тыныштық сақтайық» деп үнсіз отырамыз.

Мына жерде отырған азаматтардың барлығы – қазақтың қаймақтары. Министрліктер бір реформа жасамас бұрын осы кісілерге келіп, қандай ойы бар екенін неге білмейді?
Қазір неге деген сұрақ көбейді. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» дейді Сұлтанмахмұт. Сол айтпақшы бүгін осындай күйге түсіп отырсақ, оған алдымен айтатын кезде үндемей қалған өзіміз кінәліміз.

Біз өтірікке сенген халықпыз. «Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атты» дегенге сенген халықпыз. Яғни, билік осындай адамның басына сыймайтын өтіріктерді айту арқылы Қазақстанды азаматтар төзімділігінің полигонына айналды. «Үш рет атып, өзін өлтірді» дегеннің ар жағында не тұр? «Бұл ұлтқа не айтсаң да көне береді» деген пікір қалыптастыру үшін жасалған шаруа. Тор көйлектің бір тіні кетсе, қайта тоқу керек болады. Қазіргі жағдайымыз сол тор көйлектікіндей болып тұр. Енді не істеу керек? Ойыңды айтайын деп алаңға шықсаң, «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп алып кетеді.
Осының бәрі біздің биліктегі адамдардың оқуды бітіргеннен кейін бір де бір кітап оқымағандығынан. Евтушенконың «Биліктегілер Толстойдың «Қажымұратын» оқығанда Шешенстанға соғысудың қажетсіз екенін білетін еді» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, біздің билік халықтың нені қалап, нені қаламайтынын білмей отыр.

Алда 6 шілде – Президентіміздің туған күні келе жатыр. Сол күнді көшеге шығып тойлайық онда. Негізі бүгінгі мәселеге байланысты бәріміз жиналып, концептуальді құжат дайындауымыз керек, — деді жазушы.

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

Дереккөз: Ұлт порталы


Рекомендовать
Последние новости