Бірыңғай дипломдардан бас тартамыз

Dalanews 06 апр. 2016 09:36 1272

5 жылдан соң жоғарғы білім алып шыққан жас мамандарға жоғарғы оқу орындарының жаңа үлгідегі дипломдары берілмек. Яғни 2021 жылдан бастап бірыңғай үлгідегі мемлекеттік дипломдар жойылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке сілтеме жасап, ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанның ғылым-білімін қолға алған 40 күннің ішінде саланы ілгерілетуге байланысты бірқатар ұтымды ұсыныс, байыпты бастамалар көтеріп үлгерген министрдің бұл жаңалығын өнімсіз өзгерістерден қажыған сала жатырқай қоймас па екен?

Бірыңғай үлгідегі мемлекеттік дипломдардан бас тарту министр айтқандай, елдегі жоғарғы білім сапасын арттырудың жүйелі жүйесі бола ма әлде сыбайлас жемқорлықты үдетіп, сала дамуын кері кетіре ме деген екіұшты ой көпті мазалағаны анық. Бұл – жаңалықтан жапатармағай қашып, өзгеріске өре түрегелгендік емес. Мәселенің байыбына барып, дұрыс-бұрысын саралау, мүмкіндіктері мен кедергілерін таразылау – бастама атаулыға тән құбылыс.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жаңа жүйе Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «Біз мемлекет атын жамылып, кей әлсіз ЖОО-лар дипломды сатып жататынын білеміз. Мемлекеттік үлгідегі дипломдар бірқатар посткеңестік және бірнеше шығыс-еуропалық елдерден басқа, әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ. Бұл халықаралық тәжірибе, ЭЫДҰ елдерінде мемлекеттік үлгідегі дипломның орнына ЖОО-лардың бірегей дипломы табысталады. Егер дипломда мемлекеттік мөр болмаса, талапкерлер мен ата-аналар сол университетті таңдау керек пе, жоқ па деген ойға қалуы мүмкін. Сондықтан олар басқа оқу орнын іздей бастайды, яғни университеттер арасында бәсекелестік күшейеді. Соның арқасында үздік оқу орындары ғана іріктеліп шығады», – деді Е. Сағадиев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, еліміздегі жоғарғы оқу орындарының ректорлары бұл бастамаға қарсылық білдірмеген. «Бұл мәселе мемлекеттік және жеке ЖОО басшыларымен бірнеше рет келісілген. Бұл – оңтайлы шара, алайда бірден енгізуге болмайды. ЖОО-ларға жаңа жағдайларға бейімделуге уақыт береміз. Бұл 2021 жылы енгізіледі. Ал жаңа үлгідегі дипломдарды 2017 жылғы талапкерлер алатын болады», – деп нақтылады ол.

Ведомство басшысы өзіндік үлгідегі дипломдар еліміздегі жетекші оқу орындарының академиялық еркіндікке қол жеткізуіне жол ашады деп есептейді: «Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚМЭБУ, ХАТУ сияқты университеттер академиялық еркіндік білім сапасының төмендеуіне әкелмейтінін дәлелдеді. Сонымен қатар, оларға мемлекеттік үлгідегі диплом берілетіндіктен, біз барлығын егжей-тегжейлі реттеуге мәжбүрміз. Академиялық еркіндікті енгізу үшін нағыз жауапкершілік қажет. Өзіндік үлгідегі диплом мұндай жауапкершілікті ЖОО-ға жүктейді».

 

Жалған диплом жарға жығады

Бірыңғай дипломдарды оқу орындарының бірегей дипломдарымен алмастыру туралы шешімнің тиімділігін дәлелдеу үшін министр бірнеше дәйек келтірді. Әуелгісі – еліміздің диплом саудалау, жалған дипломмен жұмыс істеу фактілерінің жиілегені. Әсіресе, жекеменшік университеттер білім алмақ түгілі, оқу бөлмесінің табалдырығын аттап көрмеген талай «білімгерге» жоғарғы білімді маман екенін растайтын құжатты екіжақты келісілген дөңгелек сомаға саудалайтыны құпия болудан қалған. Ықпалы күшті танысына немесе қампайған қалтасына сенгендер оқымай-ақ диплом алуға болады деген түсініктің жастар арасында кең тарауына себепкер болғаны да жасырын емес. Ең сорақысы, жұқпалы індет қазақтың заңғар тұлғаларының есімін иемденген мемлекеттік университеттерді де айналып өткен жоқ. Өткен жылдың маусымында Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданының ауылдық мектебінде бірнеше жыл сабақ берген 3 мұғалімнің дипломы жалған екені анықталған еді. Олардың біріне Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, ал Қобда ауданында 4 мұғалімнің білімін айқындайтын дипломға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің мөрі соғылған. Жалған дипломның иелері жағрафия, математика, еңбек және орыс тілі пәнінен сабақ беріп келіпті. Тергеу барысында мұғалімдердің өздері дипломдарды ара ағайындардан алғандықтарын мойындады. Барлық факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ облыстық прокуратураның өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры Нұрбек Тұрышевтің түсіндіруінше, істің бәрі айыптылардың материалдық шығындарды өтеуіне байланысты тоқтатылған.

Жалған дипломның көбі оқу-білімнің темірқазығы – мектепте, әсіресе, ауылдағы білім ошақтарында әшкереленетіні кездейсоқтық емес. Шалғайдағы елді мекендерде негізгі жұмыс орны мектеп пен аурухана екені әмбеге аян. Арнайы білім болмаса, ақ халат кию мүмкін еместігін білгендіктен, мезгілінде жоғары білім ала алмағандардың дені атты да өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол деп ұстаздықты таңдайды. Сөйтіп жұмысқа орналасу үшін жиған-тергенін жоғарғы білімді педагог атану жолында сарп етеді. Дипломын алып, алаңсыз шәкірт «тәрбиелеп» жүргенде қылмысы жалпақ жұртқа жария боларын ескермейді. Мәселен, 2015 жылдың тамызында Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданындағы орта мектептің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Бұл дерек аудандағы білім ошақтары педагогтарының жоғары және арнаулы орта білімі туралы дипломдарының шынайылығына талдау жүргізу барысында белгілі болған. Дипломда жаттықтырушы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіргендігі көрсетілген. Жалған дипломмен педагогтық қызметін 2013 жылдан бастаған азаматтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазақ спорт және туризм академиясының жалған дипломымен 2012 жылдан бері Атырау облысы, Исатай ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарған Мақсат Ермеков есімді азаматтың заңсыз әрекеті де өткен жылы әшкере болған еді. Жаттықтырушы жалған құжатты Атырау қаласында бейтаныс азаматтан 300 мың теңгеге сатып алған.

Мұндай көлеңкелі бизнестің көсегесі қазір ғаламтордың арқасында көгеруде. Айналасы екі-үш күннің ішінде қолыңызға дайын диплом ұстататын сайттардың жұмысы қызып тұр. Қаптаған интернет-дүкендердің ішінде назарымызға ерекше түскені – diplom-astana.kz. Қазақстандық доменмен ашылғаны болмаса, сайтты ресейліктер дөңгелетіп отыр. Жалған құжаттардың құны да көршіміздің валютасымен бағаланған. Интернет-дүкеннің көмегімен Қазақстан мен Ресейдің кез келген қаласындағы кез келген оқу орнының дипломына қол жеткізе аласыз. Тіпті, білім деңгейіңізді көрсететін құжаттың түсін де қалтаңызға қарай таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Кез келгеннің тісі батпайтын ірі жоғары оқу орындарының, колледж-техникумдардың дипломдары мен мектеп аттестаттарын тіпті, Кеңес одағы кезіндегі дипломдарды да жасап беретін шеберлерге аты-жөніңізді, қалаған оқу орны мен диплом қосымшасына қойылатын бағаларды көрсетсеңіз жетіп жатыр. Тіс қаққандар бұрынғы дипломдағы бағаларды «түзетіп», ішін кілең бестікке толтырып бере алатындарын да жазып қойыпты.

Бір таңғаларлығы, құжаттардың бағасы қолжетімді. Мысалы, қызыл түсті ЖОО дипломы (диплом қосымшасымен бірге) 35 мың рубль (175 мың теңге) тұрса, 1980-1996 жылдар аралығындағы ЖОО дипломының бағасы небары 16 мың рубль. 1997 жылдан 2009 жылға дейінгі диплом 19 мың рубльге бағаланса, бакалавр, магистр дәрежесін алғаныңызды растайтын бүгінгі көк дипломдар үшін 22 мың рубль төлесеңіз болғаны. 15 мың рубльге кез келген техникумның дипломын шертіп таңдайсыз. Ең сорақысы, бұл сайт медициналық колледждің дипломын да саудалайды екен. 20 мың рубль, яғни 100 мың теңге беріп, ақ халатты атанғандар адам өміріне араша бола ала ма? 110 мың теңгенің күшімен жоғары білімді мұғалімге айналғандар өскелең ұрпақтың көзін ашып, көкірегін оята ала ма? Жоқ, әрине!

Кез келген адамды әп-сәтте білікті маманға айналдыра алатын сайт қызметкерлерімен телефон арқылы тілдесу мүмкін болмады. Ресейлік құжат жасаушылар қазақстандық тапсырыс берушілермен тек ғаламтор арқылы байланысады екен. Сайттың арнайы бөліміндегі диплом сатып алу туралы өтінішті толтырған адаммен өздері кері байланыс орнатып, қажетті мағлұматтарды беретін көрінеді. Атыраудан тапсырыс бергендердің дипломын 3 күн ішінде курьер жеткізіп береді немесе пошта арқылы салып жібереді. Құжатты жеткізіп берушіден дипломның заңды-заңсыздығын тексеруге болатынын ескертіпті. Демек, жалған құжаттар мемлекеттік түпнұсқа – бланкіге дайындалады деген сөз. Тіпті, құжат тікелей сол оқу орнының қызметкерлері арқылы толтырылуы ғажап емес. Өйткені, түпнұсқада аталған жоғары оқу орнының мөрі мен ректордың қолы қойылған. Бірақ жоғарғы оқу орындарының өкілдері бұл саудаға тікелей қатыстары болған күннің өзінде мойындамасы анық. Десе де, жалған диплом жасаушылар мен жасатушылар өз әрекеттерінің ерте ме, кеш пе әшкере болатынын, ҚР Қылмыстық кодексінің «Жалған құжат жасау» бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарын ескере бермейтіні өкінішті.

 

Шетелдік тәжірибені таразылағанда…

Оқуды тәмамдаған білімгерлерге әр оқу орны өзіндік дипломын берер болса, жоғарыда аталған келеңсіз жайттарға түбегейлі тыйым болады дегенге сену қиын. Әйтсе де, әр университет өзінің бірегей құжаты саудаға салынып, абыройы мен беделіне қара күйе жағылмауы үшін жауапкершілік пен қорғанысты күшейтетіні айқын.

Жаңа жүйені енгізер алдында шетелдік тәжірибені сарапқа салудың берері мол. Өйткені өзгенің қателігінен сабақ алып, сынақтан, уақыт тезінен сүрінбей өткен озық үлгілерді ғана қабылдар болсақ, уақытты да, қаражатты да үнемдеуге болады. Әлемде кең тараған англо-саксондық білім беру жүйесі бойынша маман даярлайтын еуропалық университеттердің көпшілігі өз түлектеріне бірегей дипломдарын ұсынады. Ал француздық білім беру жүйесі бойынша мемлекеттік оқу орындарында бірыңғай үлгідегі мемлекеттік дипломдар берілсе, жекеменшік университеттер оқу бітір­ген білімгерлерге өзіндік үлгі­дегі құжаттарын табыстайды. Ал Германиядағы жоғарғы білім беру жүйесінде университеттерді басқару құқығы оқу орындары орналасқан федералдық округтерге берілген және жас мамандарға бірыңғай мемлекеттік дипломдар табысталады. Жапонияда, Азияның өзге де дамыған елдерінде англо-саксондық жүйе бойынша маман даярласа, Қытай университеттерінің көпшілігі мемлекеттік дипломдардан бас тартқысы жоқ.

Бірыңғай мемлекеттік дипломдарды университеттердің бірегей дипломдарымен алмастыру мәселесін 2012 жылы Ресей ректорлар одағының өкілдері де көтерген болатын. Олар РФ «Білім туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ЖОО-ларға өзіндік дипломдарын енгізу мүмкіндігін беруді ұсынды. Алайда ректорлардың бұл ұсынысы Мемлекеттік Дума тарапынан қолдау таппады. Қазір Ресейдің екі жоғарғы оқу орны – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Санкт-Петербург мемлекеттік университеті ғана өздерінің бірегей дипломдарын беру құқығына ие.

Санкт-Петербург мемлекеттік университеті жеке үлгідегі дипломын ең алғаш 2010 жылы 122 түлегіне – «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» мамандығы бойынша білім алған 32 магистр мен 90 бакалаврға табыстаған болатын. Оқу орнының жаңа дипломы А3 форматына дейін үлкейтілді және екі тілде – орыс және ағылшын тілдерінде толтырыла бастады. Сонымен қатар, университеттің бірегей үлгідегі дипломы бірыңғай мемлекеттік дипломнан түр-түсі бойынша ғана емес, қорғаныс деңгейі бойынша да үлкен айырмашылыққа ие. Сегіз деңгейлі қорғаныш белгісімен ерекшеленген құжаттың көшірмесін жасау мүмкін емес. Өйткені тек ультракүлгін сәулелері арқылы көрінетін суреттерді, кәдуілгі жарықта көзге айқын көрінгенімен, инфрақызыл сәулелері түскенде ғайып болатын ерекше бедерлерді қайталау оңайға түспейді.

Ал М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің А4 форматындағы бірегей дипломы 2011 жылы оқуға қабылданған білімгерлерге берілді. Академиялық еркіндік алып, ерекше мәртебеге ие болған аталмыш университеттердің білім сапасы артып, жоғарғы оқу орындарының әлемдік рейтингіндегі орны жылдан жылға жоғарылап келеді. Биылғы жылдың 22 наурызында жарияланған QS World University Rankings by Subject – әлем университеттерінің арнаулы мамандықтар бойынша рейтингінде Мәскеу мемлекеттік универсиеті «Лингвистика» саласы бойынша 17-орынға көтерілсе, «Физика және астрономия» мамандығы бойынша 27-орыннан көрінді. Аталмыш рейтингке 945 оқу орны қатыстырылғанын ескерсек, бұл үлкен жетістік екеніне талас жоқ. Ал 2015 жылдың 21 қарашасында QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық зерттеу орталығы жариялаған Шығыс Еуропа мен Орталық Азия университеттерінің рейтингінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті аймақтағы үздік 308 университеттің көшін бастады. 2 және 3-орындарды Новосібір мемлекеттік университеті мен Чехиядағы Карлов универ­си­теті иеленді. Қазақстанның универ­ситеттері алғашқы ондыққа ене алмағанымен, еліміздің 14 оқу орны Еуропа мен Орталық Азиядағы үздік 150 университеттің қатарынан көрінгендіктен, жалпы қорытынды бойынша Ресей мен Түркиядан кейінгі 3-орыннан көріндік.

Жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында еліміздің жетекші оқу орыны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік университеттер рейтингтерінде қарқынды түрде ілгерілеп келе жатқанын айта кеткен жөн. QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтингтік агенттігінің 2015 жылы 15 қыркүйектегі зерттеу нәтижелері бойынша бұл университет әлемнің 800 алдыңғы қатарлы университеттерінің арасында 275 орынға тұрақтап, үздік 300 университет қатарына енді. Бұл рейтингте 2010 жылдан бері 326 орынға, соңғы бір жылда 30 орынға көтерілген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке қол жеткізді. Әзірге ТМД-ның үш университеті ғана – М.Ломоносов атындағы ММУ (108 орын), Санкт-Петербор мемлекеттік университеті (256) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (275) әлемнің үздік 300 университеті қатарына енді. Үшеуі де академиялық еркіндікке ие университеттер, яғни даму бағыттарын өздері айқындайды, білім берудің жаңа стандарттарын өз ұйғарымдары бойынша енгізуге құқылы. Демек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтқандай, елімізде осындай мәртебеге ие болған білім ошақтарының санын көбейту үшін университеттердің білім сапасына жауапкершілігін күшейтудің тетігін іздеу керек. Ведомство басшысы бірегей үлгідегі дипломдардың енгізілуі оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, еліміздегі жоғарғы білім сапасының жақсаруына мүмкіндік береді деп сендіріп отыр. Уақыт – төреші. Жаңа жүйе саланың тасын өрге домалата ма, әлде әумесер Сизивтің әурешілігі боп қала ма – бәрін де уақыт көрсетеді.

 

Анар ЛЕПЕСОВА

 

Дереккөзі: turkystan.kz

 

 

Рекомендовать
Последние новости