Білім министрлігі жазалаушы орган ба?

Dalanews 19 окт. 2016 16:40 984

Әлеуметтік желіде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның «Мектепте ақша жинауға жол берген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейін барамыз» деген мәлімдемесі әркімге әртүрлі ой салды. Қазір қандай жағдай болса да, бірінші кезекте ұстаздардың жапа шегуі әдетке айналып барады. Білдей вице-министрдің өзі «жазалаймыз», «жұмыстан шығарамыз» деп дөң-айбат көрсетсе, мектеп директорлары не істемейді. Эльмира ханымның есіне мектептегі «ақша жинау» мәселесін қорқытып, үркітіп шешу мүмкін емес екенін айтқымыз келеді.

dalanews-elmira_suhanbediba01Білім министрлігі жазалайтын орган емес. Егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы құзырлы органның басшысы осылай десе түсінуге болар еді. Ал білім саласының білдей вице-министрі қарапайым ұстаздарға азуын ақситқанша, «мұғалімдер неліктен ақша жинайды» деген мәселеге бас ауыртпай ма? Эльмира ханым беліндегі шоқпарына жармасып, алақанын ұсқылаудан әріге аса алмағаны өкінішті.

Енді вице-министрге мұғалімдердің ақша жинауға итермелейтін себептердің бірін айтсақ. Бірден айту керек, қарапайым мұғалімнің оқушылардан ақша жинауға ешқандай құлқы жоқ. Олардың ақша жинауға мәжбүрлейтін бірқанша себептер бар.

Алматыда баламыз оқитын мектепте өткен жылы арнайы күзет қызметерлерін ұстау үшін ата-аналардан жылына бір рет 5 мың теңгеден ақша жиналды. Мектептің кіретін бірнеше есігі болған соң, мектеп ұжымы ата-аналардың күшімен қосымша кіреберістерді бақылайтын күзетшілер ұстады.

Биыл бір ата-ана аудандық білім бөліміне күзетшілерге төленетін ақы неліктен жұрттың қалтасынан жиналатыны айтып, арыз жазған соң, мектеп директоры күзет қызметінен бас тартыпты.

Иә, шығам айтқан ата-ананың ойы дұрыс. Бірақ қалалы жерде неше түрлі жағдай болып тұратындықтан әр есікке бір күзетші керек екенін де түсінуге болады.

Жалпы, мектепке қажет мұндай ақшалар қарапайым мұғалімдердің қолымен жиналатыны жасырын емес. Ал оны жинататын мектеп директоры. Соқыр көргенінен жазбайды демекші, ата-ана ақшасын мұғалімге берген соң, ақшаны қарапайым мұғалім жинайды деп ойлайды.

Алматыдағы мектептердің бәріне болмаса да біразына күзетші керек (дәл осындай жағдай өзге қалаларда да кездесуі мүмкін). Мұндай мәселенің бар екенін мектеп директоры, аудандық білім басқармасы, тіпті Білім министрілігіндегі басшылар да білетін шығар.

Мектеп директоры жоғарыға өздеріне қосымша күзетші қажет екенін айтудан жасқанады. Содан кейін ұстаздардың қолымен ата-аналардан ақша жинауға мәжбүр. Егер мектеп директорлары батылы жетіп, жоғарыдан ақша сұраса, білім саласына жауапты басшылары ақшаны қалтасынан санап беретіндей қабағын түйіп, аузын қу шөппен сүртуі мүмкін. Сондықтан мектеп директорлары жоғарыға шағынып, жаманатты болғанша мұндай «ұсақ-түйек» мәселені ата-аналардың күшімен шешкенді жөн санайды.

Ал бұл мәселені бір ата-ана қолдаса, енді бірі қарсы болатыны анық. Осыдан кейін дау тауындап, соңында басшылар «жазалаймыз», «жұмыстан қауамыз» деп мұғалімдердің жағасынан алады.

Қазір мұғалімдердің ақша жинауға итермелейтіндей себептер өте көп. Оқулық мәселесі де қиын соғып тұр. Мемлекет қыруар қаржы бөліп шығарған оқулықтардың біразы базарда неге саудаланады? Кеңес заманындағыдай бір оқулықты 3-4 жыл неге пайдаланбаймыз? Бүгінде оқулық дегеніңіз үлкен бизнестің өзегі болып тұр. Меніңше, Білім саласына жауапты шенділер мұғалімдерді жазалауға ұмтылғанша, ақша жинауға себеп болған осындай салдармен күреспей ме? Қарапайым халыққа вице-министрдің мұғалімді жазалағаны емес, нақты мәселені шешкені керек.

Жарбол КЕНТҰЛЫ, ата-ана.

Рекомендовать
Последние новости