Бейжің КТК құбырын екі мәрте бітеп тастаған Путинге наразы

Dalanews 22 авг. 2022 11:11 874

The China Project жобасының белсендісі, Атлант одағының аға қызметкері Жо Уебстер мен Еуропадағы энергетика қауіпсіздігі кеңесінің белді маманы Падди Райан Қазақстан – Ресей – Қытай үштігінің қарым-қатынасына талдау жасаған екен.

Сарапшылардың пікірінше, Бейжіңге КТК құбырын бір емес, екі рет бітеп тастаған Путиннің қылығы ұнамай отыр.

Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.

«Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеу өз аумағы арқылы  өтетін қазақ мұнайының тасымалын екі мәрте тоқтатып тастады. Бұл соғысты қолдамаған Қазақстаннан өш алу көрінісі ме, әлде осы арқылы өз мұнайының құнын көтерудің амалы ма?

Қалай болғанда да, бұл Бейжіңге ұнамайды. Қытай билігі қазақ мұнайының экспортын тежеп, «өзім білемге» салған Мәскеуді дереу сабасына түсірді. Бөгде елдің экспортына тұмсық тығуға болмайтынын қатаң ескертті», – дейді сарапшылар.

Біздің ел тәулігіне 2 млн баррельге жетеқабыл мұнай өндіреді екен, бұл әлемдік мұнай өндірісінің 2 пайызына жуықтайды.


Қазақстанның қойнауынан шығатын «қара алтынның» 80 пайызы әлемдік нарыққа Каспий құбыр концерні (КТК, ред.) арқылы тасымалданады. Қара теңізде орналасқан Жаңаресей портына жүйткіп жететін қазақ мұнайы әрі қарай танкерлерге тиеліп, негізгі тұтынушысына жол тартады.



«Мәскеу өз аумағынан өтетін құбырды бопсаның құралы ретінде пайдаланып отыр. Наурыздың орта шенінде Ресей билігі Жаңаресейдегі мұнай құрылғылардың теңіздегі дауылға байланысты істен шыққанын хабарлады. Шын мәнінде, бұлар бүтін еді. Кремль осылайша, нарықта мұнай қорын сарқылтып, «қара алтынның» құнын шарықтатуды көздеді. Батыстың «ақылы кіріп» санкцияны әлсіретеді деген әлсіз үміті болды. Мұнай экспортын шектеу арқылы Франциядағы «путиншіл» кандидаттың жеңіске жетеріне жәрдемдесеріне сенді.

Кремльдің күткеніндей болмайды. Салы суға кетіп, араға ай салып барып, экспорттың бұрынғы көлемін қалпына келтірді.

6 шілдеде тағы тұлданды. Ресей соты КТК-ның жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім шығарды. Мұны экологиялық проблемаларға сілтеп, әрқилы сылтау айтты. Бұл жолғы қоқан-лоқысы да ұзаққа созылған жоқ. 11 шілдеде қазақ мұнайы құбырды қуалай Батысқа жол тартты», – дейді сарапшылар.

Мақала авторларының атап өткеніндей, Кремль Қазақстаннан именіп отырған жоқ, тек Бейжіңмен арадағы сыйластыққа сызат түсе ме деп қауіптенеді.


Қытайдың Қазақстан аумағында орналасқан ұзақ мерзімді жобалары бар, ол өз мүддесін табанға таптатқысы келмейді. Қазақ жері Қытай билігі бастамашы болған «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасының күретамыры іспеттес.

Қытай компаниялары елдің мұнай-газ нарығында елеулі орын алады.



Сөй деген мақала авторлары:

«Қытайдың ішкі нарығына тасымалданатын қазақ мұнайының көлемі анау айтқандай көп емес. Десе де, Бейжің Қазақстанның қойнауынан шығатын «қара алтынның» әлемдік нарыққа таралуына өте-мөте мүдделі.

Қазақстаннан жететін мұнай тасымалы сап тыйылса, «қара алтынның» құны күрт өседі, тиісінше тұтынушылардың түрлі тауарға деген сұранысы төмендейді. Бұл экспортпен күнелтіп отырған Қытай экономикасын шатқаяқтатып кетеді.

Екіншіден, Орталық Азия – Қытай газқұбыры арқылы Қытай экономикасына аса қажетті қуат көзін жеткізетін үш учаскінің үшеуі де Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Қуат көздерінің құны артса, тиісінше, Қытайдың Қазақстаннан алдыратын газ көлемі өседі. Бұл Бейжіңге мүлде керек емес», – деп топшылайды.

Сарапшылардың пайымдауынша, Бейжің Кремльмен жұрттың көзінше жаға жыртыспайды, алайда Путиннің паранойясы асқына түссе, екі елдің ерегескен сәтінің куәсі болуымыз мүмкін.

Қытай Кремльдің жаһандық мұнай нарығының қалыпты арнасын бұзып, беталбаты киліккенін қаламайды. Содан да болар, КТК-ны бітеп тастаған, алғашқы инцидентте Sinopec компаниясы Ресейдегі ірі инвестжобаның құрылысын белгісіз мерзімге шегеріп тастаған.

«Дәл сол күні Қытай компаниялары Мәскеудің мойнына артылған Батыс санкцияларының талаптарына тағы бір үңіліп, елдің Сыртқы істер министрлігі энергетикалық компанияларға Ресейден өнім сатып алуды тоқтата тұруға кеңес берген.

Бұдан сырт, Қытайдың Ұлттық мұнай корпорациясы елдегі осы сәтке дейінгі газ қолданысының көлемін сүзгіден өткізіп, Орта Азия – Қытай газ құбырының егжей-тегжейлі статистикасын ұсыныпты. Есесіне, құрылысы 55 млрд доллардан асып жығылған Ресейден келетін «Сібір қуаты» құбырын назардан қалыс қалдырған.

Тоқ етері, Бейжің Ресейдің еркелігін көтермейді. Қытайға еңсе тіктеу керек. Індеттен арыла алмай қойды. Карантин жұрттың жүйкесін жұқартып жіберді. Ғұмыр бойы билік құруды көксеп, үшінші мерзімге сайланғалы отырған Си Цзинпинге КТК-ны бітеп тастауды ермек көретін Путиннің шалағай шешімін құптамайды», – дейді мақала авторлары.

Сарапшылардың айтуынша, украин кикілжіңінде Бейжің Батысқа жақтас емес. Әйтсе де, Қазақстаннан жететін мұнайдың берекесін қашырып, орта жолдан үзіп отырған Путиннің әрекеті Қытайға да, Батысқа да ұнамайды.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


https://dalanews.kz/ekonomika/80568-huawei-2022-zhyldyng-birinshi-zhartyzhyldygyndagy

 

Рекомендовать
Последние новости