Бейбітшілік өтемі, ер жанымен өтелді

Dalanews 05 мая 2020 04:34 841

Отты жылдар алаулаған жастардың тағдырын қыршыннан қиды. Қанша уақыт өтседе адамзат баласының көңіліне көлеңке түсірген, осынау жылдар мәңгі есте.

Бабалар қанымен өтелген, бейбітшіліктің бесегін тербеткен, бүгінгі  күннің қаһармандары қандай құрметке болса да лайық.

 Жаңа ғана жарқын өмірге жолдама алған 16-17 жастағы өрімдей бозбалалар мен бойжеткендер, көңілдері көлдей шалқып, алда қан майдан күтіп тұрғанын сезінбеген еді…

 

1941 жылдың 22 маусымы. Тұтас елдің басына қара бұлт үйірілген кез. «Неміс басқыншылары  елімізге тұтқиылдан соғыс ашты» деген қаралы хабар радиодан дүркін-дүркін беріліп жатты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін бойларын үрей алып, жүректері аузына келді. Сол күннен бастап елден тыныштық кетті. Олар қуаныштың орнына қайғы шекті. Қос жанарларына уайымның жасы үйірілді.

Балалықтың бал шағымен ерте қоштасқан балғындар мен аһ ұрып, аңырап қалған жауынгерлердің аналары күн-түн демей  тыным таппастан еңбек етті. Оқ қарша бораған аймаққа әр өңірден сан мыңдаған, тепсе темір үзетін азаматар кеткен еді.  Бір ғана Көксу ауданынан 11 мың адам майдан шебіне аттанған. Барлығы дерлік аман-есен елге оралуы мүмкін емес екені ақиқат.



Туған өлкелеріне сұм соғыстан қайтып келгендердің бірі - Алматы облысы,  Көксу ауданының құрметті азаматы Николай Иванович. Ол Краснояр өңірінің тумасы. 1925 жылы дүние есігін ашқан. 1932 жылы  отбасымен Қазақстанға, Алматы қаласына көшіп келеді.  Араға бір жыл салып Жамбыл облысына табан тірейді.


Ел қатарлы 1942 жылы  Советтік Армияның қатарына шақырылады.   233 атқыштар дивизиясының құрамында болып,  жауға қарсы тұрады.  Ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып,  отбасымен қауышқаннан кейін мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берді.

Николай Огнев 1 дәрежелі отан соғысы медалін кеудесіне таққан ардагер сарбаз.  Оның бүгінгі марапаты,  елі сыйлап берген құрметті атағы жастық жалынын ұрлаған кезеңнің ақысын қайтарып бермесі анық.

Жанын шүперекке түйіп, жаудан жерін азат етуге ат салысқан кешегі жас жігіттер майдан өтінде күш-жігерін сарп етті.  Қатарластарының  фашистер қолынан қаза тапқанын, денелерінің соғыс құралдарының астында тапталып жатқанын өз көздерімен көрген қариялардың жүзінен сол жылдардың табы ғасыр өтседе тарқамайды.

Николай Иванович пен қатар көксулық Петр Денисович жанкештілікпен елі үшін толарсақтан саз кешкен.  1922  жылы 15 наурызда өмірге келген. Қазіргі Көшетау облысы, Комарова ауылында кіндік қаны тамған.


Соғысқа дейін ол 1938-1942 ж.ж. Қиыр Шығыстағы Свободный қаласындағы әскери училищеде оқыған. 1942 жылы әскерге шақырылып, Сталинградтың жанында соғысқан, артиллериялық әскерде мерген болған. 22 атқыштар дивизиясында, Укранина мен Сталинград майдандарында борышын абыроймен атқарған.

Соғыстан кейін қант зауытында жұмыс істеді. II дәрежелі Отан соғысы орденімен және басқа да медальдармен марапатталған. Ол да Көксу ауданының құрметті азаматы.

Ерліктері ұрпаққа үлгі қос қария қан майданда өткен жылдар қара түнекке тең дейді. Расын да, аспан асты, жер үсті снарядтарға оранып жатқанда қайбір тыныштық болсын.  Қарашығынан қан ағып, ботам-ай деп боздаған ананың күйін елестету тіптен мүмкін емес.

Кім-кімге болмасын  екінші дүние жүзілік соғыс оңайға соқпады. Тылдағылардың тынымсыз еңбегі ерлердің еңсесінің түспеуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн.  Дүниені дүрліктірген оқиға баршаға бірлігі бекем елді жау алмайтынын дәлелдеді.

Сын сағатта саңлақтар сынбады. Бірақ.... көңіл шіркінде суық ызғар есіп тұр. Әр нәрсенің өтемі болатыны тайға таңба басқандай анық. Десе де, бейбіт күннің өтемін атпалдай азаматтардың жанымен өтелгені пенде атаулыға ауыр тигенін мойындауымыз керек.

Ешкім де, ештеңе де ұмыт қалмайды.  Тәңір тарту еткен бейбітшілік атты құсымыз төбемізден ұшып кетпесін деген тілек қана біздегі. Ендігіде жеріміз қанға бөкпесін.

 Анар САБЫРОВА


 

Рекомендовать
Последние новости