Белсенді блогер Кирилл Павловты Қостанай полициясы ұстады

Қаракөз Амантай 14 нояб. 2025 13:54

Бүгін Қостанай полициясы “Фонд-бюро расследования коррупции” телеграм арнасының басшысы Кирилл Павловты ұстады. Бұл туралы блогер өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мен Қостанайға іссапармен бардым. Таңертең полиция пәтеріме келіп, мені “түсініктеме аламыз” деген желеумен полиция басқармасына алып кетті”, — деп жазды Павлов.

Dalanews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін блогерге хабарласты. Павловтың айтуынша, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 456-2-бабының 4-бөлімі бойынша іс қозғалған.

“Қазір полиция ғимаратында сот өткізу жоспарланып отыр”, — деді ол.

Блогердің сөзінше, учаскелік инспектор не үшін онлайн-платформа қолданушыларына арналған норманы қолданып жатқандарын түсіндірмеген. Сондай-ақ ресми бұйрықтан алынған ақпаратты жариялағаны үшін оның дерегі неліктен жалған деп танылғанын да нақтыламаған.

Істің мән-жайы

Іс "Sunkar Eavision International LLP" ЖШС компаниясының арызы бойынша қозғалған. Алғашында арыз бас редакторға қарсы берілсе, кейін ҚР ӘҚБК 456-2-бап ("Жалған ақпарат тарату") бойынша Павловқа қатысты әкімшілік іс ашылған.

Компания журналистерді дрондар бағасын бұрмалады деп айыптаған: фирма жариялаған ақпарат бойынша дрон 7,1 млн теңгеге ұсынылған, бірақ келісім 8 млн теңгеге жасалған.

Дегенмен бұл мәлімет ресми хаттан алынған (ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы С. Қаныбековтің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №18-18/1602-вн хаты) және қазыналық мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.

"Іс материалы бастапқыда Астана прокуратурасына жіберілгенімен, белгісіз себептермен қайтадан полиция бөлімінде қаралуда", - дейді ол.

Істің негізгі себебі

Павловқа қатысты іс Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 456-2-бабының 4-бөлімі бойынша қозғалған. Бұл бап бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамға екінші рет қолданылатын норманы қамтиды.

Істің негізгі себебі - Павловты бұрын шегіртке шабуылы туралы халықаралық деректерді ресми статистикамен салыстырып жариялағаны үшін айыптау. Сол кезде журналистке айыппұл салынған еді.

“Неліктен 4-бөлім (онлайн-платформа қолданушылары) қолданылады? Неге лицензиясы бар БАҚқа (1-бөлім) қатысты норманы қолдабай отыр? Бұны түсіндірмейді. Ресми бұйрықтың деректері қай жерде жалған деп есептелетіні де айтылмайды”, – деді блогер.

Павлов айыптаулармен келіспейтінін, құқық бұзбағанын, сондай-ақ сотқа БАҚ қатысуын қамтамасыз ету үшін өтініш беретінін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости