Белгілі экономист Тоқаев туралы пікір білдірді

Dalanews 17 мая 2022 12:29 805

Еліміздің экономика және сауда, білім және ғылым саласын басқарған белгілі экономист, ғалым Жақсыбек Құлекеев президент Тоқаевтың адамгершілік қыры жайлы қызықты естелігімен бөлісті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Абақтыдан шыққан уақытта қазақ болған соң, ағайын-туыс, көрші-қолаң шақырып шай беріп жатты.

Бұрын істес, қызметтес болғандардың азаматтардың ішінде алғашқы боп үйіне шақырған – Қасым-Жомарт Кемелұлы еді. Ол тұста Тоқаев Сенатты басқарып тұрды.

Түрмеден шығып, әрі-сәрі күйде жүрген мені үйіне шақырып бір шәугім шәйін берді. Кешкі сағат 6-7-лерде үстел басына отырған біздер түн ортасына дейін әңгіменің тиегін ағыттық.

Шәй үстінде саясат, мемлекеттік мәселелер, президент, үкімет қабылдап жатқан шешімдерге қатысты пікірімді сұрады. Шығарып саларда «Жәке, осы айтқандарыңды қағазға түсіріп берші» деді.


Екі-үш күн уақыт бөліп, саяси-қоғами концепциялардан тұратын 20-30 парақ әзірледім.

Ара-кідік шақырып тұрады. «Сенің жазғандарыңды әлі тастамай оқып жүрмін» деп айтады. Ол, әрине, менің көңілімді аулап айтқан болуы мүмкін.

Дегенмен де ондай нәрселер маған күш-қуат беріп жүрді десем артық айтқандық емес», – деді Құлекеев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында.

Құлекеев Тоқаевты неліктен "досым" деп атай алмайтынын түсіндірді.

"Этикалық тұрғыдан президентті "досым" деп айту дұрыс емес. Егер ол кісі айтатын болса мен үшін үлкен мақтаныш болар еді. Себебі қызметі төмен адамның жоғары қызметтегі адамға досым еді дегені жараспайды. Жақсы азамат, мен оны сыйлаймын десе, сол маған жеткілікті", - дейді ол.

Айта кетелік, Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған тұста, 2008 жылы ірі көлемде пара алды деген айыппен қамауға алынған. Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевті қабылдағанын хабарлағанбыз. Онда Жақсыбек Құлекеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өзінің көзқарасын айтқан.

Рекомендовать
Последние новости