Белгілі дінтанушы түнгі клубтың жанында ұсталған имамға әдейі қастандық жасалғанын айтты

Көркем Алдабергенова 26 июл. 2024 14:57 5291

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Қостанай облысының бас имамының арақ ішіп көлік жүргізген тосын оқиға туралы өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қостанай облысының білдей бір бас имамы ішімдік ішіп, көлік жүргізіп, қамауға алынды деген ақпарат төбемнен жай түскендей әсер қалдырды. Екі күннен бері ішім алай-дүлей. Бұл ұятты жағдайға сенгім келмейді", - дейді автор өз парақшасында.

Сондай-ақ Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, бұл әдейі ұйымдастырылған қастандық болуы мүмкін.

"Қостанай облысының білдей бір бас имамы ішімдік ішіп, көлік жүргізіп, қамауға алынды деген ақпарат төбемнен жай түскендей әсер қалдырды. Екі күннен бері ішім алай-дүлей. Бұл ұятты жағдайға сенгім келмейді. Бәлкім әдейі ұйымдастырлған қастандық шығар. Қымызға яки басқа бір тағамға бір нәрсе араластырып әдейі ішкізіп, сосын арнайы тапсырыспен ұстатты ма екен? Егер имамның ары таза болса, адвокат жалдап, өзін қорғауы тиіс. Ал рас болса, онда бас мүфти өз еркімен қызметінен кетуге тиіс. ҚМДБ түбегейлі реформалануы шарт", - деп жазды Қайрат Жолдыбайұлы.
 

Еске салайық, бұған дейін Қостанайдағы имам алкоголь ішіп, түнгі клуб жанында ұсталғанын хабарлаған едік. 

Келесі аптада Қазақстан мұсылмандарының мерейтойлы, Х құрылтайын тезірек ұйымдастырып, Бас мүфти Наурызбай Өтпеновты ауыстыру бойынша жабық консультациялар басталмақ. Бұл туралы DALA INSIDE дереккөзі хабарлады.

Дәстүрлі исламның позициясы төмендеп, интернет, әлеуметтік желідегі радикалдардың қазақтың дәстүріне, ұлттық аспаптарына шабуылы күшейгенде Сенат пен "Сол жағалау" тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына "жұмысты күшейту, белсендірек болу" туралы өтініштер бірнеше рет айтылған болатын.

"ҚМДБ инертті, сылбыр, өз ұстанымын батыл жеткізе алмайтын ұйымға айналды. Қазір олар Қазақстандағы ислам мәселесін бақылаудан шығарып алғаны байқалады. Радикалдардың исламды қазақтың ұлттық құндылықтарына қарсы қоюы діннің позициясын әлсіретіп, тәңіризмге негізделген жаңа ағымдардың пайда болуына алып келді", - дейді, дереккөз.

Қостанайдағы бас имам Тәжімбет Бахытбектің алкоголь ұрттап, түнгі клубтың жанында көлік рөлінде ұсталғаны исламның беделіне ауыр соққы болуы мүмкін. Қазір сот үкімі шығып, имам 15 тәулікке қамалды және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда үш бас мүфти ауысты. ҚМДБ тізгінін 2013-2017 жылдары Ержан Маямеров, 2017-2020 жылдары Ораз Серікбай ұстаса, 2020 жылдан бері Наурызбай Өтпенов бас мүфти қызметін атқарып келеді. Келесі құрылтай 2025 жылдың басында өтеді деген жоспар болған. Бірақ жабық консультациялар нәтижесінде мұсылмандардың кезектен тыс құрылтайы одан ерте шақырылуы да ғажап емес.


Рекомендовать
Последние новости