Оның пікірінше Ресейдің саяси жобаларынан жалтарып жүрген Қазақстан Мәскеу мен Минскі біріккеннен кейін бұрынғыдай табандылық таныта алмайды.
«Түптің түбінде Еуразиялық одақ экономикалық әріптестіктің шеңберінен шығып, саяси құрылымға айналады», – дейді Своик.
Саясаттанушы айтқанының айдай келеріне сенімді. Ол мұның алғышартын әзірден-ақ аңғарып отырғанға ұқсайды.
«Тоқаевтың түнеукүнгі жолдауы көңілдегі күпті ойды сейілтіп тастады. Екінші президент Тұңғыш президенттің «мұрасын» мансұқ етер ойы жоғын, Назарбаевтың соқпағымен жүре берерін нықтап берді. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған саяси реформаны алыстан айналып өтті. Сыртқы саясатты да сөз еткен жоқ. Билік Беларусьтегі жағдайды мұқият бақылап отыр. Олардың қателігінен сабақ алуға тырысуда...» дейді Своик.
Оның ойынша Тоқаев бір кездері Назарбаевтың таңдауы түскен кадрлық резервке арқа сүйеуде. Елдегі саяси-экономикалық ахуалды азды-көпті білетін ескі кадрлердің күшін сарқа пайдаланбақ.
Саясаттанушы сөз орайында Беларусьтегі ахуалға тоқталып, ереуілдің соңы немен аяқталарын тұспалдапты.
«Наразалық біртіндеп бәсеңдейді. Ел-жұрттың ашуы тарқап, аптығы басылған шақта Конститутциялық реформа жүргізіледі», – дейді күні бұрын көріпкелдік жасаған Своик.
Саясаттанушы жаңа құжатта бірқатар төтенше, тосын өзгерістер боларына сенімді.
«Жаңа Конститутцияда Одақтық мемлекет деген жаңа тармақ пайда болады. Артынша парламент және президент сайлауы өтіп, билікке келген жаңа басшы Ресеймен бірігудің алғашқы рәсімдерін жасайды», – дейді Своик.
Оның ойынша қызықтың көкесі осы арада басталады. Бір одақ, бір мемлекетке біріккен Ресей мен Беларусьтің Еуразиялық одақтағы сөзі өтімдірек, өктемірек шығып, өзге одақтастардың мысын баса бастайды.
Бір мемлекетке айналған Ресей мен Беларусьтің өз құрылымдары құрылып, одақтағы дауыс саны мен квотасы артады. Беларусьті «жұтып жіберген» Ресейге экономикалық интеграция аздық етіп, ұйымның үстінен қарайтын саяси құрылым құру керектігін ашық айтуға көшеді.
Осы күнге дейін саяси амбициясын әртүрлі экономикалық ұсыныстармен бүркемелеп келген Мәскеу бұрынғыдан бетер бастырмалатып, Қазақстанды саяси одаққа бірігуге итермелейді.
Своиктің сөзінен түсінгеніміз бүгінгі дәуірде ұлттық тәуелсіздіктің бәлендей құндылығы жоқ. Бұл идеология өзінің өзектілігін жоғалтқан. Дамыған елдер өзара одақтасып, мемлекетті басқарудың ұлтаралық деңгейіне өткен.
Ал дамушы елдердің ұлттық тәуелсіздігі сөз жүзінде ғана. Іс жүзінде бұлардың бас бостандығы жоқ. Дамыған елдердің «сауын сиыры» ғана. Саяси салмағы болмағандықтан әлемдік дамудың бағыт-бағдарын айқындай алмайды. Қазақстан секілді елдер Халықаралық валюта қоры немесе Дүниежүзілік сауда ұйымының шешімдеріне үнсіз бас шұлғуға мәжбүр.
«Еуразиялық одақтың деңгейінде ұлтаралық аралық құрылымдар құруға сезіктене қарайды. Ресейді суқаны сүймейтін елдегі патриоттардың бір шоғыры бұған түбегейлі қарсы.
Қазақ билігінің ұшар басында отырғандар «бүйтер болсақ алыс-жақын шетелдегі есеп-шотымыз бұғаттала ма» деп уайым жейді. Осы елдің түп қожайыны қазақ халқы ұлттық тәуелсіздікті қызғыштай қорғағанын алданыш көреді», – дейді Своик.
Саясаттанушы Қазақстандағы ұлтшыл-патриоттарға тісін қайрап жүргенін, Еуразиялық одақтың саяси одаққа ұласуына дәл осы топтың айғай-аттаны кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етіпті.
Тоқ етерін айтқанда Своик бұл одақтың экономикалық шеңберден шығып, саяси ұйымға айналуын қос қолдап құптайтынын жасырмаған. Оның пікірінше бұдан өзге жол жоқ. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ұпайымыз түгел болады.
«Кеңес үкіметінен қандай жаманшылық көрдік? Сол кездің адамдары мен социалистік идеалдар кімге кесірін тигізді? Сол тұста уайым-қайымсыз, бақуатты өмір кешкеніміз өтірік пе? Елге де керегі осы...», – дейді Своик.
...
Саясаттанушы Досым Сәтпаев осынау одаққа күдікпен қарайтын сарапшылардың бірі. Оның пікірінше Еуразиялық одақтан ерте бастан шығу керек, уақыт келе Ресей құзіретін күшейтіп, Қазақстанды біржолата шырмап алады.
«Дәл қазір бір ғана даусыз дүние бар: Батыс пен Ресейдің арасындағы айқас асқына түседі. Санкцияның айлапаты әлі алда.
Бұл ненің белгісі? Ресейді оқшаулатып тынбақ. «Изгой» мемлекетке айналдырмақ. Біз қандаймыз? Біз мүлде бөлекпіз. Ашықпыз.
«Изгой» мемлекет бізді өз иіріміне тартпақ болады.
Күн кеше Путиннің көмекшісі Владислав Сурков айтты: «Ресейді жүз (бәлкім екі жүз, үш жүз) жылдық жалғыздық күтіп тұр» деп…
Сурковтың сөзі Ресейдің екі одақтасы ғана бар. Ол – әскер және флот дегенге саяды. Кремль «геосаяси жалғыздықты» жалғыз өзі өткермек ойы жоқ. Бізді де ілестіре кетпек. Одақдастары не ойлайтыны оған маңызды емес», – деген еді бұдан бұрын біздің редакцияға берген сұхбатында Досым Сәтпаев.
Оның пікірінше Еуразиялық одақ сапасыз кіржуғыш ұнтақ сияқты. Көпіршігі көп, нәтижесі нөл. Ал Еуразиялық одақтың абырой-беделін кірлеткен Ресейдің өзі. Одақтастарымен санаспайтын, санасқысы келмейтін саясат Қазақстан мен Беларустің саяси-экономикалық мүдделерін күл-талқан етті.
«Мәскеудің мақсаты ешқандай экономика емес. Өзінің айтқанына көніп, айдауына жүретін елдерді қоластына қосу. Алты жыл өтті. Не өзгерді? Не орындалды? Одақ аясындағы өлі туған жобаларды санамаласақ он саусақ он қайтара бүгіледі екен. Айтқанымыз айдай келді, демек. Ресейден үйренер жеріміз болса, бір басқа.
Ресей де біз сияқты. Шикізатқа тәуелді. Ресей де біз сияқты. Жемқор мемлекет.
Ресейден үйренер түгіміз жоқ. Біз инновациялық тұрғыдан көш соңында қалған, әскери-өндірістік кешенінен басқа түгі жоқ аутсайдер мемлекеттің одақтасымыз.
Қазақстандық кәсіпкерлер Ресей нарығына кіре алмады. Кіргізген жоқ. Күлді. Кедергіні қолдан құрастырды. Әсіресе, арақ-шарапқа келгенде…
Кремльдің амалы жоқ. Әзіргі ахуал Ресейді өз нарығын, өз өндірушісін қорғауға мәжбүрлеуде. Таразылай айтқанда екі елдің арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс тең емес. Біз ұтылдық», – дейді саясаттанушы.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ