Бектенов үкіметі жемқорларды "жемінен" қағатын қос жобаны іске қосты

Кәмшат Тілеухан 01 окт. 2024 14:28 7712

Жуырда Қазақстан үкіметі бюрократияны ауыздықтауға бағытталған екі маңызды бастаманы жүзеге асыруға кірісті. Екеуі де Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынып, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министрдің тікелей бақылауына алынған. Жемқорларды "жемінен" қағатын бұл жобалар туралы қаржыгер-маман Олжас Құдайбергенов кеңінен айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Сөз етіліп отырған бастамалар Ұлттық Акселелатор жобасы мен тежеуші бюджет жобасы деп аталады. 

"Ұлттық Акселелатор жобасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арқылы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты өте қарапайым — күрделі емес бір міндетті алып, оны 100 күн ішінде орындау қажет. Осы мерзімде әрбір бюрократиялық кедергі жіті зерттеліп, артық рәсімдер анықталып, оны жою мәселелері зерделенеді. Бұл бастама мемлекеттік органдардағы қажетсіз бюрократияны қысқартуға бағытталған", деп жазады қаржыгер-маман Олжас Құдайбергенов Facebook-тегі парақшасында.

Ал тежеуші бюджет жобасы Қаржы министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде төрт мемлекеттік орган іріктелген: екі министрлік (Су ресурстары министрлігі және Мәдениет және спорт министрлігі) және екі өңір (Батыс Қазақстан облысы мен Қарағанды облысы).

"Егер жоба сәтті жүзеге асырылса, бұл тәсіл барлық мемлекеттік органдарға енгізілетін болады. Бұл жобадағы басты әдіс — Сингапурдың тәжірибесімен біздің жүйені салыстырып, артық-тыртық рәсімдерді анықтау. Заңға қайшы келмейтіндерінің көзін бірден жою, ал қалғанын алып тастау үшін бір-екі жыл уақыт беріледі. Алайда, меніңше, осы жобаларды іске асыру барысында екі маңызды тәуекел бар. Біріншісі — қолданыстағы бюрократияның осы бастамалардың жүзеге асырылуын баяулатып, олардың маңызын төмендету қаупі. Егер осындай жағдай орын алса, онда екінші қауіптің басы қылтияды, яғни қағаз жүзінде бәрі орындалғанымен, іс жүзінде ешқандай өзгеріс болмайды. Көбісі, негізінен былай ойлайды: "Егер Президент немесе Премьер-министр тапсырма берсе, ол міндетті түрде орындалады" деп. Бірақ бұл да кейде мүмкін болмай жатады", - дейді маман.

Ол, шындығында, кез келген жүйелі өзгерістер, әсіресе бюрократияны қысқартуға бағытталған шаралар, өкілеттіктерді қайта бөлуді талап ететінін баса айтады.

"Әлбетте, бұл жағдайдан зиян шегетін тараптар өзгерістерге кедергі жасауға барынша тырысады, түрлі сылтау айтып, жобалардың жүзеге асуын кешіктіруі мүмкін. "Біз Сингапур емеспіз қой" деген жалтару сөзден бастап, "өзгеріс жасауға әлі ерте" дегенді дәлелдеп, басшылықты соған сендіруге тырысады. Сонымен қатар, тағы бір көзге көріне бермейтін кедергі бар:  — елді "қауіп-қатерлерден қорғауды" өз міндеті секілді санап алған шенеуніктердің іс-әрекеті. Мысалы, мемлекеттік сатып алулар жүйесін оңтайландыру керек болады делік, мұндайда әлгі диверсанттар үдере көтеріліп: "Өйтсе бәрін тонайды" деген сылтаумен процестерді, керісінше күрделендіруге тырысады. Ал шынтуайтында, табысты дамыған елдердің барлығы мемлекеттік сатып алулар саласына оңтайландырылған, қарапайым жүйелерді енгізгеннен кейін ғана жемқорлықты азайта алды", - дейді ол.

Сондай-ақ маман мемлекеттік сатып алулар заңнамасын жемқорлықпен күрестің басты құралына айналдыру қате, себебі мұндайда барлығы жауапкершіліктен қаша бастайды немесе бұл мемлекеттік қызметкерлердің кез келген әрекетін жемқорлық деп қарастыруға әкеліп соғуы мүмкін екенін айтады.

"Шындығында, жемқорлықпен күрес үшін әлдеқайда тиімді құралдар бар, әсіресе бұл ретте жаппай декларациялау жүйесін енгізу маңызды рөл атқарады. Қалай дегенмен де осы бастамалар бюрократияны жеңеді ме, әлде керісінше  бюрократия оның маңызын жояды ма,  бұл жағы алдағы жарты жылда белгілі болып қалады", деп сөзін түйіндейді Олжас Құдайбергенов.  


Рекомендовать
Последние новости