Бектенов тұсындағы феномен. Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен арылып келеді — сарапшы

Қаракөз Амантай 12 мая 2025 11:08 880

Қазақстан биылғы жылдың алғашқы төрт айында "орта табыс тұзағынан" құтылып, экономикалық құрылымын әртараптандыру бағытында маңызды қадамдар жасады. Бұл туралы белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, егер ел экономикасы жыл соңына дейін қазіргі серпінді қарқынын сақтап қалса, Қазақстан мұнай бағасы құлаған кезеңнің өзінде 6 пайыздық өсімге қол жеткізген "феноменалды экономика" ретінде танылуы мүмкін.

"2025 жылы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан экономикасының өсуі 6% болды. Ең мықты импульсті көлік және тасымал саласы беріп отыр. Осы сала 22,4 пайызға өскен. Біз жаңа темір жолдарын пайдалануға беру арқылы теміржолдағы жүк тасымалын жақсы арттырғанбыз. Яғни көбірек жүк таси бастадық. Бұл еліміздің транзиттік логистикалық бизнесті жақсы жолға қойғанын байқатады. Онымен қатар, транзиттік құбыр арқылы шикізат тасуды да жақсы дамыттық", — дейді Айбар Олжай.

Экономикалық өсімге елеулі үлес қосқан тағы бір сала — құрылыс. Бұл секторда нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2 пайызға артқан. Сарапшының сөзінше, құрылыс саласының мультипликативтік әсері зор: ол отандық құрылыс материалдары өндірісіне де серпін беруде.

"Құрылыс тоқтап тұрған жоқ. Көптеген өңірлерде нысандар бой көтеріп келеді. Құрылыстың мультиәсері ауқымды екенін ескерсек, осы саланың дамуы отандық материал өндірісіне де қолдау көрсетуде", - деп қосты ол.

Айбар Олжай мұнайға тәуелділіктен арылудың басты жолы — өңдеу өнеркәсібін дамыту екенін айтады.

"Өңдеу саласындағы өсім 7,2% болды. Оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу 12%-ға, темекі өнімдерін шығару 26,3%-ға, химиялық өнімдерді өндіру 11,2%-ға және машина жасау 11,2%-ға артып отыр", - дейді ол.

Сарапшы химия саласындағы өсімге әлемдік алпауыт Henkel компаниясының ықпал еткенін атап өтті. Компания Ресейдегі кеңсесін Қазақстанға көшіріп, Қонаев қаласындағы зауыттың өндірістік қуатын ұлғайтқан.

"Алпауыттың Қонаев қаласындағы химия зауыты өндірістік қуатын артырып, қазіргі таңда Қазақстанда шығарылған өнім бүкіл Орталық Азия мен Кавказды қамтып отыр", - дейді ол.

Темекі өндірісінде де ірі жобалар жүзеге асырылуда. Алматы облысында Philip Morris компаниясы IQOS стиктерін шығара бастаса, кореялық KT&G компаниясы да осы өңірде зауыт ашып, толыққанды жұмысқа кірісті.

"Олжас Бектеновтың дәуірінде Қазақстан мұнайға деген басы бүтін тәуелділіктен ақырындап құтыла бастаған сияқты. Біз 30 жыл бойы «осыны неге істемеске» деп келдік. Енді мұнай ғасырының аяқталуына деген дайындығымызды жалғастыра беру қажет. Жақын жылдары біздің экономикалық құрылымда шикі мұнай үлесін 15 пайыз деңгейіне дейін түсіре алсақ, шикізаттық бағыттан өңдеуші бағытқа трансформацияны сәтті аяқтадық деп есептей аламыз. Бірақ ол үшін әлі көп шаруа тындыру қажет", — дейді Айбар Олжай.


Рекомендовать
Последние новости