Бектенов мемлекеттік елтаңбаның өзгеруіне байланысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 26 апр. 2024 17:10 5655

Қазақстанда мемлекеттік елтаңбаны өзгерту мәселесі бойынша сарапшылар пулы құрылуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда әр саладан арнайы мамандар жасақталып жатыр.

"Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда мемлекеттік елтаңбаны өзгерту мәселесін талқылау үшін депутаттар мен қоғам қайраткерлері, тарих, филология, археология, антропология және әлеуметтану саласының ғалымдары арасынан сарапшылар тобы жасақталып жатыр. Барлық аспектіні объективті қарастыру үшін ортақ пікірге келсек, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан комиссия құру жоспарлануда", - деді Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңабаны өзгерту керек екенін, ол Кеңес заманындағы Гербке ұқсап қалатынын мәлімдеген еді.

Бұл ұсыныстан кейін қоғамда Елтаңбаға қатысты қызу пікірталас басталып кетті.

Dalanews.kz тілшісі сарапшылармен сұхбаттасып, әлеуметтік желідегі осы тақырыптағы жазбаларға да шолу жасады.

Президент Елтаңбаға қатысты пікірінде "эклетика" сөзін қолданады. Бұл сөздің ашық дереккөздегі мағынасына назар аударсақ, архитектура мен бейнелеу өнеріне алуан үлгідегі көркем өнер элементтерін тұтастай талғамсыз қолдану дегенді білдіреді екен.

"Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", - деді Тоқаев.

Ал тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев Елтаңбада көңілге жақпайтын ештеңе жоқ деген пікірде.

"Жеке өз басым ҚР Елтаңбасынан сөкет, көңілге жақпайтын еш нәрсе көріп отырған жоқпын. Осы идеяны президентке ұсынған кеңесшілерден сұрау керек. Меніңше, Гербті өзгерткенмен ештеңе өзгермейді, оған кететін ақыл-ой мен күш- жігерді, барлық материалдық, қаржылай шығындарды басқа мақсатқа, бағытқа жұмсау керек", - деді профессор.

Сарапшы Баяужұма Асылбек бұл таласқа пікір білдірді.

"Жалпы өзім Елтаңбаны өзгертуге қарсымын. Біріншіден, Елтаңбада 40-тан аса элемент бар. Уықтан, шаңырақтан бастап пыраққа дейін бүкіл ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды, тарихты көрсетіп тұрған дүние. Бес жұлдыз Қытайдың да, Түркияның да, Американың да туында бар. Бес жұлдыз қазақтың жұлдызы жарқырай берсін, биікте тұрсын дегенді білдіреді. Темірқазық деген жұлдыз бар. Соны білдіреді. Сондықтан дәл қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді өзгертудің ешқандай қажеті жоқ.

1991 жылы бізді атамекенге сонау Моңғолиядан шақырып әкелген осы көк Ту мен Елтаңбамыз болатын. Елтаңба мен көк Ту жүрегімізге өте жақын.

Мамандар есептеп жатыр ғой, Елтаңбаны ауыстырудың өзінде миллиардтаған теңге қаражат қажет болады. Барлық балабақшадан бастап мемлекеттік мекемелердің Елтаңбаларын ауыстыруға тура келеді. Бұл да қиын экономикалық дағдарыс тұсында ешқандай пайдасыз дүние.

Біздің Елтаңбамыз Американың халықаралық зерттеуінде ең әсем Елтаңба ретінде 9-орынды алады. Сондықтан біз керісінше мемлекеттік рәміздерімізді жастарға насихаттауымыз керек. Елтаңба мен Туымыз бренд болып кеткен, осы арқылы бүкіл дүниежүзі таниды.

...Елтаңбаны өзгерту туралы бастамасын қолдамаймын. Бұл - Президенттің емес, оған айтып отырған бір топ адамның идеясы. Пайда көздеген де болуы мүмкін. Екінші жағы өздерінің абыройларын шығаруды көздеген болар", - дейді сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости