Баянауылда өткен республикалық семинарда Түркістан облысы жүлделі i орынды жеңіп алды

Жарбол Кентұлы 18 июн. 2024 10:21 5953

Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Табиғат аясында кітап оқу» тақырыбында кітапхана әдіскерлеріне және мектеп кітапханашыларына арналған республикалық семинар өтті.  Іс-шараны Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы ұйымдастырған.

Семинар салтанатты түрде аудандық білім бөлімі өкілдерінің және Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-интернат директорының құттықтау сөздерімен  ашылды.  «Көкжиек-Горизонт», «Абай», «Шұғыла» баспаларымен қоса «SMARTKITAPHANA» мектеп кітапханашыларын автоматтандыру және цифрландыру» тақырыбындағы үздік жобаны «Edlıne» ЖШС бизнесті дамыту менеджері Арман Ажимуханов таныстырды. 

Кітапхана саласына тың серпін берген семинарда Баянауыл ауданының ең көрікті жерлері Сабындыкөл жағалауында «Қазыналы Баянауылдағы Сабындыкөл жағалауында кітап оқу тақырыбында» Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды облыстары әдіскерлері мен мектеп кітапханашылары іс-шараларын таныстырса, «Аңызға толы табиғаты көркем Жасыбай көлінің жағалауында кітап оқу» тақырыбында Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстары өз көрсетілімдерін ортаға салды. 

«Ақбет тауының етегіндегі Торайғыр көлінің жағалауында кітап оқу» тақырыбында өз іс-тәжірибелерін Батыс Қазақстан, Жетісу, Павлодар, Ұлытау облыстары да көрсетіп өтті. Көркіне көз тойғысыз Баянауыл тауларында Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары әдіс-тәсілдерімен алмасты.

Алғаш рет табиғат аясында өтіп отырған ауқымды семинар жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде Түркістан облысы жүлделі I орынды қанжығасына байлады. Баянауыл өлкесінің саф ауасын жұтып, табиғатта кітап оқуды насихаттау және Қазақстанның көрікті жерлерін таныту мақсатында өткен семинар өз жалғасын табады.


Рекомендовать
Последние новости