Батыстың жаңарған стратегиясы Орта Азияны Ресей ықпалынан құтқара ма?

Dalanews 20 июл. 2019 03:29 813

ЕуроОдақ Орта Азияға арналған әріптестік стратегиясын жаңартты. «ЕО және Орта Азия: тығыз байланыстың жаңа белестері»  атты өңделген, өзгерген жоба аймаққа не береді, нендей мүмкіндіктерге жол ашады? Батыспен арадағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге дәнекер бола ма?

Dalanews.kz бұған жауап алу үшін Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспановаға сауал жолдаған.

– Батыс біздің ақыл-кеңесімізге құлақ түре ме? Аталған құжатты әзірлеуге аймақ елдері атсалысты ма? 

– Қазақстан өз тарапынан ЕО-ның Орта Азияға қатысты жаңарған құжатын бірқатар ұсыныстармен толықтырды. Әрине, бұл біздің қалауымыз түгелдей орындалады дегенді білдірмейді. Бұл бірінші кезекте Батыстың құжаты, біздің ұсыныстарды елеп-екшеп қажеттісін ғана қабылдады.

Құжаттың көнергені анық. Алғашқы нұсқасы осыдан 12 жыл бұрын әзірленіпті. Ол тұста Батыс біздің пікірімізді білуді қажет деп таппаған-тұғын. Осы жолы аймақ елдерінің барлығымен кеңесіп шықты.

Қазақстан өз тарапынан құжатқа жеке кәсіпкерлікті дамыту туралы тармақты енгізуді өтінді. ЕО елдерінің өзегі – шағын-орта кәсіп. Батыс елімізде шағын бизнесті дамытуға көмектессе артық етпес еді.

– Айтуға ғана оңай, іске асыруға келгенде орындалуы ауыр емес пе?

– Батыс өзі мұхтаж бірқатар тауарларға біздің елден тапсырыс беруіне болар еді. Ауыл шаруашылығы, дәмхана бизнесі, жеңіл өнеркәсіптегі көрген-түйгенімен бөліссе де көптік етпейді. 

 Мәселен Қырғызстандағы апалы-сіңілі 7 қыз тігетін сән үлгілерін әлемнің әйгілі адамдары киеді. Бұл жобаны толықтай Батыс қолдап отыр.

– Біздің ел өз тарапынан тағы қандай ұсыныс айтты?  

– ЕуроОдақ пен Орта Азия арасындағы әріптестік бойынша тәулік бойы хабар тарататын ортақ интернет-портал ашайық деген ұсыныс айттық. Айталық дәл осы порталда студенттерге арналған білім бағдарламалары, оқуға түсудің жолдары жарияланса.

Экология мәселесі де шет қалған жоқ. ЕО таза ауа мен орманды алқаптарды ерекше қорғайды. Батыста суды еш алаңдамай шүмектен-ақ ішуге болады. Соған қарамай өндірісі қарқынды дамыған. Бізге олардан үйренеріміз көп, соның ішінде табиғатты аялауды үйренгеніміз абзал.

Жаңа стратегия туралы Ресей не ойлайды?


17 беттен тұратын стратегия Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанмен арадағы байланысты бұрынғыға қарағанда қарқынды дамытуды көздейді.

«Біздің мақсат Орта Азияны сырт күштердің шабуылына шыдас беретін, тұрақты, дамыған әрі өркендеген аймаққа айналдыру», – дейді ЕО өкілдері. 

Батыс елдері бойынша сарапшы Димаш Абдуллаұлымен тілдескен Dalanews.kz тілшісі мынадай жауап алды:

«Батыстың бізге келгенде бөтен ойы жоқ. Орта Азияны тұрақты әрі өркендеген аймақ ретінде көргісі бар. Осы күнге дейін жолға қойған жобаларды жалғастырғысы келеді. Әрине, уақыт озған сайын стратегия да өңделіп, өзгере түсері анық. Себебі, Орта Азияға келгенде Батыс пен АҚШ ұстанымдары үйлесе бермейді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша жуыр арада Батыстың Орта Азияға қатысты саясаты айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. ЕО үшін бүгінгі әріптестікті әрі қарай да жетілдіре түскен маңызды. 

«Бағдарлама аясында ауған қыздарын Қазақстан және Өзбекстанның орта және жоғары оқу орындарында ЕО есебінен оқыту жұмыстары қолға алынады.

 Бүгінгі күні Қазақстанда Батыс компаниялары инвестиция қүйған 24 жоба жүзеге асуда, олардың жалпы құны 3 млрд доллар. Қазақстанның сауда әріптестері арасында Батыстың үлесі 50 пайызды құрайды.

Батыстың Орта Азия туралы жаңа стратегиясы сөзсіз Еуразиялық экономикалық одақтың, оның ішінде Ресейдің «жанды» жеріне тиеді. Аймақ елдерінің Батыспен қойын-қолтықтасуы еуразиялық интеграцияға қолбайлау болады.

Брюсселдің аймақ елдерімен етене әріптесуі Орта Азияны өрге сүйремесе, орға жықпайды. Батыс аймақ елдірінің әлеуметтік-саяси өміріне белсенді араласса тиісінше бізге келетін инвестиция көлемі де артары анық. Қазақстан да, Қырғызстан да, Өзбекстан да ЕуроОдақпен әріптесуге әзір. Соңғы жылдары мұндай ықылас Тәжікстанда да пайда болды», – дейді ол.

 

Әзірлеген, Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ


 

Рекомендовать
Последние новости