Баталов Талдықорғандағы үш мектептің құрылысымен танысты

Dalanews 23 февр. 2018 07:52 844

Жаңа оқу жылында Талдықорған қаласында үш бірдей жаңа мектеп есігін айқара ашпақ. Атап айтқанда, олар - музыка мектебі және әрқайсысы 1200 орындық екі жалпы білім беретін мектептер. Бұл туралы бүгін облыс әкімі А. Баталовтың қалада салынып жатқан құрылыс нысандарды аралауы барысында белгілі болды,  – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аралау кезінде өңір басшысы Амандық Баталов әр нысанға қатысты ескертпелерін айтып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Облыс орталығындағы 300 орындық музыка мектебі жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында орналасқан. Екі қабатты мектеп өзіне ғана тән сәулеттік шешімімен ерекшеленеді, ғимараттың кейпі амфитеатрға ұқсас, 200 орынға арналған жеке концерт залы бар. Нысандағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.

Осы ауданда 1200 орындық жалпы білім беретін мектептің де құрылысы жүріп жатыр. Амандық Баталов аумақты абаттандырудағы кемшіліктерге, ғимаратқа қойылған желдеткіш шілтердің, карниздердің сапасына қатысты сын-ескертпелерін айтып, қажет жағдайда ауыстыруды тапсырды.

1200 орынға арналған тағы бір мектеп облыс орталығының солтүстік-батыс ауданында салынуда. Бас мердігері – «Melior Logistik», жобалаушы ұйым – «Арлан-Жоба Құрылыс» ЖШС. Бұл білім нысанының құрылысы шілде айында аяқталуы тиіс. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.Осы барғанында облыс әкімі мектептің қасбеті түсінің қандай болатынын нақтылап беріп, сол сияқты таңдалған ішкі есіктерін, жарық шамдары мен еден плиткаларын көріп, мақұлдады.

Осы үш нысанның да салынып бітетін мерзімі шілде айы деп жоспарланып отыр. Білім күнінде бұл білім ошақтары өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдамақ.

Өңір басшысы салынып жатқан коттедж қалашығын да назардан тыс қалдырмады. Онда қазір 48 төрт бөлмелі пәтерден тұратын, жалпы алаңы 5,8 мың м2, блокталған 12 коттедж салынып жатыр.

Аралау барысында айтылғандай, жыл соңына дейін жалпы құны 2,4 млрд. теңге болатын 202 пәтерлік 166 коттедж тұрғызу көзделген. Облыс басшысы Амандық Баталов коттеджді қалашық аумағында шам бағаналарын ауыстыруды ескертті.

Сонымен қатар жаңа драма театры құрылысының барысын көрді.

Осы аралау кезінде қала әкімдігі облыс басшысына тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған қоқыс жәшіктерінің замауни үлгілерін көрсетті. Әзірге «Қаратал» шағын ауданындағы алаңдардың біріне 2 заманауи қоқыс жәшігі қойылған. Оның біріне пластик, шыны, металл, қағаз, полиэтилен, ағаш сияқты құрғақ қоқыс жиналса, екіншісіне дымқыл, яғни органикалық және тағам қалдықтары салынады. Мамыр айында қалада осындай алаңның саны 150-ге жетпек.

Амандық Баталов жаңа контейнерлерді орнатумен қатар құрғақ және дымқыл қалдықтар деп сұрыптап тастау қажеттігін тұрғындарға түсіндіру керектігін айтты.

Аралау соңында облыс әкімі Амандық Баталов салынып жатқан әрбір нысанның ең алдымен сапасына баса назар аудару қажеттігін, ұсақ-түйекке дейін ерекше мән беруді тапсырды.

– Тұрғызылып жатқан нысандардың айналасын көркейту жұмыстары назардан тыс қалмауы керек, сол сияқты шағын сәулеттік формалар орнатылуы тиіс, және олардың әрқайсысы жаңа нысанды толықтырып, айшықтап, ашып тұратындай болуы қажет, – деді А. Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/34204

Рекомендовать
Последние новости