Баталов: "Көп балалы отбасыларға коттедж қалашықтан үй беруді қолға аламыз"

Dalanews 21 февр. 2019 04:14 789

Алматы облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірленуде.

Алматы облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірленуде. Жалпы өткен жылы әлеуметтік көмектің түрлі формаларына 234 мың адам ие болып, 13,8 млрд. теңге алған. Бұл жұмыс жалғаса бермек.

Бұл туралы өзінің есепті жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

А. Баталовтың мәліметінше, халықтың аталған санатын қолдау үшін үш млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктері қарастырылды.


Мәселен. облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасын әзірлеу жұмысы басталды, коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаты беріледі, оның жиынтық сомасы 300 млн. теңге.

Табиғи газға жеңілдікпен қосу да қарастырылып отыр. Бұл мақсатқа 500 млн. теңге бөлінеді.

16 мың жеке тұрғын үйлерге улы газ датчиктері қайтарымсыз орнатылады, оған да 96 млн. теңге жұмсалмақ.

Жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарына оқуға 100 грант бөлінетін болады. Бұл мақсатқа 44,3 млн. теңге қарастырылып отыр. Қазіргі кезде грантта 246 жас оқып жатыр.

Аз қамтылған отбасыларының балалары мектепте ыстық тамақпен 100% қамтылады. Бүгінгі күні осындай 32 мың бала  тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, жазғы демалыспен қамтылған.


Көп балалы аналар үшін қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі шешілген (200 млн. теңге). Бұған дейін тегін жол жүру мүмкіндігін 42 мың мектеп оқушысы, студенттер мен зейнеткерлер пайдаланып келді.

Оған қоса халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын отбасыларынан  шыққан 31 мың баланың балабақшаларда тамағын субсидиялау  ойластырылды, оған бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінеді.

Бұл орайда әрбір аудан мен ауылдық округтерде электронды Әлеуметтік карта жасалады. Сонымен қатар аудан орталықтары мен қалаларда «Бір терезе» қағидатымен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына қызмет көрсететін орталықтар ашылады.

 

Рекомендовать
Последние новости