Басшы азамат туралы бір сөз

Dalanews 20 окт. 2016 13:38 873

Бұл өзі, - әйгілі ақын Фаризаның (Оңғарсынова Фаризаны айтып отырмыз) Шыңғыстауға бір сапарында, мендей киномеханик-ақын пендені Қарауылдан тапқыздыртып алып, «бет-жүзімді барлап қайтқанынан» біраз кейін болған жағдай-тын. Шамасы, Абайдың 150 жылдығынан бергі жылдардың бірі. Ол шақ - Фариза апайымның билікте шіреніп жүретіндерді иттің етінен жек көретінін, кездесе қалса, ондай астамдарды қатулы қабағымен-ақ «сілейте» салатын өзгеше қаһары мен сұсы барын әбден біліп алған кезім.

[caption id="attachment_20918" align="alignleft" width="340"]%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%ba Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Жақсылық Омар[/caption]

Семейдемін. Келді қалаға. Жас таланттарға үнемі қамқор болып жүретін ақын апаймыз біздей жаман бауырын атшабарларға тағы да «тапқыздыртып алды». Сонсоң, менің жағдайымды сұрады да, бірден қала әкіміне алып барды. – «Иэ, қалайсыңдар?» деп басталатын аман-саулығынан кейін, әлі есімде, әкімге былай деген еді сонда: - Иэ, осы сендер, айналайындар, мына жерлестеріңді білесіңдер ме? 
Әкіміміз «білеміз ғой...» деп қалбалақтап жатыр. Онысы өтірік, әрине. 
- Білмесеңдер, айтайын, бұл – ақын, айналайындар! Құдайдың бір аты халық болса, тағы бір аты – ақын. Әуелі ақынға қызмет етіңдер, шікірейе бермей. Ол қызметтерің – халыққа қызмет. Өйткені, ақын – елдің миы мен жүрегін жалғастырып тұратын жұлын-жүйкесі, айналайындар!..
Фариза апамыз Семейге онан кейін де келді. Онда да қасына ертіп алды. Сол баяғы жағдай тағы да. Өз жерлес ақынын да танымайтын, әдеби процесстен де мақұрым кезекті бір әкім. Бірақ, Фаризадай адуынның алдындағы қалбалағы - сол баяғы әкімдікіндегідей жалған қалбалақ тағы да. 
Неге екенін білмеймін, жалпы, биліктегі кейбір астам азаматтарды ұнатпаушылық түріндегі бір қуатты сезім осы күнге дейін мені де «өз тұтқынынан» еш босатпай келеді. Соның өзі - ғасырлар бойғы ақпатшалық-қызылпатшалық Орыс империясының озбыр билігінен еңсесі әбден езіліп-жаншылып қалған бейшара елдің дәті әбден запы болған баласы ретінде, өзім де түпкілікті танып-біле алмаған бейсаналық деңгейдегі алапат қаракөк кегімнің көкірегімде сақталып қалған түйсіктік бір тозағының сұрапылы сияқты. Несін жасырайын, ел тәуелсіздігі әлдеқашан жарияланса да, ол «тозақ» көкейімде әлі де «бықсып-жанып жатыр». Ең басты «қоздандырғышы» – Ата Тіл жағдайы. Оның мен қалаға келгеннен бергі отыз жылдайғы тағдыры әлі де - «қылкөпір үстінде» қалт-құлт күйде. Неге? Себебі, осы кезеңге дейінгі билік өкілдерінің дені – тек өндіріспен, шаруашылықпен айналысуға ғана қабілетті шенеуніктер болып келеді. Мемлекет Тілі келешегінің оларды онша толғандыра қоймайтыны да содан. Ал, мемлекетіміздің бірден-бір хақ иесі ретіндегі Қазақтың да Жаны – өз Ата Тілінде. Ата Тіл сорлы күйде болса, өнер, білімнің, руханияттың, айналып келгенде, тұтас бір ұлттың гүлденуі жайында күпінудің өзі – ақымақтық.
Жә, біздің елде әкімдер өз басшылық өкілеттігін халықтан алмайды, тікелей Елбасынан алады. Көп жағдайда, басшы азаматтарымыздың тек «елбасылық тапсырманы» ғана орындап, халықтың жалпы рухани талап-тілегін, ел руханиятын ұмытып кете беретіні де сол себепті. Ақын мандаты – тікелей Тәңірден һәм халықтан. Сондайлық ақын болмасақ та, ұлттың өз парасаты мен мәрттігін, бабалық Тегін сақтап қалуы жолындағы үдемелі тарихи үрдісіне ұйытқы болар сондай өкілеттікке лайық қасиетті қызметті біздің де атқарғымыз келеді. Көкірек-көзімізге биліктегі әлгіндей «шаруақор әкімдер» шалағайлығының дәйім шалына кететіндігі де содан болса керек. 
Әлбетте, билікте шын мәнісінде елім деп аянбай еңбек ететін жекелеме тұлғалардың болмауы да мүмкін емес. Бар ондай азаматтар. Айтайын деп отырғанымыз да – сондай іріліктің жарқын бір мысалы жайында. 
Кеше, Семейде, қалалық Мәдениет Сарайының алпысбесжылдық салтанаты болып өтті. Республикалық маңызы бар уақиға болып табылатын ол салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Омар да қатысты. Арнайы шетелдік делегацияны да ерте келіпті. Ұзақ жолдан шалдыққанына да қарамастан, алдын ала дайындап аларлық «дәстүрлі қағазға» да үңілместен, ғылыми баяндамаға бергісіз тебіреністі сөз сөйледі. Жалпы, мен ол азаматты Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев облыс әкімі болып тұрған кезден білем. Әкімдіктің сол жылдары атқарған сапалы қызметі – сан салалы. Олар өңір тарихында, ел есінде өшпестей болып жазылып қалды. Ең бастысы, басқару ісінде «Денең – Жан нұрлы болса, - жөнделмек» (Шаһкерім) қағидасын басшылыққа алған со кездегі облыс әкімшілігінің негізгі мақсаты - ел руханиятын жаңғырта, қарқынды өрістету еді. Ол тұрғыда, жаңадан дәстүрге енгізілген сандаған ғылыми, мәдени шаралар республикалық, халықаралық деңгейде үнемі зор ыждаһаттылықпен адал да нәтижелі атқарылумен болды. Соның барлығының басы-қасынан жап-жас Жақсылық Мұқашұлы да өз қызметіне лайық іскерлігімен, ұйымдастырушылық әз қабілетімен ерекше көріне білді. Қазақтың әйгілі әнші-композиторы Тұрсынғазы Рахимов мезгілсіз Дүние салғанда да, шалғайдағы Өскеменнен ежелгі дәстүр бойынша «ойбауырым»-далап аңырана жеткендердің алды болған, сол қаралы процессияның барынша абыройлы да тағылымды болып өтпегіне қолынан келгенше көмектесіп баққан азамат та – Жақсылық-тұғын. Тұрсынғазы Рахимовтың жуырда өтуі тиіс еске алу кеші мен асында да аталмыш азамат халықпен бірге болады деген сенімдеміз.

Мінезге – бай, тілге – шешен, жүріс-тұрысы - қарапайым. Сонысымен де қарашаға қадірлі басшы. Ең тамашасы - өнерге ынтық, ел жасампаздығына ғашық. Ақындықты пір тұтады. Бойында қазіргі көп-көп басшы азаматтарда бола бермейтін бекзаттық бар бір. Егер, аяулы Фариза апайымыз тірі болып, бізді сол, Жақсылық Мұқашұлы інімізге де ертіп апарған жағдайда, о Кісінің әкімдерге кезінде налып айтқан жоғарыдағыдай қапалы сөздері қайталана айтылмас еді деп ойлаймын. Өйткені, адамтанудың да, әкімтанудың да нағыз шебері еді ғой жарықтық Фариза апай.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.


 

Рекомендовать
Последние новости