Бәсекелестікті қорғау агенттігі Тele2/Altel, Beeline, Кселл-ге қатысты тергеуді неге тоқатты?

Кәмшат Тілеухан 05 дек. 2024 00:04 468

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел" ЖШС (Beeline) операторларына қатысты тергеп-тексеруді доғарды. Аталған компаниялар агенттіктің шешіміне қарсы сотқа арызданды. Есесіне, агенттік енді "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты осындай заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеруді бастады, деп жазады Dalanews.kz.

"2023 жылы ұялы байланыс қызметтерінің бағасының өсу фактілерін қарау аясында "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел" ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша, тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексерулерді бастады. Сонымен қатар, ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнының 18 теңге мөлшерінде бірдей бағасын белгілеу әрекеттерінде құқық бұзушылық белгілері анықталғанына байланысты, операторларға осы белгілерді жою туралы хабарламалар жіберілді. Хабарламаларда бағаны негізделген түрде төмендету қажеттігі көрсетілген", - дейді агенттіктің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында ұялы байланыс операторлары қабылданған шараларға қатысты сот органдарына шағым түсірген. Осыған байланысты тергеу істері тиісті сот шешімдері қабылданғанға дейін тоқтатылды.

Агенттік 2024 жылғы 19 қарашада Астана қаласы бойынша департаменті "КаР-Тел" ЖШС-ға қатысты үй интернетінің жылдамдығын тарифтік пакеттерде таңдауға тұтынушыларды шектеу арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін жою туралы хабарлама жолдағанын еске салады.

Сонымен қатар, "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты осындай заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталды.

"2024 жылы бағаның өсу фактілері бойынша агенттік ағымдағы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады. Сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсаннан бастап тарифтердің көтерілуі туралы операторлардың БАҚ-та жарияланымдарына байланысты, Агенттік ұялы байланыс операторларына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескертулер жіберді", делінген агенттік түсініктемесінде.


Рекомендовать
Последние новости