Бас әскери прокурор Челахтың мәлімдемесінде жаңалық жоқ екенін айтты

Dalanews 14 сент. 2023 11:58 816

Бас әскери прокурор Дастан Секенов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың өтінішіне қатысты пікір білдірді.

Дастан Секенов Владислав Челах жыл сайын халыққа мәлімдеме жасап, бұрын белгісіз болған жайттарды хабарлауға дайын екенін, алайда бұл мәлімдемеде жаңалық жоғын айтты.

«Челахқа қатысты сот үкімі 2012 жылы заңды күшіне енді. Одан кейін қанша уақыт өтті. Кейін ол белгіленген тәртіппен Бас прокуратураға, Бас әскери прокуратураға және Жоғарғы сотқа шағымданды. Ол жаңа дәлел келтірмеді. Сондықтан біз бұл өтініштерді қанағаттандырмадық. Бұл жағдайға қатысты жаңа ақпарат та жоқ. Жыл сайын ол халыққа мәлімдеме жасап, жаңа мәліметтер жариялайтынын айтады. Бірақ онда жаңа ақпарат жоқ», – деді Дастан Секенов.


Тілші қауымының  «Челахтың 10 жыл өте де, сот үкімімен неге келісе алмайтынын және тергеу органдары істі тергеуде қателік жіберіп алуы мүмкін бе?» деген сұрағына: «Бұл адамның психологиялық ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Адам үшін жаппай кісі өлтіру қалыпты жағдай емес», – деп жауап берді. Бас әскери прокурор Челахтың психологиялық тұрғыдағы жағдайына қатысты «белгіленген тәртіп бар және сотталушы мерзімді түрде тексерілуден өтеді, оның барлық шағымы құзырлы органдарға жіберіледі», – деді.

«Сараптама бойынша, ол психикалық тұрғыда сау деп танылды, бірақ тұлғалық қасиеттер бар. Иә. Мен процесске қатыстым, ол ашық өтті, барлық қылмыстық-процессуалдық норма сақталды», – деді ол.


Қазақстан тарихында көп адамның өлімі бойынша сотталушы бұған дейін хатында қанды «Арқанкергеннің» бұрын белгісіз болған жайттарын хабарлауға дайын екенін мәлімдеген болатын. Енді 10 жыл бұрынғы істің архив материалдары Бас прокуратурада қаралады.

2012 жылғы мамырда Алматы облысындағы биік таулы шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы өлі табылған болатын. Арқанкергеннің он бесінші әскери қызметкері Владислав Челах бірнеше күннен кейін табылды. Ол басты күдікті болды. Сол жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Рекомендовать
Последние новости