«Бармақ басты, көз қысты» әрекетті доғару қажет – Тоқаев

Dalanews 12 дек. 2022 07:23 1007

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, еліміз үшін өзекті мәселелерге қатысты өз ойын ашып айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Ауылдық жерлерді дамыту керек. Мен Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым.

Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады. Тұжырымдаманы әзірлеуге мамандарды, шаруаларды және жергілікті қоғам белсенділерін тарту қажет.

Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек. Әрине, ол нақты іске асырылуға тиіс. Жер – ауылдағы тұрғындардың негізгі табыс көзі. Өкінішке қарай, елді мекендердің төңірегінде жайылым жетіспейді. Шамамен 8,8 миллион гектар жер тапшы.

Менің тапсырмаммен 5,2 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – негізінен, жайылымдық жерлер. Енді Үкімет облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жерді бөліп-тарату үшін мониторинг картасын әзірлеуге тиіс. Сол арқылы жайылымдық жерге мұқтаж ауыл халқының жағдайын жасаймыз, – деді Тоқаев.

– Жалпы, «Бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр.


Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек.

Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ, – деп Президент ойын ортаға салды.

https://dalanews.kz/aimak/84368-elordada-astana-food-fest-gastronomiialyq-festival

 

Рекомендовать
Последние новости