Bank of America мұнай бағасы 65 долларға дейін төмендейтінін болжады. Бұл нені білдіреді?

Кәмшат Тілеухан 09 дек. 2024 13:09 705

Bank of America мұнай бағасының 2025 жылы орташа есеппен 65 долларға дейін төмендейді деп болжайды. Экономикалық өсімі мұнай табысына байланған Қазақстан үшін, әрине бұл жақсы емес, деп жазады Dalanews.kz.

"Мұнай тапшылығы деген болмайды, Сондықтан біз 2025 жылы мұнай бойынша бұрынғы позициямызды сақтаймыз", - дейді  Bank of America. Демек, бұл 2025 жылы АҚШ мұнай өндірісі көлемін арттыратынын білдіреді. Банк сарапшылары да бұл ретте 2022 жылғы кезеңді еске салады. Ол кезде АҚШ мұнай өндірісін рекордтық деңгейге дейін өрістеткен болатын. Бүгінгі таңда әлемдік мұнай өндірісіндегі АҚШ-тың үлесі 20% құрайды.

Жалпы, өткен жұмадағы қорытынды бойынша ОПЕК+ елдерінің нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға салған күш-жігеріне қарамастан  Brent мұнайының бір баррелі 71,1 долларға дейін төмендеді (-1,4%). Мұнай трейдерлерінің назары, негізінен, Baker Hughes келтірген деректерге қадалды.  АҚШ-тағы мұнай және газ кеніштерін игеруші қондырғылар саны сегіз аптада алғаш рет өсімді көрсетті: 482 (+5) және 102 (+2) дейін, бұл әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші өндірісі өсімінің ұлғаюын танытуы  мүмкін.

Осы жағынан алғанда, АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамптың сайлауалды мәлімдемесі жалаң сөз болмай шықты, ол енді сол кездегі уәдесіне шындап жең түре кірісуге дайын секілді. Ал ол "керек болса, мұнай бағасын 40 долларға дейін "құлатамын" деген болатын. Шетелдік сарапшылар да Дональд Трамп мұнай бағасын кем дегенде 50 доллар болуын қалайтынын, ол соған күш салуы мүмкін екенін аракідік айтып қалады.

Әрине, ел экономикасының өсімі мұнай табысына байланған Қазақстан үшін бұл жақсы емес.

Мысалы, Halyk Finance сарапшысы Нұрлан Қанжанов 2024 жылғы жалпы ішкі өнім көрсеткішісінің өсімі былтырғы деңгейден аспақ түгілі, оны қайталай да алмайтынын болжап отырғандарын айтады. Бұған басты себеп - биылғы мұнай өндірісі көлемінің қысқаруы.

"Биыл Қазақстанда мұнай өндірісі көлемінің төмендеуі 2024 жылдың соңына қарай ЖІӨ өсу қарқынының одан әрі баяулауына әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, өткен жылдың көрсеткішін игере алмай қалу қаупі бар. 2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша тау-кен өндірісі секторындағы өсім небәрі 0,3%-ды құрады. Біздің болжамдарымызға сәйкес, IV-тоқсанда бұл көрсеткіштің жылдық мәнде 1%-дан аспайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісі көлемінің қысқаруына байланысты. Экономиканың басқа секторларында, әсіресе қазір қарқынды дамып келе жатқан сауда-саттық саласында ағымдағы өсу мәндері сақталған жағдайда да, 2024 жылы ЖІӨ-нің жалпы өсімі өткен жылғы деңгейден айтарлықтай төмен болады деп күтіледі. Біз ағымдағы жылы 4%-дық экономиканың жоғары өсімі болады деп күтпейміз, 2024 жылдың соңындағы болжамымыз 3,9% деңгейінде қала береді", - дейді ол.  

Оның үстіне үкімет өткенде құлдырап, қайта бойын тіктей бастаған теңгеміздің бұндай күйге түсуінің үш себебін атаған болатын. Соның бірі мұнай бағасының төмендеуі болғанын еске сала кетелік.

Үкімет 2025 жылғы бюджет жоспарында мұнайдың бір баррелі ОПЕК+ бекіткен 75 долларға сүйенеді, ал пессимистік жоспарында бұл көрсеткіш 60 долларды құрайтынын айта кетелік. Қаржыгер Болат Жәмішев пессимистік жоспардың күні туған жағдайда, яғни экспорттық тауарлардың бағасы төмендегенде бюджетті шорт кесуге тура келетінін, ондайда қарапайым халыққа қиын болатынын айтқан еді.


Рекомендовать
Последние новости