Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған "Нұртау" тау шаңғы курорты сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Курорттың жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін, оның ішінде ғимараттар, жер учаскелері мен нысандарын қоса алғанда нарықтағы құны 11,8 млрд теңге деп бағаланды. Сауда форматы бойынша нысан мемлекеттік заңды тұлғалардың балансында бекітіліп, іс жүзінде тегін берілуі қарастырылған.
Қазіргі уақытта курорт Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тіркелген.
Балушкин ісі
Еске сала кетейік, 2025 жылғы сәуірде Қазақстан соты аса ірі көлемдегі алаяқтық пен салық төлеуден жалтару ісі бойынша Анатолий Балушкинді сырттай 9 жылға, ал Ерік Сағымбаевты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді.
Қылмыстық іс аясында сотқа алдын ала тәркілеу туралы өтініш жолданып, онда "Рахмановские ключи", "Нұртау" және "Порт Фортуна" сияқты 77 жылжымайтын мүлік нысандары қамтылды.
Айыптау нұсқасына сай, Балушкин мен "Азия Автоның" бас директоры Ерік Сағымбаев банктен алынған несиелер мен салықты төлемеу мақсатында 230 млрд теңге қаржыны жымқырған. Бұл қаражат автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыру зауытын салуға арналған болатын. Балушкин 2021 жылдың тамызынан бастап халықаралық іздеуде.
2025 жылдың наурызында сот "Азия Автоның" тағы сегіз топ-менеджеріне үкім шығарды. Олар алаяқтық, қаржы жымқыру және салықтан жалтару баптарымен айыпталды. Екі адам ақталды. "Алаяқтық" бабы кейін "Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік зиян келтіру" бабына ауыстырылды. Сотталғандарға 2,5 жылдан 2 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, олардың тергеу изоляторында және үйқамақта өткізген уақыты ескеріліп, жазалары өтелген деп танылды.
Аталған атышулы іс бойынша жәбірленушілер ретінде Jusan Bank және Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі — Индустрия және құрылыс министрлігі) танылған.
Ал күзде Ресей "Азия-Авто" автомобиль зауытының экс-топ-менеджерлері Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Қазақстанға қайтаруға келіспей отырғаны белгілі болды.
Қазақстан Бас прокуратурасының түсіндіруінше, басқа елде жүрген Ресей азаматтарына қатысты қазақстандық соттардың шығарған үкімдерін Ресей аумағында мойындау және орындау тәртібі 2002 жылғы 7 қазандағы «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы» конвенциямен реттеледі. Осы келісімге сүйене отырып, Қазақстан тарапы Ресейге Балушкин мен Сағымбаев жөніндегі сот шешімін тану және орындау туралы бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда Ресейдің әділет министрлігі бұл сұрауларды қанағаттандырмаған.
Бас прокуратура мұны Ресейдің аталған конвенцияны ратификациялау кезінде өз азаматтарына қатысты шетел соттары шығарған үкімдерді тану және орындауға міндеттейтін 109-бапты қолданбау туралы арнайы ескертпе қалдыруымен түсіндірді.
Сонымен бірге ведомство Балушкин мен Сағымбаевтың іздеуден алынбағанын мәлімдеді. Сондықтан олар басқа мемлекетте табылып, ұсталған жағдайда, оларды экстрадициялау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
