Бала тәрбиесі: дәстүр және ауыз әдебиеті

Dalanews 17 нояб. 2017 05:09 3292

Халқымыздың бай ауыз әдебиеті арқылы ата-бабаларымыз қалдырған мұраларға сүйеніп, балдырғандардың еңбекке, өнер-білімге деген құлшынысын арттырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын біліп өсуіне, рухани адамгершілік қасиеттерге баули аламыз. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін бала  тәрбиесіне арқау етіп, өнеге көрсетудің маңызы зор.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ауыз әдебиетіндегі өлең-жыр, тақпақ, жаңылтпаш, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар, шешендік сөздер, тиым сөздер, санамақтар әр тәрбиешінің жұмысында негізгі орын алуы тиіс. Осы салаларды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай және оларды жалықтырып алмайтындай етіп, бойларына сіңіру әрі олардың тілдерін дамыту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, сәби жастан бастап балаларға ертегі тыңдатып, халық ауыз әдебиетімен сусындату келешек ұрпақтың ойының ұшқырлығына, тілінің байлылығына, сана – сезімінің өсіп дамуына көп әсерін тигізеді.

Халықтық тәлім-тәрбиедегі санамақтар баланы тез санауға және де ауызша есептерді тез үйренуге тәрбиелейді. «Ойлайық та, ойнайық», «Шешендікке баулу», «Ойнай біл, ойлай біл», «Сергіту жаттығулары», «Әдемілік, әдептілік» атты кітапшалар 5-6 жастағы балалармен ойын түрінде өткізілетін сабақта қолдануға болады.

Санамақты халық негізінен жас балаға сан үйрету мақсатында шығарған. Санамақ балаға санды үйретеді, әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Балаларды шешендікке баулуда билермен хандардың, ақындар мен шешендердің, данышпандардың өнегесін үнемі үйретіп отыру қажет. Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі балалардың ең сүйіп тыңдайтыны ертегілер.

Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс, анық сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр жаңылтпаштар мен жұмбақтар. Жаңылтпаштар арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді, ал жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой-қиялын ұштауға әсер етеді.

Мектепке дейінгі балаларды өз ана тілінде сөйлеуге үйретуде, тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұйымдастыруда олардың сөйлеу тілін дамытуға, сөз құрастырып сөйлеуіне, сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлген жөн. Сәбилердің дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіруде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше.

Балабақшада тіл дамыту жұмыстарын айнала қоршаған ортамен, сондай-ақ көркем әдебиетпен таныстыру арқылы жүзеге асыруға болады. Балаға әңгімелеп айтуға, оқып тыңдауға, жаттауға арналған материал оның даму деңгейіне, жас шамасына лайықты болғаны жөн. Әдеби шығармалардың тілі жеңіл де, көркем, балаға түсінікті, олардың сөз қорын жаңа сөздермен байытатындай болуы керек.

Ертегі – адам даналығының қиял-ғажайып туындысы, ол адамды қуанышқа кенелтеді, өз күшіне, болашағына деген сенімін ұштап, батырлыққа, адамгершілікке, шынайылыққа тәрбиелейді. Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі балалардың ең сүйіп тыңдайтыны ертегілер. Балаларға ертегіні әңгімелеп бергеннен кейін оны сахналап қойып, және қуыршақ, саусақ театрлары арқылы көрсетіп үйреткен тиімді.

Қазақ ертегілері адамды сиқырлы күштермен таңғалдырады: самұрық құстың алыптығы, адамша сөйлейтін Шалқұйрық, жәндіктер де бар... Бұл ғажайып кейіпкерлер ертегіден ертегіге «көшіп» жүреді. Ертегі мен кейіпкерлердің аттары әртүрлі, сюжеттері ұқсас болып келеді. Балаға адамдық қасиеттің нәрі ертегі арқылы ана сүтімен қоса сіңіріледі. Өйткені, оның жаны күнәдан пәк, таза, көңілінде күдік жоқ. Бәріміз де жақсы, жанға жайлы, рахат табатын ертегіні тыңдап, сол ертегілерден адам бойына керектіні сіңіріп өстік. Бала жанын қоректендіретін рухани қор – айналадағы барлық табиғат болмысы, жанды мақұлықтың бәрімен табыстыратын, терең де таңғажайып сырларға толы ертегілер.

Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол – балаларға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық. Руханилық – жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады.

Балалық шақтан балаларды қоршаған болмысқа дұрыс түсінікті тәрбиелеу қажет. Әрине, бала қоршаған ортамен өзі танысады. Дегенмен, отбасы, балабақша балада болмысқа деген белсенді танымдық қатынасты оятуға бағытталуы керек. Болмысқа танымдық қатынасты ояту мен тәрбиелеудің бір жолы – өмірді тікелей бақылаудан басқа танымдық әдебиеттерде жатыр. Бүгінгі күні оқытуға қойылып отырған талаптардың бірі – өмір шындығын балаларға халық ауызекі шығармашылығы арқылы көрсету, оның негізінде балалардың ой-өрісін, қиялын, эстетикалық және адамгершілік сезімдерін дамыта отырып, олардың халық шығармашылығына сүйіспеншілік, еңбексүйгіштікке деген көзқарасын арттыру болып табылады.

Егер халық ертегілеріне педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, мұның жасөспірімдерге танымдық әсері жоғары. Халық ертегілерінің таңдаулы үлгілері ғасырлар бойы жасалған халық шығармашылығы болғандықтан оның ішінен көркем тіл де, терең ой да, тамаша үздік кейіпкерлер де табылады.

5-6 жастағы балаларға кітаптан көлемдірек ертегі, әңгіме оқып беріп, оқылған шығарманы 15-20 минут тыныш тыңдай білуге, әңгімелеп беруге үйрету қажет. Сондай-ақ оқылған әңгіме, ертегі мазмұнына сай бір оқиға төңірегінде (демалыста, саяхатта) сурет бойынша әңгіме құрап айтуға мүмкіндік жасау керек. Мысалы. «Шалқан» ертегісіндегі кейіпкерлерді рет-ретімен қою арқылы бала ертегіні толықтай айтып шығуға талпынады.

Шығармаларды оқытқан кезде қоғамдық өмірге, іс-әрекеттерге байланысты жаңа сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп отырған жөн. Көркем әдебиет арқылы бала тілін дамытуда тек қана ертегі, өлең, әңгімемен шектелмей жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтел түрлерінің де мәні зор.

Бала тілін дамытуға көркем әдебиет түрлерін орынды пайдалана білген әрбір тәрбиеші баланың санасын арттыра отырып, түсінігін кеңейтіп, ұғымын байытады.

Балабақшадағы балаға берілетін бүгінгі тәрбиенің ең өзек алатын жері – ол ата-бабадан қалған асыл мұра. Біз болашақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын қазақ тілі мұғалімдері халқымыздың таусылмас бай асыл мұрасына жүгінсек, ұрпағымыз біздің іс-тәжірибемізге, ой-санамызға, парасатымызға жүгінуі тиіс. Біздің балабақшамыздағы жүргізіліп жатқан жұмыс бағыты балаларды ата-бабадан қалған салт-дәстүрлерге, адамгершілікке баули отырып, жаңа дәуір технологиясын табысты игеру. Алға қойған мақсатымызды жүзеге асу үшін біз ең алдымен өзіміздің ана тілімізді толық меңгеруіміз қажет. Бүгінгі таңда тіл туралы көп айтылады. Ана тілін қастерлеген адам өз халқының тарихын, тұрмыс жағдайын, тыныс тіршілігін жақсы біледі.

Сондықтан балабақшадан бастап өз ана тілімізде сөйлеп, өз халқымыздың қадір-қасиеті, рухани құндылығымызды біліп өссек, болашақ ұрпақта өз тілін қадір тұтады. Тіпті өмірде болып жатқан жаңалық та, басқа да өзгерістер біздің сана-сезімімізге өз деңгейінде келіп жетіп, жалғасын табады. Бала бойына Отанына деген сүйіспеншілік қасиет сәби шағынан бастап сіңеді. Тіліміздің құндылығы бала жүрегінде сақталады.

Біздің «177 бөбекжай» балабақшасында тәрбиелеу, оқыту жұмысында балалардың тілін, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті іс-әрекет кезінде тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән беріледі.

Балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын тапсырма жаттығулардың орны ерекше.

Отбасында, ұйымдастырылған оқу, іс әрекеттер де балаларға ертегі, әңгіме, өлеңдерді оқып беру – балалардың оқылған шығармалардың мазмұнынан қуанышқа бөленіп, оқиғаны талдауға қатысуға, оны сахналауға ынтасын оятады.

Ата-бабаларымыз өмірдегі бар асылын ұрпағына арнаған, оның келешегін әріден ойлап, нәрестенің дүниеге келген сәтінен-ақ шілдехана, бесіктойы, тұсаукесу, тілашар рәсімдерін жасаған. Оны өлең жырмен кестелеп, баланың құлағына әуенмен жеткізе білген. Халықтық педагогика – ұлттық қазына, сондықтан да оқу-тәрбие жұмыстарына оны кеңінен қолданып, бала бойына ата-баба өсиеттерін, салт-дәстүрін сіңіріп, халық қамын ойлайтын тілін, дінін терең білетін, ұлтжанды, білімді жас ұрпақ тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет. Олай болса, тәрбие саласындағы еңбегіміз қашанда жемісті болсын.

Жаңагүл БОЛЫСБЕКОВА, Алматы қалалық №164 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Рекомендовать
Последние новости