Қазақстанда бағасы негізсіз жоғары көрсетілген мемлекеттік сатып алулар автоматты түрде қабылданбайды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі конкурстық құжаттаманы әзірлеу барысында болады. Бұл кезде тауарларға қойылатын талаптар әдейі күрделендіріліп, олардың құны қолдан жоғары көрсетіледі. Қазіргі кезде мұндай заңбұзушылықтар тәуекелдерді басқару жүйесі мен мемлекеттік аудит органдары арқылы қолмен тексеру нәтижесінде анықталып отыр.
Бұл процесті автоматтандыру мақсатында Қаржы министрлігі баға деректеріне байланған ұлттық тауарлар каталогын әзірлеп жатыр. Аталған жүйе іске қосылған соң, құны аномальды түрде жоғары мемлекеттік сатып алулар автоматты түрде бұғатталып, орналастыруға жіберілмейді.
