OrdaMed АҚ басқарма төрағасы Еркін Ділімбетовке іздеу жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында ақпарат жарияланды.
Бағдарлама дерегіне сәйкес, Еркін Ділімбетовке қатысты іздестіру ісі кеше, 28 қаңтарда Астанада тіркелген. Іздеуге бастамашы болған - ҰҚК. Іздестіру жұмыстарын ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі заңсыздықты әшкереледі.
ҰҚК мәліметінше, OrdaMed АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар екені туралы жалған құжаттарды пайдаланып, халыққа аса қажет 28 медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференция алған.
"Алайда дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген. Салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келді. Тінту шаралары барысында OrdaMed АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монета тәркіленді. Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы үлестеріне тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен OrdaMed АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды.
