Айтбек Амангелді Талғарда төбелес кезінде қаза тапқан баланың отбасына адвокат жалдап берді

Көркем Алдабергенова 08 окт. 2024 16:57 2231

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Талғардағы төбелесте қаза тапқан жасөспірімнің отбасына тегін адвокаттар беруді ұйымдастырып берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Alash.kz ұлттық порталына сілтеп. 

“Біз отбасыға тегін қызмет көрсетуге келіскен үш адвокатты ұсындық. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, адвокаттар құқық қорғау органдарымен бірге зардап шеккендерден сұрақ-жауап алуда. Іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Жанжал кезінде жігіттің әкесі мен ағасы да зардап шеккен”, – деді Амангелді.

Отбасына Асқар Қаймақов, Карина Көшербаева және Марал Жайлаубаева есімді адвокаттар көмек көрсетуде. Іске құқық қорғаушы Саида Тәуекелова да қосылды. Ол оқиғаның куәгерлерін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді ол.

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Ресми ақпаратқа сүйенсек, барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

“Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды”, - дейді Алматы облысының полиция департаменті.

Мәліметке сәйкес, жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатысын анықтау үшін тергеу шеңберінде тексеру жүргізілуде.

“Әрқайсына жеке құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабарланып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, - деп мәлімдеді полиция өкілдері.

 


Рекомендовать
Последние новости