Аймақ тұрғындарын баспанамен қамту ел экономикасының ілгерілеуіне қалай әсер етеді?

Асхат Қойшығараұлы 09 июн. 2024 15:01 4033

Биылғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар бергені есімізде. Оның ішінде ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын іске қосу, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін ұлғайту сынды игі бастамалар да бар. Мұнымен қоса, Үкіметке Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткішке айналатын 12 мың шақырымнан кем емес жолды жөндеу-құрылыс жұмыстарымен қамту тапсырылды. Халықтың әлеуетін көтеруді көздейтін өзге де мәселелер алқалы жиында сөз болған. Ал Мемлекет басшысының осынау тапсырмалары аймақтардың ілгерілеуіне қалай әсер етеді?

Ал ауыл тұрғындарын баспанамен қамтудың жаңа бағдарламасына келсек, белгілі экономист Расул Рысмамбетов бұл бастаманы өте қажет деп санайды. «Көбінесе облыстардың тұрғындары үлкен қалаларға көшуге мәжбүр болып жатады. Мегаполистердің толып кетуіне жол бермеу үшін бұл бастама өте маңызды. Рас, үлкен қалаларда жаңа аудандар қосылып жатыр, бірақ оларда жалға берілетін тұрғын үйлер ұсынылмайды. Аймақтарда баспаналы болудың мүмкіндіктері көбейсе, бұл ұзақ уақыт бойы еңбек миграциясын жеңілдетеді деп ойлаймын», - дейді сарапшы.

Экономист Ғалымжан Айтқазин тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуы бірінші кезекте мақсатты болуы керек деп есептейді. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің нарыққа бұлай араласуы сұраныс, ұсыныс және баға белгілеу факторларына кері әсерін тигізеді.

«Бірақ бұл іс жүзінде қалай болады деген сұрақ туындайды. Мысалы, бұл бағдарламаны алушылар шеңберін шектейтін механизмдерді енгізу тұрғын үй нарығында қарқын тудырады», - деп түсіндірді экономист. Ол тұрғын үй бағдарламасының базалық мөлшерлемелері ақша-несие саясатына сәйкес болуы керек екенін де атап көрсетті. Егер мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 пайызбен баспана берілсе, ал инфляциямыз 20 пайыз болса, бұл, әрине, мүлдем дұрыс емес және нарықтағы ақшаның құнын бұрмалайды, яғни базалық мөлшерлемемен байланыстыру керек.

Ал жаңа қолжетімді ипотекалық бағдарлама Қазақстанда қалай жұмыс істейді? ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, 2023 жылы елімізде 17 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл бұл көрсеткіш 18 миллионға жетуі мүмкін. «Осы ұлғаюды қамтамасыз ету үшін бұрын бекітілген жоспарларға қосымша тағы 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй қостық. Дәлірек айтқанда, жалға берілетін тұрғын үйді бірнеше есеге ұлғайту туралы Президент тапсырмасын орындауымыз керек. Осы мақсатқа қосымша 272 миллиард теңге қарастырылды», - деді министр.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының «Қолжетімді баспана» жаңа бағдарламасын іске қосу туралы тапсырмасына тоқталып, ол 1 мамырдан бастап жұмыс істей бастағанын атап өтті. Бұл үшін 300 миллиард теңге қаралған. Бағдарлама «Отбасы банк» базасында жүзеге асатын болады. «Бұл қосымша 12 мыңға жуық мұқтаж шаңырақты баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға бірінші кезекте «Отбасы банкінің» салымшылары ғана емес, басқа санаттағылар да қатысады. Атап айтқанда, тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар, жас отбасылар, моноқалалардың, аудандардың, ауылдардың тұрғындары үй алуына мүмкіндік туды. Кезекте тұрғандарға – 7 пайыз, ал қалғандарына 9 пайызбен ипотека рәсімделеді», - деді Нұрлан Байбазаров.

Ол сондай-ақ тұрғын үй банктің тұрғын үй қорынан сатылатынын, мұнда құрылыс компаниялары мұқият іріктелетін жобаларымен келетінін жеткізді. Баспаналардың бағалары да нарық бағасына сай бекітіледі.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев президенттің барлық тапсырмалары дер кезінде берілді деп есептейді. Маман жаңа ипотекалық бағдарламадан үлкен үміт күтеді, бірақ оның шарттары туралы айту әлі ерте. Ең бастысы, ол өткен бағдарламалардың қатесін қайталамауы тиіс. Сонымен қатар жаңа ипотекалық бағдарлама әрбір адамды қамтитын мүмкіндігімен мемлекет қорғауында болғаны жөн. Қалғандары жалпы шарттар бойынша нарықтан пәтер сатып ала алатындай болғаны абзал.

«Жасыратыны жоқ, барлық жеңілдетілген бағдарламалардың түпкілікті бенефициары құрылыс секторы болып табылады, олар ақшаны игеріп, көрсетілген кірісті алады және біз шығындар арасындағы маржаға өте мұқият болуымыз керек. Үйдің шаршы метрінің бағасы мемлекет үшін салынып жатқан әлеуметтік нысандардағыдай, құрылыс компанияларына артық пайдаға айналмас үшін қолайлы болуы керек», - деп түсіндірді Андрей Чеботарев.

Расында, бүгінгі нақты жағдайда өз тұрғын үй кеңістігін сатып алуды әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан қазіргі таңдағы ең оңтайлы нұсқа – жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту. Бұл, ең алдымен өз үйі бар адамдардың қатарын көбейтуді қамтамасыз етеді. Аймақта қолайлы ұсыныстар пайда болса, қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлердің үлкен көлемі азаматтардың өмірін айтарлықтай жақсартады және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

 


Рекомендовать
Последние новости