Аймағамбетов: «Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері академиялық дербестікке ие болады»

Dalanews 23 нояб. 2020 09:27 1188

Биыл елімізде кәсіптік-техникалық білім саласының Қазақ жерінде пайда болғанына 80 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде кәсіптік білім саласының дамуы арқасында ел экономикасы өркендеп, жұмысшы мамандығының жаңа түрлері қалыптасқаны белгілі. Сондықтан бұл атаулы дата еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің жүріп өткен жолын, жеткен жетістігімізді саралайтын кезең десек артық айтқандық болмас еді. Осы ретте еліміздегі кәсіптік-техникалық білім жүйесінің 80 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн басқосуда бұл саланы алдағы күндерде қандай өзгерістер күтіп тұрғанын жіліктеп айтып берді.

 

«Педагог мәртебесі» заңы кәсіптік білім жүйесінің дамуына серпін береді

 Қай кезеңде болмасын, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жетілу, жаңарудан айнымаған. Қазақстан кәсіптік-техникалық білім берудің 80 жылдығына орай, онлайн басқосуда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кәсіптік-техникалық білім саласы қазіргі таңда да үлкен өзгерістерді бастан кешіп, заман талабына сай жасарып, жаңарып жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда елімізде жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін 787 білім ордасында 700 мыңнан астам жастар білім алуда. Сонымен қатар осы оқу орындарында жастарға заман талабына сай білім беріп, олардың сұранысқа лайық маман иесі болуы үшін 40 мыңнан астам ұстаз-қызметкерлер еңбек етуде. Осы бір қарапайым көрсеткіштен-ақ еліміз үшін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қаншалықты маңызға ие екенін түсінуге болады. Сондықтан осы салада бел жазбай еңбек етіп жүрген ұстаздарды 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта ел экономикасына қажетті білікті мамандарды көптеп даярлап, үлкен мақсаттардың үдесінен шыға беріңіздер, – деп Асхат Аймағамбетов сала мамандарына ақжарма тілегін арнады.

Қазіргі таңда мемлекет кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары мен онда жұмыс істеп жүрген ұстаздар қауымына барынша қолдау көрсетіп келеді. Айталық, үстіміздегі жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғанда, балабақша тәрбиешілері мен кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтер осы заңда көрсетілген игіліктерді көретін мүмкіндікке қол жеткізді. Айталық, заңға сәйкес биылдың өзінде кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерін жұмыс істейтін педагогтердің де мектептегі әріптестерінікіндей айлық жалақысы 25 пайызға ұлғайғанын айта кетуіміз керек.

– Кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелерде жұмыс істейтін педагогтер біліктілігін көтергеннен кейін, біліктілігіне сай үстемеақы ала алмай келген еді. Жалпы, бұл мәселенің көтерілгеніне он жылға таяп қалды. Әрбір кездесуде осы мәселе көтеріліп, лицейлер мен колледждерде жұмыс істейтін педагогтер біздер де мектептегі ұстаздар секілді біліктілігімізді көтергеннен кейін үстемеақы алсақ деп ойын айтушы еді. Педагог мәртебесін айқындап берген заң бойынша бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде еңбек ететін педагогтер біліктілігін көтергеннен кейін айлық жалақысына сәйкес 30-50 пайыз аралығында қосымша ақы алатын болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қабылданған бұл шешім, кәсіптік лицей мен колледждерде сабақ беріп жүрген ұстаздар қауымына үлкен стимул болды деп нық сеніммен айта аламын, – деп министр ойын ортаға салған болатын.

 

№133 бұйрық педагогтерді келеңсіздіктерден қорғайды

 Осыған дейін кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің педагогтері де мектеп мұғалімдері секілді қағазбастылық пен кәсібіне жат, мүлде басқа жұмыстарға жегіліп келгені жасырын емес. Осы ретте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов №133 бұйрығын қабылдап, мектеп пен кәсіптік-техникалық оқу орындарында жұмыс істейтін педагогтерді келеңсіз жайттардан арашалап алғанын айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда лицей мен колледж ұстаздары бар ынта-ықыласын білікті маман даярлау ісіне арнап, осы бағытта алаңсыз еңбек ету мүмкіндігіне ие болды.

Осы ретте ең маңызды дүние ретінде «Жас маман» жобасы бойынша еліміздегі 180 колледжге заман талабына сай құрал-жабдықтар сатып алу үшін мемлекетіміз 56 млрд теңге бөліп отырғанын айрықша атап айтуға болады. Жаңа құрал-жабдық алған кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері осы жабдықтарға сәйкес білім беру бағдарламаларын да жаңартып, бәсекеге қабілетті маман дайындау мүмкіндігіне ие болатынын айта кетуіміз керек. Бұл өз кезегінде ел экономикасының өркендеуіне септігін тигізетін маңызды фактор десек болады. Заман талабына сай маман дайындағаннан кейін еліміздегі шетелдік компаниялар сырттан маман тартуды барынша қысқартатын болады. Шетелдік мамандардың орнын отандық кадрлар басатын болады.

Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің 80 жылдық мерейтойына орай өткен онлайн жиында Асқар Аймағамбетов қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерге ЖОО секілді академиялық дербестік беру мәселесін ҚР Парламенті Мәжілісінде талқыланып жатқанын алға тартты.

– Біздер осыған дейін еліміздегі ЖОО-ға академиялық дербестік берген болатынбыз. О баста бұл бастамаға сын айтушылар болған. Бірақ сол кезде қабылданған шешімдердің өзін ақтағанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда ЖОО басшылары академиялық дербестік беру мәселесін кеңейте түсуге қатысты өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр. Бұл білім саласын өркендету үшін маңызды мәселе деп білемін. Алдағы уақытта біздер кәсіптік-техникалық білім беру колледждеріне де академиялық дербестік беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары министрліктің белгілеп берген типті бағдарламасына сәйкес жастарға білім беріп жатыр. Егер колледждерге қатысты да академиялық дербестік беру мәселесі қабылданатын болса, колледждер жергілікті жердегі кәсіпорындармен бірлесіп, білім бағдарламаларына маңызды өзгерістерді батыл түрде енгізетін мүмкіндікке ие болады. Мұндай жағдайда кәсіптік-техникалық маман даярлайтын оқу орындарының жастар мен бизнес құрылымдар алдындағы жауапкершілігі арта түсетін болады. Егер колледждерге де академиялық дербестік беру мәселесін реттейтін заң қабылданса, келешекте еліміздегі білікті маман даярлайтын оқу орындары өздерінің білім бағдарламаларын қабылдап, қажет кезінде оған өзгерістер енгізетін мүмкіндікке ие болады, – дейді министр.

 

Академиялық дербестік не береді?

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша Парламентте қаралып жатқан заңда кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелердің базасында қосымша қаржы табу мәселесі. Айталық, колледждерде аспаздар, дәнекерлеушілер дайындайтыны белгілі. Жастар колледждің өндірістік базасында түрлі тағамдар мен түрлі заттарды дәнекерлеп, нақты өнім шығарады. Алдағы уақытта осы колледждер осы өнімдерін сатып, өндірістік базасын нығайту мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Бұл өте өзекті мәселе. Кез келген материалдық игілік білім беру мекемесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні белгілі. Dalanews.kz сайты осыған дейін Түркістан облысындағы Д.Қонаев атындағы колледждің түлектері шағын трактор, түрлі ауыл шаруашылығы құрылғыларын құрастырғанын жазған болатын. Егер осындай дайын өнімдерді коммерциялауға жол ашылатын болса, еліміздегі колледждер өздері қомақты қаржы тауып, жаңа белестерді бағындыратыны анық.

Сондықтан бұл бағытта министрліктің колледждерге де академиялық дербестік беру мәселесін көтеріп, оның аясында көптеген маңызды мәселелерді шешуге күш салуы өте орынды бастама деп бағалауға болады.

Кәсіптік білім беру саласының дамуына ықпал ететін тағы бір маңызды жайт – қаржыландыру мәселесі. Осыған дейін жергілікті жердегі білім басқармалары өз аймақтарындағы колледждерде қанша маман қабылданатынын белгілеп, министрлікке жіберетін. Өз кезегінде министрлік білім басқармалары жіберген ұсынысы негізінде мемлекеттік оқу орындарын қаржыландыратын-ды. Алдағы уақытта кәсіптік-техникалық оқу орындарын қаржыландыру ісі қаралып жатыр. Яғни қандай да бір кәсіптік мамандық меңгергісі келген жастар мемлекеттің арнайы грантын жеңіп алғаннан кейін, сол мамандық бойынша терең білім беретін колледжде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Қаржыландырудың бұл жүйесі енгізілісе, еліміздегі кәсіптік-техникалық мамандар даярлайтын оқу орындары арасында әділ бәсекелестік пайда болып, орта буынды оқу орындардың бәрі білікті маман дайындауға баса мән беретін болады.

Кәсіптік-техникалық білім берудің 80 жылдың мерейтойы аясында еліміз бойынша 500-ден астам педагогтар мараптталып, өздерінің еңбектеріне сай құрметке ие болғанын айта кетуіміз керек. Кәсіптік білім заман көшіне сай ұдайы дамып отыратын сала екенін ескерсек, бұл саланың ұдайы заман талабына сай дамып отырғанын қалаймыз.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

Рекомендовать
Последние новости