Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар?

Dalanews 06 апр. 2018 04:55 846

Бірде, Бауыржан Момышұлы пойызбен жол жүріп келе жатып, Еңбек Ері жұлдызын омырауына таққан бір кісімен сапарлас болыпты.

Пойыз қозғалып, ұзақ жолға бет алған кезде Баукең: 

– Ал, енді таныспаймыз ба, бір үйге тіреу болғандай бой-сойыңыз бар екен, кім боласыз? – депті. 

Баукеңнің сөзіне бейтаныс қазақ ыңырана жауап беріп: 

– Кім екенімді көрмей отырсың ба, Герой боламын! – дейді. 

Бұл жауап Баукеңе ұнамайды да, қатқылдау үнмен: 

– Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? – деп сұрайды. – Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін! – депті бейтаныс қазақ. 

Сонда Баукең: 

– Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар. Герой атағын саған емес, жүз биеге жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді. Текке мақтанып отырсың. Ал, мына мен Москва түбінде – Волокаламск тас жолында қалың жауды жайратсам да, омырауыма бір де медаль таққаным жоқ. Бірақ, халық қойған Батыр атағым бар! – деген екен. 

Осы сөзді естігенде, бейтаныс қазақ қорбаңдап орнынан атып тұрып: – Ах, Баукең екенсіз ғой, ағасы менен бір әбестік кетті, кешіріңіз! – деп, Баукеңнің қолын алған екен дейді. 

Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек


Рекомендовать
Последние новости