Әйелдің ішкен ішімдігі бойынан мәңгіге кетпейді — белгілі актер

Қаракөз Амантай 21 апр. 2025 10:36 2019

Қазақстандық актер әрі асаба, “Күлкі базар” театрының жетекшісі Ғалымжан Қалыбаев әйел адамдардың ішімдік ішуіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Актердің айтуынша, ер адамның ішкен ішімдігі 40 күн ішінде денеден толықтай шығып кетсе, әйел адамның ағзасынан ол мәңгілікке кетпейді.

“Арақ ішкен ер адамның бойынан 40 күнде спирт шығып кетеді. Ал әйелдің бойынан ол мәңгіге сіңіп қалады. Өйткені ер адам топырақтан, ал әйел ет пен сүйектен жаратылған. Ғалымдар арнайы тәжірибе жасап көрген: бір ыдысқа топырақ, екінші ыдысқа ет салып, үстіне спирт құйып, бетін жауып қойған. Бір аптадан кейін қараса, ет шіріп, жарамсыз болып кеткен, ал топырақ спиртті сіңіріп, өздігінен тазарған. Әйел еттен жаралғандықтан, ішімдік оның бойынан кетпейді”, – деді Қалыбаев “Жағың сынса да, сағың сынбасын” атты подкастында.

Ол сонымен қатар ішімдік ішкен әйелдің болашақ ұрпағына зияны тиетінін де айтты.

“Әйел 100 грамм ішті ме – соның өзі жеткілікті. Егер сен сондай әйелді жар етсең, ішімдік оның бойында қалып, кейіннен балаларыңа зардабын тигізеді”, – деді актер.

Желі қолданушылары бұл пікірге әртүрлі көзқарас танытты. Бірі Қалыбаевтың сөзін қолдаса, енді бірі ғылыми дәлелсіз тұжырым екенін алға тартып, сынға алды.

Еске салайық, бұған дейін актер көп әйел алуға тыйым салу туралы бастамаға қарсы екенін де жеткізген еді.

“Менің пікірім теріс. Мен ғана емес, бүкіл халық айтылған сөздерге қарсы болып жатыр. Бүкіл демей-ақ қояйын, 99,9 пайыз халық қарсы. Қолдап отырғандар да бар шығар. «Көп әйел алуға тыйым салу керек» деп еді, әйелдердің жаны кіріп қалды. Олар ар жағын ойлап отырған жоқ. Атам қазақ «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп айтады. Ер адамның 10 жылға, 20 жылға, 50 жылға қойған жоспарын әйел адам ойлай алмайды. Оның бүгінгі тамағы, ертеңгі шайы болса, ар жағын ойлай алмайды. Алла солай жаратқан, мен кемсітіп жатқан жоқпын. Әйел заты – кеміс, жарымес деп отырған жоқпын. Ата-бабам соны көріп, бекер айтқан жоқ”, – деді актер.

Сондай-ақ, ол көп әйел алуға тыйым салудың салдары туралы да өз болжамын жеткізді.

“Әйелдердің жаны кіріп отырғаны, бір күйеуі өзіне қалатын болды. Күйеуін баласы секілді меншіктеп алды. «Күйеуім өзімдікі, ешкіммен бөліспеймін» деп отыр. Есесіне, ертең жезөкшелер көбейеді. Бір жыныстылар мен зина көбейеді. Рас қой. Сосын қытайға, кәпірге, үндіске, қара нәсілдіге тұрмысқа шығу басталады. Мен алмасам, сен алмасаң, ол байғұс қыздар қайда барады? Отырып қалған қыздар, жесірлер, ажырасқан әйелдер қайда барады? Кім алады? Нәзік жандылар ғой олар. Қорғауымыз керек қой. Солар барады да, қытайға тиеді, басқаға тұрмысқа шығады”, – деді ол.

Қалыбаевтың айтуынша, бұл жағдай ұлт болашағына қауіп төндіреді.

“Сосын солардан туған бала азаматтық алады. Қызық сол кезде басталады. Атам қазақ «Жиен – ел болмас, желке – ас болмас» деген. Жиен ешқашан ел болмайды. Жиен менің тегімді алмайды, менің мүддемді қорғамайды. Қазақ болса, дұрыс. Қорғасын! Ал ертең 50 млн қытайдың жиені келіп, қазақты елінен бездіріп жібереді. Ертең шығайын деп отырған заң – көп әйелді тоқтату керек дегенім осы. Мен түбегейлі қарсымын. Мен президент болсам, «Қазақтың қыздарына қамқор болыңдар» дер едім. Ажырасып кету, қайта үйлену болады”, – деді Ғалымжан Қалыбаев.


Рекомендовать
Последние новости